ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМЫЗҒА СЫЙ-ҚҰРМЕТ
1 қазан — Халықаралық қарттар күні болып 1990 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен белгілен еді. Міне содан бері елімізде атаулы күндердің қатарында бұл ұлық мереке де ерекше құрметпен аталып өтеді. Халқымыз қашанда үлкенді сыйлауды, қарияға құрмет көрсетуді, ұрпаққа дәстүрмен аманаттаған. Әр сөзі шежіре мен тарихқа, әр ісі мейірім мен ізгілікке толы қарттарымыз әрдайым ең үлкен құрметке лайық екені сөзсіз.
Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің жеке құрамы да бұл күнді ерекше құрметпен атап өтті. 1 — қазан күні әскери бөліміміздің жетілуіне, жауынгерлеріміздің шыңдалуына қаншама жылдар ерен еңбегін сіңірген ардагерлерімізді құттықтап, арнайы мерекелік шара ұйымдастырды. Аталған шараға 20-дан аса ардагерлеріміз қатысты. Ардагерлерімізді бөлім командирі полковник Бауыржан Қабылбеков құттықтап: «Қарт кісіні құт – береке деп танысақ, ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Біз әрқашан «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұлдарымыз. Сіздердің әрқайсыңыздың жүріп өткен жолдарыңыз, қажырлы еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі өнеге. Бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да, жауынгерлерімізге игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың, Отанға адал қызмет етудің үлгісін танытудан жалыққан емессіздер, сіздерге алғысымыз шексіз! Төл мерекелеріңіз қарсаңында сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол мейірім, баянды бақыт, шексіз қуаныш тілеймін. Жаныңызды жадыратар жақсы жандарыңыз көп болсын!»,- деді. Сонымен қатар әскери бөліміміздің 60 жылдық мерей тойына арналған төс белгілермен және грамоталармен, сыйлықтармен марапаттады.
Мерекелік шара әскери оркестрдің және Шымкент қалалық Саз колледжінің өнерпаздарының ұйымдастыруымен көңілді концертке ұласты. Әскери бөлімнің әйелдер кеңесінің қыздары ардагерлерімізге мерекелік дастархан әзірлеп тәттілерден дәм татырды. Өз кезегінде ардагерлеріміз де әдемі көңіл күй мен мейірімге толы ықылас көрсеткен әскери бөлімнің басшылығына және жеке құрамына алғыстары мен батасын жаудырды.
6506 әскери бөлімі баспасөз қызметі