«ҮЗДІК ОФИЦЕРДІҢ АНАСЫ»

420

Шымкент қаласы полиция департаментінде Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға департамент басшылығы, жеке құрам қызметкерлері, полицейлердің аналары мен №4 балалар үйінің басшысы қатысты.

Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков жиынға қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтады.
– Араға 13 жыл уақыт салып сіздермен бірге Республика күнін атап өту бұйырыпты. Ендеше осы сәтті пайдалана отырып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан аңыз адам, милиция генерал-майоры Құлахмет Қалменовтің еңбегі жайында айта кеткен жөн. Ол ең қиын шақтарда оңтүстікте 12 жыл табандылықпен басшылық етті. Қазіргі таңда, қатарымызда аталған нар тұлғаның ізімен келе жатқан қырағы полицейлеріміз жетерлік. Біз олармен әрқашан мақтанамыз. Сонымен қатар, біздің жұмысымыздағы әрбір жетістіктің артында департаменттің жеке құрам қызметкерлерінің үлкен еңбегі жатқанын атап өткім келеді. Баршаңызға жанқиярлық еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, бақ-береке, денсаулық, қажырлы қызметте биік жеңістер тілеймін! — деді Қ.Дәлбеков.
Жиын, қызметте айрықша көзге түскен полицейлер мен олардың аналарына құрмет көрсету рәсімімен жалғасты. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, нәтижелі жұмыс істеген 60-тан астам полиция қызметкеріне алғыс хат тапсырылды.
ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен полиция департаментінің 15 қызметкері марапатталды. Оның ішінде, полиция подполковнигі Сидоров Максимнің шені бір саты жоғарылады.
Департамент бастығының атынан барлығы 73 анаға «Үздік офицердің анасы» медалі тағайындалып, 10 полицейдің анасына генерал Қайрат Дәлбеков марапатты өз қолымен табыстады. Оның ішінде, №4 балалар үйінің директоры Нұрсәуле Тастыбаева бар. Қамқорлығындағы 3 тәрбиеленуші ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің курсанттары болып табылады.
Мерекелік іс-шара соңында эстрада әртістерінің қатысуымен концерт өтті. Олар өздерінің жан тебірентерлік шығармаларымен ерекше көңіл-күй сыйлады.

Шымкент қаласы полиция департаменті