ЖАҢАТАЛАП САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛУДА ЖӘНЕ 2 ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын алабында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады.
Былтыр елдімекеннің 6 мыңнан астам тұрғыны ауыз сумен қамтылған болатын. Ендігі кезек сапалы электр қуатында.
«Жаңаталап» подстанциясы құрылысының 90% аяқталған.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 42,2 шақырымға электр желілері тартылуда, аяқталу мерзімі — қазан айының соңына жоспарланған.
Шаһар басшысы ауыл ақсақалдары мен қоғам белсенділеріне құрылыс жұмысымен қатар абоненттеу жұмыстарының жүргізілуіне жергілікті тұрғындарды жұмылдыру керектігін айтып өтті.
— Абоненттеу, ескі жүйені жаңа жүйеге қосуға да уақыт кетеді. Сондықтан құжаттарды қазірден бастап дайындауға кірісіңіздер. Ал жұмыстың мерзімінде және сапалы орындалуы біздің бақылауымызда,-деді әкім.
Бұдан бөлек биыл 2 көше, атап айтқанда 1,5 шақырымды құрайтын Жұманов және Айдарқұл көшелеріне жарық орнатылуда. Әзірге жұмыстың 20%-ы орындалды.
ЖАҢАТАЛАПТА 2 ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Үшінші мегаполисте халық санының өсуімен қатар, балалар ойын алаңшасына деген сұраныс артуда.
Жайлы орта қалыптастыру бағдарын ұстанған Шымкенттің Жаңаталап тұрғын алабында бүгін 2 ойын алаңшасы ел игілігіне берілді.
Жұмыс барысымен танысқан қала басшысы, ойын алаңшасына орнатылған құрылғылардың сапасын тексеріп, қосымша жұмыстар бойынша мердігер мекеме және тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктесе, тұрғындардан өз алаңшаларын күтіп ұстауды өтінді.
Жалпы биыл Абай ауданы аумағында 15 спорттық және 17 балалар алаңшасы халық қатысатын бюджет бағдарламасы аясында салынды.
Бұдан бөлек биыл 2 көше, атап айтқанда 1,5 шақырымды құрайтын Жұманов және Айдарқұл көшелеріне жарық орнатылуда. Әзірге жұмыстың 20%-ы орындалды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі