ҰСТАЗДЫҢ РҰҚСАТЫ

347

–Жігіттік қылшылдаған кезім. Алматы медицина институтының екінші курсындамын. Студенттік өмірге бейімделіп қалғанмен бір бүйрек ауылға тартып тұратын. Ал, сессия біткенше біршама уақыт бар. Оны күтіп сарылғанша, ретін тауып, ауылға бір барып қайтқан пайдалы көрінеді. Бірақ мединститутта сабақтан қалу кешіріле бермейді. Сондықтан, ұстаз студентті сабақтан бей-берекет босатпайды, – деп әңгімесін бастады Денсаулық сақтау ісінің үздігі, белгілі дәрігер, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Қалаш Басқожаев өткеннің оқиғасын еске алып.

…1965 жыл. Күз айы. Алматының ағаштары жалаңаштанып, жапырағы сарғыш тартып, қоңыр салқын ауасы денені сергітіп, табиғат түлеп жатқан. «Сәті келген істің салмағы жеңіл» дегендей, бірер күнде 7 Қазан мерекесі. Тамаша!

«Қазан Революциясы» деген мереке қандай еді, орталық алаңда халықтық шеру өтеді. Мерекеге байланысты ел екі күндей дем алады. Мен осыны сылтауратып, ауылға барғым келді. Бірақ… иә бірақ, сабақтан босата қойса…

Хирургия сабағын аспирант Мұхтар Әлиев жүргізеді. Тұйық, ешкімге ашыла қоймайтын жұмбақ жан, сабақтан сұранғанды сүймейді, ептеп қаталдығы тағы да бар. Басын төмен салып отырса да аудиторияның ауанын аңғарып қояды. Ешкім қыбыр етпейді, шыбынның ызыңы ғана сезіледі.

Сабақтан соң жанына жақындап бардым. Ауылдас, әрі ағайын ағам болса да сыпайылық сақтап: «Ағай, ауылға баруым керек болып тұр. Екі күн демалысты пайдаланып…»,– деп сөздің аяғын жұтыңқырап, сұрандым. Ол бетіме бажырая қарады.

  • Қай ауылдан боласың?
  • Жаңақорған ауданының Кеңес ауылынан.
  • Ол алыс ауыл ғой, екі күн саған жете қоя ма? Дегенмен барып қайт, елге сәлем айтарсың! – деді де, жүзі жылып, ізетпен ғана басын изеді.

Шамасы, туыстығымды таныды. Бауыр екенімді білді. Ал, мен өмірдегі ең бақытты студентпін, рұқсат алғаныма мақтанып, шаттанып тұрмын. Өйткені өзгелерге мұндай бақыт бұйырған жоқ.

Сонымен ауылға тартып кеттім. Ауылға келген соң тағы бірер күн қосып, достардың ортасында асыр салып, Алматыға жеттім.

Ол кешіктің демеді. Дым білмегендей жүре берді. Есесіне каникулдан қайтқан сайын: «Ел аман ба? Шал жақсы ма?» деп сұрап тұратын болды. Оның «шал» дегені ауылдың абызы Исатай Топышев еді. Исекеңді өз әкесіндей қатты құрметтейтін».

Өткеннің өнегесі өшпейді ғой. Арада 57 жыл өтсе де сексендегі Қалаш көке бұл кездерді күні кеше болғандай ұмытар емес. Майталман Мұхтар Әліұлының өмірінен бір дерек осылай өрбіді.

 

МҰХТАРДЫҢ МЕШІТІ

немесе ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗ

Лауазымды қызметте жүрген даңқты дәрігер Мұхтар Әлиевтің мүмкіндігі жылына бір, кейде араға екі-үш жыл салып, сәтімен елге келеді. Ол келеді дегеннен ауылдың тайлы-тұяғы түгел жиналады. Облыс басшылары Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаев қарсы алып, тарихи тұлғаға құрметпен қарайды.

Мұхтар көкенің келуі де тегін емес. «Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл» деген мақсатпен әкесі Әлі мен анасы Құндыздың әруағына тағзым жасайды. Зираттың айналасын тазалайды, киіз үй тігіп, ағайынның басын қосып, ас береді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Өтпелі кезең. Дүкен сөресі тып-типыл. Ас-ауқат тапшы. Күнкөріс қамымен ел жан-жаққа кезіп кеткен көлеңкелі шақ. Осындай аумалы уақытта академик Мұхтар Әлиев ауылға келе қалды. Жұрттың пейілі дархан ғой, жарты әлемді жұмырында ұстағандай дастарханға тапқанын төгіп, ыстық ықыласпен күтіп алды. Ұлан асыр той басталды. Қазақтың қайраткер ұлының қолын алып, бір ауыз тілдескенге арзу ағайын оны қаумалап алды. Атағы жер жарардай азаматын кім жек көрсін, бірі ырым етіп, бірі тұғыр санап, әйтеуір әлеуметтің әрекетінен түрлі ниет ақтарылып жатыр. Азаматтығы, лауазымы бір төбе, ал, ғаламат ғалым ретінде ҚазКСР ҒА, Халықаралық шығармашылық академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Нью-Йорк ғылым академиясының, ГФР Медициналық білім беру академиясының академигі деген атақ-абырой иесіне ілтипат ерекше.

