«ТҮРКІСТАН МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯҒА КӨШУДЕ»
Соңғы кездері республикамызда ғана емес, әлемде де тәжтажал індетіне шалдыққандар саны күн санап көбейіп барады. Осыған орай, Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовқа жолығып, медицина саласындағы жетістіктер мен қордаланған өзекті жайлары, жергілікті тұрғындармен жасалып жатқан алдын алу шаралары туралы білген едік.
— Марат Орынбасарұлы, қазіргі таңда облысымыздағы денсаулық саласының хал ахуалы қандай дәрежеде?
— Түркістан облысында 2018 жылдан бастап медицина саласын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Жаңадан ауруханалар ғимараты салынуда. Медициналық – техникалық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, емдеудің жаңа әдістеріне қол жетімділік артуда. Дәрігерлеріміз Америка, Түркия елдерінде білім алып тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырды.
Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы. Елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін жыл сайын орасан зор қаржы бөлініп, жекеменшік секторды қоса отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізіліп жатыр. Дәрігерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыру бойынша жаңа кадр саясаты қалыптасып келеді.
Түркістан облысында науқастардың іш қуысы мен бүйрек органдарын, тыныс алу және сүйек жүйелерін диагностикалау үшін 10 медициналық ұйымдарға компьютерлік томография (КТ) құрылғысы бюджет есебінен сатып алынып орнатылды. Оның ішінде – екі облыстық аурухана (облыстық клиникалық және балалар ауруханасы), үш қалалық (Түркістан қалалық және балалар ауруханасы, Кентау қалалық ауруханасы), бес аудандық ауруханаға (Жетісай, Шардара, Сарыағаш, Сайрам, Отырар аудандық ауруханалары) орнатылды.
Жалпы алғанда 2021 жылдың 4 айлығымен (81%) салыстырғанда 2022 жылы медициналық ұйымдардың жарақтандырылу деңгейі 3,35% (83,35%) өсті. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша облыстық жедел жәрдем станциясын нормативке сәйкестендіру мақсатанда Түркістан қаласында 2021 жылы 25 бригадаға арналған жедел жәрдем станциясының құрылысы басталып, қазіргі таңда халық игілігіне пайдалануға тапсыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Түркістан қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес 570 төсек-орындық көпсалалы аурухана құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Түркістан қаласында заманауи перзентхана салу үшін Біріккен Араб Әмірлігімен Абу-Даби қорымен келіссөздер жүргізілуде. Қорыта келе, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы бойынша материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі жылдан жылға өсуде. Ал ескі нысандардың орнына жыл санап инфрақұрылымы типтік заманауи ғимараттар салынуда.
— Медицина қызметкерлерінің тәжтажал індеті кезінде атқарған қаһармандық еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Осы кезеңде Гиппократ антына адалдығын дәлелдеп, бейбіт күнде ерлік көрсеткен дәрігерлер өз дәрежесінде марапатталды ма?
— Медицина қызметкерлерінің індет кезінде атқарған қаһармандық еңбектері де елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды да қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, көптеген ақ халатты абзал жандар марапатталды. «Парасат» орденімен-1 қызметкер, «Құрмет» орденімен-3 қызметкер, «Ерен еңбегі үшін» медалімен-4 қызметкер, «Шапағат» медалімен — 3 қызметкер, Қазақстан Ресубликасының Құрмет грамотасымен- қызметкер марапатталды.
Сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалімен-31 қызметкер марапатталды.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалімен-30 қызметкер марапатталды. 2020 жылы коронавирус-тәжтажал індетімен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған 43 306 медицина қызметкерлеріне 8,4 млрд. материалдық үстемақы, 2021 жылы 48 949 медицина қызметкерлеріне 10,8 млрд. үстемақы төленді. Коронавирус індетімен күрес шеңберінде жұмыс бабында қайтыс болған 13 медицина қызметкерлерінің туыстарына жергілікті бюджет есебінен, 3 медицина қызметкерлерінің туыстарына республикалық бюджет есебінен 10 млн. теңгеден материалдық көмек көрсетілген.
— Сол кешегі тәжтажал індеті кезінде елімізде орта буын дәрігерлер медбикелердің жетіспейтіндігі, көптеген өңірлерде жұқпалы аурулардың ауруханасы жабылып қалғаны көп қиындық әкелді. Қазір осы мәселені дұрыс жолға қоя алдыңыздар ма?
