ҚОҒАМ: ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ

355

Дариға Кішібаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де 20 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз.

Дариға Жүнісбекқызын ұстаздардың ұстазы деп айтсақ та жарасады. Себебі, ол 20 жылдай бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан педагогикалық училещесінде дәріс берсе, бүгінде қаладағы бірден бір оқу орны Ахмет Ясауи университетінде педагог кадрларын даярлауға үлес қосып жүрген ұстаз. Ол кісіден дәріс алған қаншама түлектер еліміздің орта білім саласында қызмет етіп жүр. Сол себепті бұ кісіні ұстаздардың ұстазы деп айтуға әбден негіз бар.

–Ұстаз деген кім, сіздің ұғымда? — дегенімізде ұлағатты ұстаз былай деп сыр ақтарды.

«Ұстаз – өз Отанын шексіз сүйетін, еліміздің болашағына, оның гүлденуіне аянбай үлес қосатын білімді жеткіншектерді даярлайтын тұлға. Әрбір ұстаздың міндеті – білімгерді отансүйгіштікке, ақыл-парасатын жан-жақты дамытуға, біліммен қаруландырып, тәрбиелеу. «Қыран-түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз-шәкіртіне талап сыйлайды» деген халқымыздың қанатты сөзі бар. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында емес пе? Ұстазды қоғам мен ұрпақ аралығындағы сарапшы десек те болады.

Ұстаздық еңбек жолында негізгі қасиеттерінің бірі – әдептілік қажет деп ойлаймын. Ұстаз тәрбие жұмыстарын жүргізгенде балаларға «Жұмбақ дүниенің» құпия сырын ашады, алғашқы білім сатысына жетелеп, қиялын дамытады. Әрқашанда білуге құштар, көңілі шат, еліктегіш, елгезек балалардың талабы мен мүддесінен шығып, дұрыс басшылық етіп, бағыт беруі үшін ұстаз өз ісінің шебері болуға тиіс. Мектепте баланың күнделікті өмірін, білім жолын ұйымдастырып, жан дүниесіне әсер етеді. Мектеп қабырғасында жүріп мұғалім болсам деп ойлайтынмын. Мектеп бітірген соң Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық учелищеге бастауыш сынып мұғалімі мамандығына түстім. Алғашқы еңбек жолымды Түркістан қаласындағы С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатында 1-сынып мұғалімі болып бастадым.Сол сәттегі толқығанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Екі жыл бастауыш сынып мұғалімі болып, 1977 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институтқа осы мамандығымды жалғастыру үшін оқуға түстім.

… Иә, Түркістан педагогикалық училищесі кезінде өңірдегі ғана емес, ел көлеміндегі іргелі оқу орындарының бірі еді. Дариға Жүнісбекқызы өзінің бұл ұжымнан алған тағылымы жөнінде тебірене сыр шертеді:

«1982 жылы педагогикалық институтты бітіріп өзім оқыған училищеге мұғалім болып жұмысқа қабылдандым. Кезінде өзіме сабақ берген З.Барлыбаева, Ш.Мұсабекова, И.Тінейбаева, У.Бабажанова, К.Мұхамеджанов, О.Божбанбаев тағы басқа ұстаздарыммен бірге бір ұжымда еңбек ету, олардың ақыл-кеңесін тыңдау мен үшін үлкен мектеп болды. Педучилищедегі еңбек жолым мен үшін бір бақыт, бір белес болды.

…Еңбектеген баладан, ақ басты академикке дейін ұстаз алдынан өтеді. Мемлекет қайраткерлері де тәрбиеші-педагогтерден тәлім-тәрбие, тағлым, үлгі алады, осылайша ұстаз ғасырлар бойы адамзат қоғамы жасаған байлықты жас ұрпаққа үйретеді. Колледж қабырғасында еңбек етіп жүріп «Қазақстан республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым, тағы басқа мақтау қағаздары, алғыс хаттармен еңбегім бағаланды.

-Жоғары мектепке қалай келдіңіз, дегенбіз ұстазды сыр тартып.

