МЕРЗІМДІ ҚЫЗМЕТ – МАМАН ИЕСІ АТАНУҒА ЖАСАЛҒАН ЖАҚСЫ ҚАДАМ

145

Қазақстанда жоғары білім алу Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ қолжетімді болмақ. Ол үшін бозбалаларға тек бір міндетті орындау шарт. Мерзімді қызмет өткерген әр азамат биылдан бастап осындай мүмкіндікке ие болады. Бұл бағдарлама қазірдің өзінде запасқа шығарылған әскери қызметшілер үшін қол жетімді.

Бүгін Алматыдағы десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамасында мерзімді қызметін өтеген жүзден астам сарбазды салтанатты түрде шығарып салды.

Іс-шарада мерзімді қызметін өткерген десантшыларға Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай, еліміздің жоғары оқу орындарына түсу құқығы туралы сертификаттар табыс етілді.

Бұл Қорғаныс министрлігінің отандық жетпістен астам жоғары оқу орнымен қол қойған меморандумның арқасында мүмкін болып отыр.

Арнайы дайындалған офицерлер жасаған рейтингке сәйкес, енді сарбаздар ақылы және ақысыз негізде жоғары білім ала алады.

Биылғы көктемде Десанттық-шабуылдау әскерлерінен барлығы 2500-ге жуық сарбаз запасқа шығарылады. Оның ішінде 122 жауынгер әскери жоғары оқу орындарына түсуге, ал 200-і келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруға ниет білдіріп отыр. Запасқа шығарылған әскери қызметшілер оқуға түсу құқығына ие сертификатарды мерзімді қызметтен кейін екі жыл ішінде пайдалана алатыны да маңызды.

– Десанттық-шабуылдау әскерлеріндегі қызметім мені шыңдап қана қоймай, болашақ мамандығымды таңдауға да жол ашты. Мен Құрлық әскерлерінің әскери институтына түсу үшін құжаттарды тапсырдым, – деп алдағы жоспарларымен бөлісті қатардағы жауынгер Санжар Байсейітов.

Мерекелік іс-шараларға орай әскери бөлімде Ашық есік күні өтіп, қару-жарақ пен әскери техника көрмесі, сондай-ақ Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған концерт өтті.