«ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ – 2023»: ЖАСТАР ЖАРҚЫРАЙ КӨРІНДІ

205

Шымкент қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қазақ күресінен «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирі дүркіреп өтті. Жеңіл атлетикалық спорт кешеніндегі сайыста салмағы 90 келіден асатын, жалпы 18 балуан күш сынасты. Бұл жолы да қазақ күресінің үздік балуандарының бәсекесін тамашаладық. Жастар қарымдылығын байқатты. Әдеттегідей, қалалық қазақ күресі федерациясы, денешынықтыру және спорт басқармасы сайысты жоғары деңгейде өткізуге күш салыпты.

«Отан қорғау үшін күш те, рух та керек»

Жақсы дәстүр жалғасын тапты. Жеңіл атлетикалық манежде өткен сайыстың ұйымдастырылуы биыл да көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақ батырлары тазы ертіп, саятшылық өнерін, ұлттық салт-дәстүрімізді паш етіп жүр. Балуандар кілемге беттейтін арнайы киіз үй тігілген. Оның бәрі де ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу, қазақтың төл мәдениетін көрсетуді мақсат еткен.
Шымкент қалалық қазақ күресі федерациясының президенті Балтабай Асанов барлық жағынан қолдау көрсетіп, ұлттық спортты дамытуға атсалысып жүр. Қазақ күресі – тек спорт емес, мәдениет, тәрбие, намыс. Біздің шаһардан да ендігі кезекте «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегері шығуы тиіс. Үмітті өрендеріміз бар. Балтабай Тасболатұлы осылай дейді.
Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов, қалалық қазақ күресі федерациясының президенті Б.Асанов іс-шараның маңызы зор екеніне тоқталып, ұлттық спортқа қолдау жалғаса беретінін айтты.

– Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Шаһарда қазақ күресінен әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері жеткілікті. Сайыстың Отан қорғаушылар мерекесіне орай өткізілуінің де өзіндік символикалық мәні бар. Отан қорғау үшін күш те керек, рух та керек. Мұндай турнирлердің ұлттық спортты дамыту, нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелеуде маңызы зор, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Сонымен, әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері қатысқан сайыста жастар жарқырай көрінді. Жас қайрат Ерсұлтан Мұзаппаров бұл жолы да ешкімге дес бермей, бас жүлдені олжалады. Ерсұлтан Мұзаппаров, Әділжан Ыстыбаев, Нұрсұлтан Қожагелдіұлы, Нұрсұлтан Мыңғышов, Нұрсат Темірхан, Мейіржан Әбдімәліков сынды жампоз балуандар сайыстың көрігін қыздырды. Өткен жылы «Қазақстан барысы» турнирінде төртінші орын алған Н.Темірхан бұл жолы жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ.
Жартылай финалда Ерсұлтан Мұзаппаров пен Құдірет Досымов, Мейіржан Әбдімәліков пен Нұрсұлтан Қожагелдіұлы белдесіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Финалдық бәсекеде тәжірибелі Ерсұлтан Мұзаппаров жас дарын Мейіржан Әбдімәліковтен айласын асырып кеті. Нұрсұлтан Қожагелдіұлы биыл да үшінші орынға ие болды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов, қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов белдесулерде топ жарған балуандарды марапаттап, жерлестерімізге алдағы додаларда сәттілік тіледі. Жеңімпазға 1 миллион теңге, екінші орынға 500 мың, үшінші орынға 300 мың теңге сыйақы берілді.
«Шымкент барысы – 2023» қалалық іріктеу турнирінің жеңімпазы Ерсұлтан Мұзаппаров пен жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Әбдімәліков шілде айында Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне жолдама алды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының балуаны, әлем чемпионы Марат Байқамұров «Әскер барысы» ретінде бақ сынайды. Жалпы, шаһардан үш балуан Елорда төрінде жүлдеге таласып көрмек.

Әбдімәліковтің әлеуеті зор

Дарынды жастар өсіп келеді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 4 спорт мектепте қазақ күресінен 500-ге жуық спортшы кәсіби түрде шұғылданады. Білікті жаттықтырушылар да жетілікті.
Салмағы 145 келі тартатын Мейіржан Әбдімәліков өткен жылы қазақ күресінен әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды. Жастар арасында, аса ауыр салмақта белдескен жас дарын әлемдік сайысқа алғаш қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген-тін.

Жыл басында ғана газетімізде «Болашақта «Қазақстан барысы» турнирінде Шымкент қаласының намысын жыртар талапты жастың бірі»- деп сүйіншілей жазған едік. Мінекей, жалындаған жас қайрат көпшіліктің сенімін ақтап, қалалық іріктеу турнирінде финалға дейін жетті. Ендігі үміт – жастарда. Нұрсат Темірхан, Марат Байқамұров, Мейіржан Әбдімәліковтен күтер үміт мол.

Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев биылғы додада балуандарға зор сенім артып отыр. Спортшылар Өзбекстан, Қырғызстанда оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Қазіргі таңда дайындық кезеңдері жоспарға сай жүргізілуде. Былтыр республикалық турнирде жерлестеріміз жартылай финалға дейін жеткен еді. Енді бұл нәтижені одан әрі жақсарту міндеті тұр.