ЖЕТІСАЙЛЫҚТАРҒА IPO БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

154

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, инвестициялық мәдениетін қалыптастыру мен ірі ұлттық компаниялардың алдағы IPO-сы туралы хабардар ету мақсатында жиын өтті.

Кездесуде «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазпошта» АҚ өкілдері аудан тұрғындарына IPO бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді. Ал, іс-шара спикерлері қазақстандық брокерлік-дилерлік ұйымдар мен AIX және KASE қор биржаларының өкілдері болды.

Сарапшылар жұртшылықты «Самұрық-Қазына» жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялардың IPO-сының іске асырылу барысымен және бірінші IPO-кандидат – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниясы туралы негізгі ақпаратпен таныстырды.

«Қор мемлекет басшысының экономиканы мемлекет иелігінен алу идеясын толық қолдайды. Сондықтан, «Самұрық-Қазына» жекешелендіру жоспарын іске асыру аясында ҚР азаматтарын қордың портфельдік компанияларының IPO-сына қатысу мүмкіндіктері туралы кең ауқымды ақпараттандыруға бағытталған. Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған ағымдағы жоспарына сәйкес, қор тобының 30 компаниясы әртүрлі тәсілдермен бәсекелес ортаға берілуге тиіс. Компаниялардың IPO-ға шыққаннан кейінгі өмірі түбегейлі өзгеретінін атап өткім келеді. Өйткені компания листингтің жоғары талаптары мен өзінің барлық ішкі және сыртқы процестерін үздік халықаралық практикаларға сәйкес жүзеге асыруы, корпоративтік басқару деңгейін жетілдіру мен инвесторлармен белсенді өзара іс-қимыл жасауы, өзінің барлық қызметін ашық әрі жария жүргізуі бірінші кезекте. Қор бүкіл акционерлер үшін пайданы барынша арттыруға ұмтылу тиіс» — дейді «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің аға менеджері Дамир Мамытов.

Кездесуге келген қатысушылар баламалы табыс көзі ретіндегі IPO механизм тетіктері жайлы толық ақпарат алды. Сонымен қатар, спикерлер IPO және қордың жекешелендіру бағдарламасы туралы толығырақ мамандандырылған ipo.sk.kz интернет-ресурсынан білуге болатындығын түсіндірді.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.

Айта кетейік, шара ұйымдастырушылары 16-30 қыркүйек аралығында еліміздің 60-тан астам қаласында халықпен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.