ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

243

Бүгін Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесіне орай облыстағы діни конфессия басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Жиынға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы жетекшілік жасап, жүргізіп отырды. Кездесуде ел бірлігін сақтау, дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.

– Сіздерді 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Рухани келісім күні өздеріңізбен келелі кеңес құрып, пікір алмасуды жөн көрдік. Дін – саясаттан бөлек, мемлекеттен бейтарап болғанмен, рухани құндылық ретінде ажырай алмайды. Елімізде діни конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында ауызбірлікте өмір сүруі мемлекеттің дамуына оң әсер етеді, – деді басқарма басшысы.

Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Қарақұлов Еркебұлан, «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Смольянов Виталий және басқа да дін өкілдері сөз сөйледі. Сонымен бірге облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов те сөз сөйлеп, пікірін білдірді.

Кездесу соңында діни конфессиялар жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.