АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫНА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

214

Бүгін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы басшысының міндетін атқарушы Ибадуллаев Асылан Сейлбекұлы ауданымызға арнайы іссапармен келіп, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Түлкібас аудандық филиалының директоры қызметіне Асылболатов Қайрат Тоқтасынұлын тағайындап, жаңа ұжымымен таныстырды.

Тағайындаудан соң Асылан Сейлбекұлы аудандық филиалдың жаңа директоры Қайрат Тоқтасынұлымен бірге аудан әкімі Нұрлан Байғұттың жеке қабылдауында болып, аудан аумағында кәсіпкерлік саласын дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды талқылады. Қайрат Тоқтасынұлы аталған бағытта аудандық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе отырып жұмысты жандандыруға дайын екенін жеткізді. Нұрлан Мархабатұлы аудан әкімдігі тарапынан Заң талаптарына сай барлық қолдаулардың болатынын айтып, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Асылболатов Қайрат Тоқтасынұлы-1979 жылдың 13 қаңтарында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, отбасылы.

Алғашқы еңбек жолын 2007-2012 жыл аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында Халықты қызмет көрсету орталығы заңды тұлғалар және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу бойынша инспекторы қызметінен бастаған. 2012-2016 жылдар аралығында жеке кәсіпкерлікпен айналысып, 2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Сайрам аудандық филиалында мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттық қолдау бойынша бөлімінде қызмет атқарып келген.

Өңірлік кеңес отырысының бір ауыз шешімімен бүгіннен бастап Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Түлкібас ауданы филиалының директоры болып тағайындалды.