«КӨРШІ ҮЙДІҢ ҚЫЗЫ ҮСТІНЕ АЛАША ЖАМЫЛЫП ЖҮРЕТІН»

272

Сауран ауданындағы Шорнақ ауылының тұрғыны Нәзипа Анарбаева 1936 жылдың 2 маусымында Ресей Федерациясының Башқұртстан Республикасында дүниеге келген. 8 жасынан еңбекке араласып, нәубет жылдардың тауқыметін басынан өткерген екен. «Балалық шағымда көрген қиындықтарды ұмыта алмаймын» дейді апамыз.
Екі ғасырдың куәсі болған кейіпкеріміз соғыс жылдарында тылдағы ауыр еңбекке жегіледі. Өзінің айтуынша, колхоздағы барлық жұмыстарға араласқан. Одан бөлек жүн түтіп, кесте тоқыған.

– 1943 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Сонда мені үйден қолымнан жетектеп алып шыққан үлкен ағам сол күні соғысқа аттанды. Сабақтан кейін колхоздың жұмысын істеуге баратынбыз. Үстімізде бүтін киім болмады. Көрші үйдің қызы үстіне алаша жамылып жүретін. Осы көрініс көз алдымда қалып кетті.

Бір күні қатты ауырып қалсам керек. Анам колхоз бригадиріне «Қызым түнімен ауырып шықты, жұмысқа жібере алмаймын» деп еді, колхоз бригадирі: «Олай болмайды. Өзгелер секілді күн-түн демей жұмыс істеп жатқан жоқ. Ұйқылары тыныш амалын тап» депті.

Маңдайына жазылған тағдыр башқұрт қызын қазақ еліне алып келіпті.

– Ол зұлмат соғыстың зардабы жойылмаған қиын кезеңдер болатын. Құрылыс саласында жұмыс істейтінмін. Бір күні Қазақстандағы Түркістан теміржолында еңбек етуге ниетті жастарды алып кетуге арнайы өкіл келді. Әкемнің туған інісі: «Екі қыз болып бірге барып келіңдер. Бір жылға қоянның терісі де шыдайды» деді. Ағамның сөзін қимай, туысқан сіңлім Рашидамен киелі қалаға келдім. Бұл 1954 жылдың қазан айы болатын. Бізді №26 разъезге жіберді. 5 қараша күні жұмысқа шықтық. Біраз уақытқа дейін ауа райының ыстығына шыдай алмай кеткім келіп жүрдім.

Сол жылдың желтоқсан айында Шорнаққа келдік. Алғашқы айлығымызға Рашида екеуіміз гүлді көйлек алдық. Рашидаға Жұматай есімді қазақ жігіті көңілін білдіріп жүрген болатын.

Бірде қыздармен киноға бардым. Сонда жолдасым Шәмірбек мені сыртымнан жеңгесіне көрсетіпті. «Осы қыз жақсы, алсаң осыны ал», — депті ол. Шәмірбек те «Өзімнің де ұнатып жүргенім осы еді» деген көрінеді. Содан Шәмірбек жеңгесінің бір ауыз сөзінен кейін мені жетектеп үйіне алып келді. Бұл 1955 жылдың 27 сәуірі болатын.

Екеуміз 50 жылға жуық уақыт отандастық. Құдай қосқан қосағым 2001 жылы 17 ақпанда өмірден өтті. Бүгінде осынау қарашаңыраққа келін болып түскеніме 66 жыл болыпты. Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан күннен бастап Нәзипа Анарбаева атандым. Менің азан шақырып қойған есімім – Нәжиба Шайхуллақызы еді. Аллаға шүкір, 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік, – дейді Нәзипа апа.

Нәзипа апаның тұла бойы тұңғышы Жолдасбек 1956 жылы дүниеге келген. Оның артынан Гүлшат, Жақыпбек, Мұтай, Орынкүл, Нұрлан, Ләззат, Нұржан, Ержан, Нұрмахан есімді бауырлары еріпті. Бүгінде кейіпкеріміз осы перзенттерінен 31 немере, 33 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Кеудесіне «Алтын алқа» мен Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарын жарқырата тағып, тамырын тереңге жайған алып бәйтерек сынды жайқалып отыр.

 

Ләззат САРЫБАЕВА.