ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

296

Түркістан облысында 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. 17 аудан, қаланың 14-інде жылу маусымы басталды, ал Мақтарал, Жетісай, Ордабасы аудандарында 1 қарашада басталады. Осы саладағы мәселелер облыс әкімінің апталық аппарат отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің бәрі талапқа сай жылумен қамтылуы керек екенін жеткізді. Бірқатар мәселеге тоқталып, кемшілікке жол берген басшыларға жұмысты ширатуды тапсырды.

Түркістан қаласындағы 73 көпқабатты, 52 жеке тұрғын үйлер, 28 бюджеттік мекеме, 55 кәсіпкерлік нысандар орталық қазандықпен қамтылған. Отын түрі – табиғи газ.

— Көтеріліп отырған мәселе маңызды. Сондықтан аса мән беріп, жауапкершілікпен қарауды тапсырамын. Әкімшілік іскерлік орталықта жаңадан құрылысы жүргізілген 10 көпқабатты тұрғын үйге (780 пәтерлі) жылумен қамтитын қазандықтың атқарушы техникалық құжаттамасы өткізілмеген, жылу құбырларын дайындау қажет. Бүгінгі таңда ауа райы өзгеріп, күн суытуда, алдымызда қыс келе жатыр. Осыған байланысты аталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіріп, жылыту маусымында халықты түгелдей жылумен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Д.Сатыбалды.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, Түркістан қаласындағы 73 көпқабатты, 52 жеке тұрғын үй, 28 бюджеттік мекеме, 55 кәсіпкерлік нысан орналасқан қуаты 40Гкал/сағ құрайтын орталық қазандықтан қамтылуда. Облыс бойынша орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 626 көпқабатты тұрғын үйдің 626-і, яғни, 100% жылыту маусымына дайындалған.

Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне, басқарма басшысына жылу мәселесін бақылауда ұстап, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Кентаудағы жылу құбырларын даярлау, аудандарға қажетті көмірді уақтылы жеткізу жөнінде тапсырмалар берді.