КЕЛЕС АУДАНЫНДА НЕЙРОХИРУРГИЯ САЛАСЫНДА ТЫҢ ОТАЛАР ЖАСАЛАДЫ

316

Келес аудандық ауруханасына жаңа нейрохирургиялық аппарат алынды. «Электрокраниотом» атты аппаратпен алғаш рет аудандық ауруханда бас мидың ауыр жарақатымен түскен науқасқа күрделі ота сәтті жасалды. Күрделі отаны аурухананың белгілі нейрохирург дәрігері Ғалымжан Берданов өткізді.

«Аталған аппараттың артықшылығы ота уақытын едәуір қысқартып, науқастың ертерек аяққа тұруына жол береді. Мұндай ота бұрын тек облыс деңгейінде жасалатын болған. Науқас ауыр халде кома жағдайында түскен, алдын ала емдік — диагностикалық әрекеттерден кейін отаға алынды. Бас миынан көп көлемде ұйыған қан алынып, ота сәтті өтті» — дейді Келес аудандық ауруханасының нейрохирург дәрігері.

Алдағы уақытта аудан халқының денсаулығын қорғау мақсатында бұдан өзге заманауи құрал саймандармен қамтамасыз ету жалғасады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі