МЕДАЛЬ ИЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

247

Бүгін аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов дарынды балалар мен жастарды кешенді қолдауға арналған «Ел үміті» жобасы байқауында жеңімпаз атанған оқушыларды марапаттады.

Аталмыш жоба – әр қатысушыға қиындықтарды жеңіп, әр түрлі салада өзін жүйелі түрде дамыта алатын, көшбасшылық қабілеті бар, үйлесімді тұлға қалыптасыруға бағытталған еліміздегі жалғыз жоба. Бағдарлама негізі 5 бағыттан тұрады: кітап оқу, спорт және дене шынықтыру, дарын мен дағды, волонтерлік, ұлттық мұра. Мақсаты оқушылардың өз уақытын тиімді әрі дұрыс басқаруына септігін тигізеді әрі салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі даму үстінде болуға баулиды.

Биылғы жылы республикалық онлайн байқауға қатысып, бақтарын сынаған отырарлық дарынды оқушылар үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Білім бәсекесіндегі үлкен еңбектің арқасында Жамбыл атындағы мектеп лицейінің оқушысы Айсұлу Маханбетжан Сержанқызы қола медаль иегер атанса, Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатының оқушылары Гаухар Мүсәлі Мақсатқызы қола медаль, Нұрай Амангелді Мамрайханқызы күміс медальды жеңіп алды.

Аудан әкімінің орынбасары жеңімпаз оқушыларға және осындай дарынды балаларды тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ұстаздарға ізгі тілектерін айтып, алғысын білдірді. Алдағы уақытта да ауданымыздың мәртебесін асқақтата береді деген үмітте екендігін жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов жүлделі орын иеленген оқушыларды арнайы медаль және төс белгімен марапаттап, гүл шоқтарын сыйлады.