CАУРАН ЖИҺАЗЫ КӨРШІ ЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ

271

Сауран ауданында жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жиһаз өнімдерін шығаратын цехтардың қатары артып, бүгінде аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қасиетке ие адамдар құрметке лайық болуы тиіс екендігін айтып, оларға қолдау білдірген болатын. Осы орайда, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының шағын және орта бизнеспен айналысуына көптеген мүмкіндіктер қарастырылған.

Жуырда «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев ауданға қарасты Иассы ауылдық округіне іссапармен барып, «SEM BRAND» жиһаз цехының ұжымымен кездесу өткізді. Кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, қызметкерлерге елде орын алып жатқан саяси өзгерістер жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Насиба Атаева және аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейсов те қатысты.

Аталған цех биыл іске қосылған. Заманауи технологиямен қамтамасыз етілген кәсіп­орынның аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Жылына 80 мың орындық және 15 мың үстел жасап шығарады. Цех директоры Бабыр Шереханұлы ауданның 150 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айтуынша, кәсіпорынды кеңейтіп, мамандар санын 300-ге дейін арттыру жоспарда бар. Саурандық ұжымның өнімдері көрші Қырғызстан еліне экспортталады. Болашақта Түркия, Қытай және Ресей елдерімен қарым-қатынас орнату көзделуде. Атап өтерлігі, кәсіпорын биыл тамыз айында Түркістан қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысып, 80-нен астам тауар өндірушілердің арасынан «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Жиын барысында Б.Тәжібаев жұмысшылармен еркін пікірлесіп, мемлекет үшін маңызды оқиғалармен бөлісті. Шағын ауылда сапалы өнімдерді шығарумен айналысатын ұжымның еңбегіне ерекше тоқталып өтті.

«Оңтүстік»-ақпарат.