Той тарқап, кісі аяғы басылған соң Мұхтар көке аудан ақсақалдарымен оңаша қалды. Олардың ортасында ортақ мүддені әңгіме етпек.

  • Ал ағайын, қалдарыңыз қалай? Тіршілік қалай? Қандай мәселе бар? – деп академик ақсақалдарға мойын бұрды.
  • Мұхтар інім, ауылда бес-алты шал қалды. Келешекті ойлап, уайым жейміз. Жастар ішімдікке бейім болып барады. Имандылық шеттеп, адамгершілік аяқастыға айналды. Алда-жалда ажал алса, арақпен арулап қоя ма деп қорқамын. Сенің қолың ұзын, мүмкіндігің мол. Ауылға бір мешіт керек. Баршамыздың үмітіміз осы, – деді колхоз ісінің ірі ұйымдастырушысы, ел қара шал атаған Исатай Топышев.
  • Жөн екен. Ел тілегі мешіт болса, мен қамданайын. Көптің көкейіндегі мәселені орындауға тырысамын, – деп қысқа қайырды.

Кеңес ауылы – Қаратаудың етегіндегі байырғы елді мекен. Мұхтардың – атақонысы. Әкесі Әлі осы ауылда туылған. Беріректе Бөртескенге көшіп, 24-інші разъезде теміржол саласында еңбек етті. Теміржол еңбеккерлері соғысқа жіберілмей, сол негізбен әкесін броньмен алып қалды.

Шынында, дінге берік Жаңақорған ауданында екі-ақ мешіт бар болатын. Бірі – Құмсаба, екіншісі – Өзгент мешіті. Құдай қаласа, үшінші мешітті Мұхтар көке салдырмақ.

Сонымен көп уақыт өтпей мешіттің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жан-жақтан құрылыс материалдары жеткізіліп, қызу қолға алынды. Шындап кіріссе, шаруа өз ырғағын таба береді. Бұл да солай, ешбір кідіріссіз жүрді. Тіпті, күткендегі уақыттан да ерте бітті.

Кеңес үкіметі тарқамай жатып, мешіт салдырудың өзі бір ерлік болса, коммунистік жүйеден жасқанбай, одан қалды қызметтік лауазымынан айырылып қалудан қаймықпаған Мұхтардың межесі мәрттік еді.

Иә, мешіт әп-сәтте-ақ салынды. Ауылға құдай үйі салынды деп қуанған халықтың көңілі шексіз. Әрі имандылықты қорғап, әрі ауылға ажар беріп, кіре-беріс қақпадан биік мұнарасы мен мұндалап тұрды. Мәре-сәре ел ас берді, әруақтарға арнап дұға оқылды. Енді мешітке ат беру қалды. Кейбіреу «Мұхтар Әлиев мешіті» деп атауды ұсынды. Оған академик, Халық қаһарманы қарсылық білдірді.

  • Ең дұрысы, Сыр бойына имандылығымен, әулиелігімен әйгілі Құрбан ата есімі лайықты. Бабаның қасиеті жаңғырса, мен ризамын!– деді Мұхтар көке.

Осылай Бесарық ауылдық округінде мешіт ашылды. Мұнан кейін Құрбан ата атындағы мешіт Жетісай ауданында да салынды. Жалпы, Жаңақорған ауданында қазір 37 мешіт бар. «Құрбан ата» мешіті алғашқылардың бірі ретінде салынғанын ел аузынан тастамайды.

Бұл – Мұхтардың мешіті, яғни перзенттік парызы еді.

 

КӨКЕМНІҢ КӨМЕГІ

Жақсының соңынан жылы сөз естіліп жатады. Бұл –заңдылық. Ол өмірден өтсе де, өнегелі жолы сананы сілкіп тұр. Сондай естелік Сарыағашта туды.

Ақпанның аязы қайтып, көктемнің лебі cезіле бастаған. Жердің тоңы сөгіліп, көктің төбесі қылтиып қалған. Күннің құдіреті қоршаған дүниені иелігіне алған осы бір жаймашуақ шақта медицина ғылымдарының докторы, профессор Болат Қазымбет бір топ бауырын «КА» шипажайына демалуға шақырды. Ішінде қоғам қайраткері Керім Пірімқұл, сатира сардары Көпен Әмірбек, белгілі журналист Ілесбек Байжанов және Қаныбек Әбдуов бар. Жан-жақтан жиылған азаматтар құдды басы қосылған бір үйдің баласындай болды да қалды. Таңғы, кешкі серуен, ол аз болса әңгіме-дүкен құрып, дастархан басында ұзақ отырады. Ортасын қыран-топан күлкіге орап, таңдаулы топты әсерлі әңгімеге тәнті ететін Көпен көкем бұл жолы салмақты сөз бастады. Өзі жайлы. Жо-жоқ, академик Мұхтар Әлиев туралы. Оның бауырмалдығын, дәрігерлік даралығын тілге тиек етті. Біз ұйып қалдық.

