ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: БАТЫР ӘЖЕНІҢ АҚ БАТАСЫ
Ана – өмір бастауы, ана – бақыт бесігін тербетер аяулы жан. Ана – тіршілік гүлі, отбасының берекесі, шаңырақтың ұйытқысы. Ананың мейірім тұнған көзінен нұр, жүрегінен шуақ төгіледі.
Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де, ең алдымен, ананы құрметтеу парыз екені айтылады. Ана жайлы осындай әдемі, өрнекті, терең мағыналы ойларды ақ қағазға түсіруге себепкер болған, ел анасына айналған жан, «Алтын алқа» иегері, батыр ана – Айткүл Дүйсебекқызы.
Ерекше ізгі қасиеттерді бойына жиған жан отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің, тұтас ауыл-аймақтың ардақтысына айналған аяулы адам. Айткүл Дүйсебекқызы 1927 жылы Жаңақорған ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген.
Айткүл әженің айтуынша, өмір есігін ашқан сәби кезінен өмірдің бар ащысының дәмін татыпты.
— Алдымен конфеске келді, одан ашаршылық келді, одан соғыс келді. Үшеуі қатар келіп, халықты әбден тұқыртты ғой. Несін сұрайсың. Қиынның қиын кезеңін бастан өткердік. Конфеске жылы дүниеге келген екенмін. Жылан жылы екен ғой сол жыл. «Жылың жылан, конфеске кезінде туылғансың», — деп анам байғұс айтып отыратын. Сонда алты айлық сәби екенмін. Конфескеден кейін ашаршылық келді. Одан кейін соғыс басталды. Соғыс уақытында да ел болып қатты қиналдық. Жеп отырған жүгерімізді тартып алып кетіп қалатын. Күні-түнімен қолғап, шұлық тоқимыз. Демалдырмайды бізді, соғыстағылар аш, жалаңаш, — деп. Мұндағылар да аш,жалаңаш жүрдік. Е киерге киім жоқ, ішейін десе ас-ауқат жоқ. Шешеміз теріні илеп лымша, тон етіп береді. Соны киеміз, басқа киім жоқ. Құдай сендерге көрсетпесін. Соғыс 1945 жылы бітсе де ел тойынбай, 1955 жылы әрең тойынды. Жұрт әбден титықтап, желіні кетіп қалған екен, — дейді Айткүл әжей.
«Қырық жыл қырғын болса да, кебін киген емес, кебенек киген келеді» дегендей, қуғын-сүргін басталғанда елден үдере көшкен бір әулеттен анасы екеуі ғана тірі қалыпты.
— Елде конфеске болып, бай-бақуаттылардың малдарын жинау басталғанда, көптеген жұрт қашып Ташкентке кетіп жатқан кез екен. Сонда бір қауым ел көшіп бара жатқанда Сырдың бойына, дарияның жағасына қоныпты. Сол жерде маса шағып жұрт тегіс шетінен қырылыпты. Оба ауруы екен бұл. Менің әкем, әкемнің ата-анасы, бауырлары барлығы сол жерде оба ауруынан қырылып қалыпты. Біздің әулеттен алты айлықтағы мені бауырына басып отырған анам екеуміз аман қалыппыз. Анам мені алып Ташкентке барыпты. Осы жақтан бірге барғандар күрке тігіп, өзбектердің мақтасын теріп, күн көріпті. Кейін Теріскейде тұратын анамның шешесі алып келіпті бізді ауылға. Анам екінші мәрте тұрмысқа шықты. Әкем 40 бие байлайтын. Соның сүтін таңертеңнен кешке дейін мен таратамын колхозшыларға. Барлығы аш. Сонда балалардың ересегі менмін, 14-15-темін. Анам мен әкем кешке дейін биелерді сауып, месті толтырады. Мес деген болады сиырдың терісінен ыстап қойған. Ертесіне ерте екі флягқа сүт пен қымыз құйып береді. Мен екі флягті алып, сонау қиырда жүрген колхозшыларға апарып, ожаумен ішкіземін. Олардың құйып алатын ыдыстары да жоқ. Содан ауыл-ауылдағы барлық колхозшыларға ішкізіп, түс қайтқанда үйге келемін екі флягті босатып. Күнде мен апарамын. Сөйтіп күн көрдік. Сендерге мұның ешқайсысын Құдай көрсетпесін. Атамыз ешекпен Түркістанға келіп, сауда жасап, дорбаны толтырып қайтатын. Ол кезде машина, трактор қайда?