«Қаламызда жоғары оқу орны ашылған кезде білікті, білімді мамандарды шақырды. Мен де университетке педагогика, психология пәнінің оқытушысы болып ректор О.Сәбденовтің қабылдауымен жұмысқа ауыстым. Мұндағы мақсатым жоғары оқу орнында жүріп білім-біліктілігімді жетілдіру еді. 2002 жылы жоғары оқу орнында жүріп кандидаттық диссертация тақырыбым бекітілді. 2006 жылы «Бастауыш сынып оқушылырының шығармашылық іс-әрекетін пәнаралық байланыс негізінде қалыптастыру» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Университеттің талабы халықаралық жоғары оқу орны болғандықтан ғылыми атақ болу керек еді. Әрине, кандидаттық диссертация қорғау оңай болған жоқ. Қазақстандағы ұлттық кітапханалармен байланыс жасау, архивтен тарихи материалдар іздеу, барлығы уақытты қажет етеді. Осы тұста айтқым келеді, отбасыма әсіресе жасы келген енеме және жолдасыма алғыс айтқым келеді. Маған түсіністікпен қарап, диссертацияны қорғауға көп көмегін көрсетті.

Ұстаз ретінде жас ұрпақ бойына тәрбиенің алғашқы негізін қалыптастыратын мұғалімнің адамгершілігі жоғары, мәдениетті, өз ісіне сенімді, ғылыми жетістіктерін дұрыс бағалай алатын, жақсы түсініп, оны балаларға түсіндіре алатын болуы керек. Өйткені «Ғылым мен өнер адамның қос қанаты».

Әрбір ұстазға тән сапа — жоғары мәдениеттілік. Сондықтан ұстаз айналасындағы адамдарға, үлкендерге, балаларға сый құрметпен қарауы, тіл-табысуы, сөйлеу мәдениеті, кішіпейілдігі, әдептілігі, білімділігі, ата-аналарға ілтипатпен қарауы, қоғамдық орындардың өзін сыпайы, еркін, қоршаған ортаға лайықты ұстай білуі, өнегелі тәртібі, сүйкімділігі, адамдармен өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасы деп білемін.

Менің өмірге көзқарасым қоғамның даму заңдарын дұрыс түсінетін, өз білімімді үнемі жетілдіріп, дамытып отыру. Өзімнің тәжірибемде білімгерлерді тәрбиелеу үшін, олардың жас ерекшеліктерін жете біліп, соған орай қарым-қатынас жасауды, өз басым өнеге, үлгі болатындай білім дәрежесін көтеріп, шеберлігімді ұштауды міндет етіп қойдым. Өйткені тәрбие міндеттері мұғалімнен білімдарлықты, шынайылықты, адалдықты талап етеді. Қиын жағдайлар кездескенде тапқырлық жасап, ұтымды әдіс тауып шеберлік көрсете білу, оқу, тәрбие үрдісінде ұжыммен қарым-қатынаста болу керек.

Педагогика ғылым ғана емес өнер де, сондықтан өз бойыма шеберлікті қалыптастыруым керек деп ойлаймын. Оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін меңгерген, білгенін қызықты да тартымды өткізе алатын, педагогикалық әдеп пен шеберлікке ие болу оңай мәселе емес. Келешек қоғамымыздың білімгерлері – жастардың бойында мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет. Сонымен бірге білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін өз қолына ала алады. Бүгінгі таңда қоғамымыздағы және білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мектепте, жоғары оқу орындарының студенттерін тәрбиелеу мен оқыту саласына жаңаша қарауды талап етіп отыр. Себебі, жоғары оқу орындарында тәрбиелеу мен оқыту болашақ жеке тұлғаны дамыту маңызды міндет.

Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал ететін күш тек білімде ғана. Қазіргі кезеңде егеменді елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Ал біз, педагогтер, жастарға білім беруде өз үлесімізді қосуымыз керек. Бүгінгі таңда университет қабырғасында жүріп 200 ден аса ғылыми еңбектерім жарық көрді. Оның ішінде ғылыми мақалалар, оқу-әдістемелік құралдар, Әділет министрлігі бекіткен электронды оқулық, оқу құралдарым жарық көрді.

Отбасым жайлы. Отбасы – сыйластық орнаған орта. Отбасы бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы болса екен деп армандайды. Отанының сүйікті және кішпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Менің де отбасым жақсы болып жетілуіміз үшін жақсы тәрбие берді деп ойлаймын. Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Екі ұл, сегіз қыз бала болып тату тәтті балалық шағымыз өтті. Әкеміз бәрімізді оқытты. Бізді бір сөзбен педагогтер отбасы десе де болады. Тек інім ғана экономист мамандығын игерген.Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы десе мен өзімді осындай отбасында тәрбиелендім деп айта аламын. Әкеміз ерте дүниеден өтті. Анамыздың қас қабағына қарап бәріміз еңбек етуге дайын болдық. Ата анамызға сөз келтірмеуге тырысып мектепті жақсы оқып, бәріміз қалаған мамандығымызды игеріп, бүгінгі күні еңбек етудеміз.

Әтіргүл ТӘШІМ.