«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕДІ ДЕП СЕНЕМІЗ

336

Бүкіл әлемді екі жылдан астам уақыт әбігерге салған төтенше жағдай кезеңінде ел тұрғындарын қолдауға арналған бағдарламалардың маңызы зор. Соның бірі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және халықты нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етудің кешенді жоспарының орындалуы және аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасылардың әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз ету болып отыр. Мемлекеттің жіті бақылауына алынған бағдарлама жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды. Осы жөнінде толығырақ білу мақсатында Сауран ауданы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Баймаханбетов Мұхан Исмаханбет ұлымен сұхбаттасқан едік.

— Мұхан аға, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша өткен жылы қандай жұмыстардың атқарылғанын айта кетсеңіз.

— Ия, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаның мақсаты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру, табыстың болуын қамтамасыз ету болғандықтан жаңа жылдың 1 қаңтарына дейін Сауран ауданы бойынша жалпы 1481 азамат осы мәселе бойынша өтініш білдірді және 1133 адам әлеуметтік шаралармен қамтылды. Таратып айтар болсақ, оның ішінде жұмыссыздар саны 527 адам, өзін-өзі қамтығандар – 50, жұмыс іздеушілер – 556 адам. Аудан халқының басым бөлігі халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жалданып, жұмыссыз жастарға басымдық берілгені қуантады.

 

— Бағдарламаның үшінші бағытына кеңірек тоқтала кетейікші, яғни «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберіндегі шаралар қалай жүзеге асуда? Жастар практикасына қанша адам тартылды?

— Жалпы, 2021 жылы аталмыш бағыт бойынша қоғамдық жұмысқа 270 азамат жоспарланған. 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін қоғамдық жұмысқа 379 азамат уақытша орналасты. Оның жалпы қаржысы 81 000 мың теңгені құрайды. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде өткен жылы бос орындар арқылы тұрақты жұмысқа 533 азамат қатыстыру жоспарланса, ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейін 618 азамат жолданып, 612 азамат бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауыл округінде 1 жоба бекітілді. Жоба бойынша 3 бос жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, 2021 жылға 40 мүгедек азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін 40 мүгедек азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.

Сонымен қатар, 2021 жылы Сауран ауданына қарасты жыл басынан Кентау қаласы арқылы бекітілген квоталарға сәйкес, пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру және ата-анасынан кәмелет жасына дейін айырылған тұлжетім жастар бойынша бекітілген квота толықтай орындалды. Оның ішінде пробация бойынша 2 азамат «Аша» шаруа қожалығына және тұлжетім жастан 1 азамат «Югнаки» шаруа қожалығына тұрақты жұмыспен қамтылды.

Айта кетейік, 63 аз қамтылған және көп балалы аналар «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көрді. Яғни, қоғамдық жұмысқа 47 азамат, жастар практикасына 1 азамат, мемлекеттік грантқа 15 азамат ие болды.

2021 жылы Жастар практикасына 80 азамат жоспарланған болатын. 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін 92 азамат жастар практикасына тартылды. Жалпы, қаржысы 21 350 мың теңгені құрады.

 

— Мемлекеттік атаулы көмек тағайындау бойынша атқарылып жатқан шаралар қалай жүзеге асуда?

— Сауран ауданы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлемдерді жүргізу 2021 жылдың қазан айының желтоқсан айына 354 отбасына тағайындалып, 58 999, 625 теңге төлем жүргізілді.

 

— Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы да халыққа игілігін тигізген болар?

— Бағдарламамен таныссаңыздар, оның аясы өте кең. Атап өтсек, жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру және кірісті қамтамасыз ету, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау, елді мекендерді абаттандыру, жаңа жұмыс орындарын құру секілді көптеген зор мақсат-міндеттерді қамтиды.

Бұл жол картасы шеңберінде өзіміздің Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауыл округіндегі «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» құрылыс нысаны бойынша инфрақұрылымдық жұмыстарына 1 жоба бекітілген. Осы инфрақұрылымдық жобаға жауапты мердігермен (ЖШС «Шымкент-Құрылыс») Түркістан облыстық Құрылыс басқармасы және жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 жақты келісім-шарт түзілді. Алдағы уақытта оның халыққа берер пайдасы мол деген сенімдеміз.

 

— Мұхан аға, әңгімеңізге рахмет! Сауран ауданы көркейіп, халқы дәулетті өмір сүрсін деп тілеміз!

Сұхбаттасқан:

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.