«АЛТЫН КҮЗ-2022»: ЕГІНІН ЖИНАП, МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТКЕН ШАРУАЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

219

Бүгін аудан орталығы «Даңқ» саябағында «Алтын күз-2022» ауыл шаруашылығы саласын қорытындылаған жиын өтті. Жиын аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық және жаңбырлатып суғару технологиясының көрмесі өткізіліп, асыл тұқымды мал басының түрлері тұрғындарға көрсетілді.

Бүгінгі мерекелік шарада барша еңбек адамдарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтады.

«Ауыл шаруашылығы ауданымыздағы негізгі салалардың бірі. Ата- бабадан келе жатқан бұл саланы өңір шаруалары табысты қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығындағы тың әдіс жаңбырлатып суғару технологиясын кеңінен қолданып, оның нәтижесін көруде. Біздің алдымызда өнім көлемін арттыру, асыл тұқымды мал басын көбейту міндеті тұр. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыратын боламыз»,- деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.

Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған үздік ауыл, кент округ әкімдерін марапаттады. Барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімдігі 1 орын, Қаратау ауыл округ әкімдігі 2 орын, Қарақұр ауыл округ әкімдігі 3 орын алды. Жәрмеңкеге тауар әкелуді ұйымдастырған үздік ауыл номинациясымен Құмкент ауылдық округ әкімдігі марапатталады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін озат шаруалар «Қарақұр» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы Сания Садырханова, «Қуан» шаруа қожалығының мүшесі Ержалғас Досанұлы, «Жанболат» шаруа қожалығының төрағасы Жанболат Адишов, «Атамекен» шаруа қожалығының мүшесі Ержан Асқаров, «Бабата-1 ЖШС» төрайымы Сәуле Қалдыбекова, «Құмкент» өндіріс коперативінің мүшесі Сейітмахан Берікбаев, «Сасықбұлақ» шаруа қожалығының мүшесі Қанат Қайратұлы, Қаратау ауыл округінен тұрғыны Ағажан Ақжігітке аудан әкімі салтанатты түрде алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, Түркістан облысы әкімдігі ауыл шаруашылық басқармасы «Егін шаруашылығы» бөлімінің басшысы Таңатар Жақыпбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, шаруаларды құттықтап, марапаттады. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.

Биылғы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 8 ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 10 823,4 миллион теңге болып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 939 миллион теңгеге артып отыр. Осы жылы 14275 га егіс егіліп, тапсырма 103 % орындалды. Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. Шолаққорған, Қарақұр, Созақ, Құмкент, Қаратау ауыл округінің тұрғындары жалпы 5,05 га аумақ тамшылатып суару әдісімен суарып, өнімдерін алды. Мұнан бөлек, суды тиімді пайдалану мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығы 40 гектер, «Жанболат» шаруа қожалығы 12 гектар, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 гектар, барлығы 62 га аумаққа ағын суды үнемдеу мақсатында жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты. Бүгінгі таңда егінді жаңбырлату сурағу әдісін пайдалану өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.

Осы уақытқа дейін «Болыс ата», «Нұрмағанбет» шаруа қожалықтары қарбыздарын шетелге экспортқа шығарған. Биыл да ауыл округтегі ең ірі «Б.Абдраманов» шаруа қожалығы осы істі қолға алып, Ресей мемлекетіне шығарып сатты. Жыл басынан бері 16 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 3921 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. 820 бас қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алынды. Созақтық шаруалардың алдында жаңа технологияны қолдана отырып, ауыл шаруашылығын дамыту сынды міндеттер тұр.