1945 жылы соғыс бітті. Ел болып қуандық. 1946 жылы 16 тамыз күні келін болып түстім. Қазір қарашаңыраққа келін болып түскеніме 80 жыл болып қалыпты. Сонда ерім Сапарбай Арынов соғыстан келген кезі екен. Ол кезде шал демей, ақсақ демей, тоқсақ демей, қыздар таңдамай күйеуге тиетін. Елде еркек жоқ. Барлығы соғысқа кеткен. Отағасы екеуміз колхоздың бір қора қойының сүтін сауып, оны таратамыз. Аш қой ауылдағылардың барлығы. Оба ауруы келіп біршамасын қырып кетсе, одан кейін ашаршылық қысты, одан соғыс басталды. Ел не көрмеді?
— Колхоздағы барлық қара жұмысты атқардым. Кетпен шаптым. Иығымның жауыры әлі жазылған да жоқ. Кетпен иығымыздан түспейтін. Ол кезде трактор жоқ, қолмен шабатынбыз барлық егістік жұмыстарын. Жерді өгізбен, атпен айдайтын соқа жегіп. Жоқшылықтың уақытында өстік қой. Енем де колхоздың жұмысына шығатын. Балаларымыз үйде қалатын, балабақша жоқ ол кезде. Біріне-бірі өздері қарайды. Кім қарайды балаларға? Біздің баламызға қарауға мұрша бермейді. Таңның атысы, күннің батысы кетпен шауып, егін егіп, мақта шауып, колхоздың бар жұмысын атқардық. Одан колхозға жұмысқа шыққан мақташылардың, еңбекшілердің тастап кеткен балаларын бағып, үйдегі балабақшада еңбек еттім. Енем бертінде 1975 жылы қайтыс болды, — дейді Айткүл апа сол кезді тебіреніспен еске алып.
Ұлы аналардың жолымен жүріп келе жатқан Айткүл Дүйсебекқызы – данагөй асылдардың сынығындай, бір әулеттің берекесін кіргізіп, айрандай ұйытып отырған жан. Құдай қосқан қосағы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сапарбай Арынов колхозда трактор айдаған. 2007 жылы 90 жасында қайтыс болыпты.
Айткүл әже Құдай қосқан қосағы екеуі Зарипа, Қалипа, Қуандық, Сүйіндік, Қатира, Майра, Ұлбибі, Кабира, Пернебай, Мұхтар есімді ұл-қыздарды дүниеге әкеліпті. Қуандық есімді ұлы ертеректе қайтыс болыпты. Бүгінде шаңырақтың көз қуанышына айналған «немерелері мен шөберелерінің бағындырар асуы биік болса екен» деген әжелік аппақ тілекке жеткізген 3 ұл, 6 қызы – бар байлығы. Қасиетті қарашаңырағында өсіп-өнген 9 ұл-қыздан 111 ұрпақ өріп отыр. «Балалы үй базар» демекші, шаттық орнаған шаңырақтан бүлдіршіндердің бақытты үні естілгенде, мына әлемнің бар қызығы балаларда екен-ау деген ойға келесің.
Бұқар жырау «Жақсы әйел ұл туса – патшадан болмас кемдігі» деген екен. Аллаға шүкір, алтын құрсақты анадан туған ұл-қыздары ата-ана үмітін ақтап, Тәуелсіз елімізге қызмет етіп жатыр. Ағаш жапырағымен көрікті болса, адам өрелі өмірімен, өркен жайған ұрпағымен дәулетті, бақытты. Мәуелі ағаштай тамыры тереңге жайылған әулеттің иесі Айткүл әжей 9 ұл-қызынан өрбіген 32 немере, 75 шөбере, 4 шөпшек сүйіп, бақыттың бағына бөленіп келеді. Жүздерінен жылылық нұры кетпеген, көңілдерінен тектіліктің табы сезілетін ұлағатты жан тарихтан сыр шертіп, немере-шөберелеріне қызықты аңыз-ертегілер желісін құлақтарына құйып отырады. Адамның бақыты мен қуанышы, өмірінің мәні мен мағынасы осында жатса керек. Ана болу – ұрпақтың бүкіл өміріне ұлы рухани күш пен ерен еңбекті сіңіру шығар. Осы тұрғыдан келгенде, Айткүл Дүйсебекқызы 95 жылдық ғұмырында бақ бесігін тербеген ардақты ана атына мәртебелі жолмен келіп отыр. Үлкен жүрегімен, аялы алақанымен, жан жылуымен бүкіл бір әулетті нұрландырып отырған Айткүл әже: «Айналайындар жортып жүр екенсіңдер. Жортқанда жолдарың болсын. Қырық шілтен шылауларыңда болсын. Бақ қарап, қыдыр дарысын. Жаманшылық көрмеңдер. Өмір жастарың ұзақ болсын. Көргендерің жақсылық болсын, — деп ақ батасын берді. «Баталы ел арымас» дегендей, Батыр әженің ақ батасын алып қайттық.
Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.
Түркістан қаласы