  • Ауылдас қарындасым көшеде кездейсоқ ұшыраса қалды. Ол қалада медбике болатын. Жөн сұрасып болғанша қарындасым: «Аға, біздің емханаға заманауи УЗИ аппаратын әкелді. Алғашқы көрінген кісіге тегін. Денсаулығыңызды тексеріп алыңыз, жүріңіз»,– деп қолымнан сүйрей жөнелді. Қарындасымның қолқа салған ниетін аяқасты етпейін дедім де ере бардым. Шынында, керемет техника екен. Адамның ішкі құрылысын бір сәтте түгел тексеріп, қорытындысы ертең белгілі болатын болды.

Ауылдағы інімнің сенбі күні үйлену тойы өтпек. Соған баруым тиіс. Ертең жұма, жолға дайындалып отырмын. Билет қолда, қалғанын бара көрермін. Кенет үй телефоны безектеп кетті. Тұтқасын алғаным сол кешегі медбике қарындасымның жан дауысы шықты.

  • Аға, жедел емханаға жетіңіз!

Ойымда ештеңе жоқ, тұра шаптым. Барсам, көзі жәудіреген қарындасым бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты.

  • Сізге бүгін-ертең ота жасамаса болмайды. Дертіңіз қауіпті.
  • Ой айналайын-ау, мен Шымкентке пойызға билет алып қойғанмын. Кешке пойыз, бауырымның тойы күтіп тұр.
  • Той қашпайды, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Ал, өмір онан қымбат!

Қапелімде мына күйімді кімге айтып, кімнен шипа таба қоямын. Сасып қалдым. Қарындасымның жаны ашып, шыр-пыры шығып жатыр. Мұндайда уақыт неткен жылдам еді, кеш түсіп барады.

Ойыма Мұхтар ағам түсе қалды. Дереу таксиге отырып, Сызғанов атындағы клиникаға қарай тарттым. Өкінішке орай жұмыс уақыты бітіп, дәрігерлер үйді-үйіне қайтып кеткен сыңайда. Мұхтар ағам да солай.

Шыны керек, ол кісіні сырттай білгенім болмаса, дұрыс танымаймын. Ол мені екі бастан білмейді. Бірақ қу шыбын жан амалсыз апарып тұр ғой.

Кезекші дәрігер: «Клиникаға жазылып, кезекке қойылғансыз ба? Тізімде бармысыз?»– деді ой сан-саққа жүгіріп тұрғанда.

–Мен Мұхтар Әлиевтың інісімін. Үй телефонын беріңіз…

–Ағаңыз болса, телефон нөмерін сіз қалай білмейсіз?

–?..

Бір жағынан дертті ойлап, тұла бойым тітіркеніп, бір жағынан ағамен кездесуге үлгермегеніме күйініп тұрмын. Адам қатты қысылғанда өзін қоярға жер таппайды ғой. Тепсініп қоямын. «Жыртық үйдің де құдайы бар» дегендей, күйзелген күйімнен бірдеңені білгендей бір күш жібермей, мені байлап тұрды.

Кенет, иә кенет клиниканың бау-бақ беті бөлігіндегі қосалқы есігінен Мұхтар ағам кіріп келеді. Ол кісі табиғатты аялауға, ағаш-гүл өсіруге құмар, жұмыстың аяғында бір ауық бақ ішін аралап, қайту әдеті екен. Жаппарқұлға жан керек, мен тұра қалып жабыстым.

  • Көке, көмектесіңіз. Мен Көпен Әмірбекпін.

Ол диванға отыра кетіп, УЗИ сараптамасын ұзақ қарады. Менің көзіме терең үңіліп, ішкі органдарды алақанымен сипалап көрді. Сөйтті де кезекші дәрігерге: «Мына кісіні таңертеңгі бірінші операцияға дайындаңыз. Тамақ ішпесін, тиісті емін көрсетесіз» деп бұйрық берді. Маған: «Уайымдама, бәрі сәтті болады. Қазір сізді палатаға орналастырады, демалыңыз»,– деді де сыртқа шығып кетті.

Таң саз бере арпалыс басталды. Дәрігерлер каталкаға жатқызып, безілдетіп ота жасау бөлмесіне апарды. Мұхтар ағам тірі әруақтай көрінді. Үсті-басы ақ халат, ақ қалпақ, ақ бетперде. Осыдан арғысынан түк те білмеймін. Қалың ұйқыға кеттім.

Көзімді ашсам Мұхтар ағам алдымда отыр.

  • Көпен, енді өзіңді күт. Денсаулық деген өте нәзік нәрсе. Сен дер кезінде келдің, ота сәтті өтті, – деп ақылын айтты.

Сондағы қуанғаным-ай, жанымды алып қалған ағамның көрегендігі мен кәсіби шеберлігі, жанашырлығы мен бауырмалдығы есімнен кетпей қалды. Әліге дейін соны ойлаймын, – деп Көпен көкем бір күрсінді.

Көкемнің көмегі Көпеннің көкейінен сірә кете ме? Ол ұмытылмайды. Біз керемет кісінің асыл қасиетін мойындап отырмыз.