АУДАН ӘКІМІ АТАМЕКЕН ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

234

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту мақсатында, тұрғындармен тікелей қарым-қатынаста болу үшін Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы бекітілген кестеге сәйкес Атамекен ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуге аудан басшысымен қатар аудандық мәслихат депутаты Алладин Мырзаханов, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесі басшысы Мейірман Халықов, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары, округ тұрғындары қатысты.

Халықты толғандыратын проблемалық мәселелердің шешілу жолдары мен мерзімдерін бірігіп талқылау мақсатында өткен алдыңғы жиында 13 атамекендік тарапынан 28 мәселе көтерген болатын. Тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелердің 6-ы бүгінде өз шешімін тапқан болса, қалғандары тұрақты бақылауға алынып орындалу үстінде.

Нақтырақ айтар болсақ, өткен кездесуде айтылған елді мекендердегі жаңадан ашылған көшелерге орташа, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау, үйіргелік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету, округ аумағындағы тік дренаждарды іске қосу, санитарлық тазалықты сақтау, облыстық маңызы бар КХ-100 «ӨР шекарасы – Мырзакент – Жетісай – ӨР шекарасы» және КХ-87 «КХ-86 – Кетебай – Қараөзек – Атамекен» автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, ішкі көшелерді «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өткізу, тұрғындарға қажетті электр энергиясының тапшылығын жою мақсатында ескірген трансформаторлар мен бағаналарды ауыстыру мәселелері көтерілген болатын.

Сонымен қатар, Қоғалы елді мекеніндегі К-25-18, К-2518/1, К-2518/3, К-2518/3А, К-2518/7, К-2518/8, К-2518/9, К-2518/10 ағын су жүйелерін коммуналдық меншікке алу, тозығы жеткен К-25-12 каналын күрделі жөндеуден өткізу, Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №68 «Жібек жолы» жалпы орта мектебі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында округ бойынша стандартқа сай жасанды жол кедергілері мен тиісті жол белгілерін білім беру және әлеуметтік маңызы бар мекемелердің тұсына орнату қажеттігі де айтылған.

Осы және өзге де мәселелер бойынша айтылған өтініштер мен ұсыныстардың жүзеге асырылуын айтып, қойылған қосымша сұрақтарға жауап берген аудан басшысы тұрғындардың мәселелерінің ешбірі аяқсыз қалмайтынын, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты.

Кездесуден кейін Мұрат Болатұлы округ тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Жеке қабылдауда тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу, ауыз су, жол жөндеу, істен шыққан тік дренаж ұңғымаларын жаңарту, жеңілдетілген жанар-жағар май және минералды тыңайтқыштарды уақытылы алу, округ елді мекендерінде мәдениет және спорт нысандарын салу мәселелерін көтерді.

Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер мен ұсыныстар бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.