ЖЕҢІМПАЗДАР ҚОШЕМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Көреген дана халқымыздың бағы мен бақытына жауырыны жер иіскеп көрмеген алып күштің иесі атанып, қазақ халқының атағы мен абыройын көкке көтеріп, даңқын аспандатып, әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік қаны тамып, өсіп-өнген киелі өлкеміз Құдайға шүкір, әрісі әлемдік дүбірлі додаларда топ жарып, жеңіс туын желбіретіп жүрген іріктелген сайдың тасындай сайыпқыран спортшылардан кенде емес.
Дүбірлі жарыстарда қуанышты мерейімізді тасытып, мәртебемізді биіктетіп, ел намысын арқалап жүрген осындай жампоз жігіттердің қатарына Жолдасбек Бектұрсынов пен Қалмұхан Тұрмаханбетті қоссақ қателеспейміз.
Тұла бойларынан жеңіске деген құштарлық атойлап тұрған қос жерлесіміз белбеу күресінен өзбек елінің Наманган қаласында 8-11 қыркүйек күндері аралығында өткен әлем чемпионатында Қалмұхан бауырымыз 58 келі салмақта күш сынасып, әлем чемпионы атанса, +100 келі салмақ дәрежесінде бағын сарапқа салған Жолдасбек қола жүлдені қанжығасына байлап, тілеулес жерлестерін шынайы жеңістерімен қуантқан еді.
Бүгін киелі өлкемізге спорттағы зор жетістіктерімен шаттанып оралған қос жеңімпазды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі алдында ерекше сый-құрмет, қошемет көрсетіп құшақ жая қарсы алды. Бұған дейін де талай-талай жарыстарда топ жарып, өздерін бабы келіскен мықты спортшылар екендерін жеңістері арқылы дәлелдеп жүрген Жолдасбек Бектұрсынов пен Қалмұхан Тұрмаханбетті құттықтаған аудан әкімінің орынбасары жеңімпаздарды арғымаққа мінгізіп, алдағы уақыттарда да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік ниеттерін білдірді.