— Облыстағы медициналық ұйымдарда орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығы байқалмайды. 2020 жылы – 18087 (10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 91,3); 2021 жылы — 18844 (10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 92,2); 2022 жылы — 19101 (10 мың халыққа шаққанда көрсеткіш 92,0). Пандемия кезінде КВИ – мен сырқаттанған халықты толықтай медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін инфекциялық төсек – орындар санын 5500-5600 дейін барынша көбейтуге мүмкіндік жасадық. Сонымен қатар, Түркістан қаласында 200 төсек – орындық модульді инфекциялық стационар салынып, құрылысы 2021 жылы аяқталды. Пандемия аяқталған соң, өндірістік қажеттіліке байланысты 200 төсек – орындық модульді инфекциялық стационар көп бейінді қалалық орталық ауруханаға берілді.
— Елімізде Ресейдің санкцияға ұшырауына байланысты дәрі-дәрмектер тапшылығы байқалады. Бірқатар мамандар оны Украинадан жеткізуге болады деген пікірде. Оны Қазақстанға жеткізуде қиындықтар туындап отырған жоқ па?
— Елімізде дәрілік заттармен қамтамасыз ету Бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС тарапынан жүргізіледі. Ведомствоаралық комиссияның хаттамалық тапсырмасы негізінде ҚР ДСМ «СҚ-Фармация» ЖШС-мен бірлесе отырып дәрілік заттардың тапшылығын болдырмау шаралары жүргізілуде. Дәрілік заттардың тапшылығы анықталған жағдайда «СҚ-Фармация» ЖШС тарапынан фармокологиялық топтары бойынша өзара ауыстырмалы дәрілік заттармен және басқа саудалық атаулы дәрілік заттар жеткізіліп қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде Ресейдің санкцияға ұшырауына байланысты дәрі-дәрмектер жетіспеушілігі бойынша шағымдар жоқ.
— Түркістан облысы аумағында екі мыңнан астам емдік шөптер бар. Осыларды ұқсата пайдаланып, киелі шаһарда дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салудың мүмкіндігі бар ма? Мүмкін оған инвесторлар тарту керек шығар.
— Аталмыш мәселе бойынша: Қазақстан Республикасының Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарының бағыттарының бірі — ел аумағында өсетін дәрілік өсімдіктерді пайдалана отырып, препараттар өндіруді ұйымдастыру болып табылады. Осыған орай ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың перспективалы секторларын анықтау бойынша орта мерзімді болжам мен талдау жүргізіліп, дәрілік өсімдіктерді өңдейтін биофабриканы пайдалана отырып, препараттар өндірісін дамыту көзделді. Бүгінгі күнде жаппай ғылыми зерттеу кезеңінде мемлекет тарапынан толық қаржыландырып жұмыс жүргізілуде.
— Түркістан облысы бойынша Ордабасы ауданында орналасқан «Сейтбек әулеті» ЖШС кәсіпорны 2013 жылдан бастап Қызыл мия экстрактісінің жылдық қуаттылығы 3000 тоннаға дейін өндіріп Қытай, Ресей, Жапония және Үндістан елдеріне экспортталуда.
— Түркістан облысында медициналық туризмді дамытудың қандай жолдары бар?
— 570 төсектік көп бейінді облыстық аурухана: Түркістан қаласында Қазақстан Республикасында жоспарланған жиырма ірі аурухананың біріншісі «570 төсектік облыстық көп бейінді медициналық орталық» салынуда. Аймақтағы ғана емес, республикадағы ең ірі медициналық мекемелердің бірінің жалпы ауданы 82 мың шаршы метрден асады. Жоба мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында Денсаулық сақтау министрлігі арқылы жүзеге асырылады. Нысанның құрылысын аяқтау 2024 жылдың II тоқсанына жоспарланып отыр.
Қазіргі заманғы аурухана толық пайдалануға берілгеннен кейін 2009 маман тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Әзірленген жобаға сәйкес, мұнда 13 бейінді бөлімше жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, ғимаратта жүрек-қан тамырлары реанимациясы, коронарлық реанимация, гематология, оның ішінде күйікпен емдеудің 2 төсектік қарқынды терапиясы (ICU) бөлімшелері орналасады. Бұдан басқа, көпбейінді аурухананың ішінде 16 операциялық бөлме, оның ішінде 13 жоспарлы және 3 шұғыл көмек жұмыс істейтін болады. Кардиоваскулярлық хирургия бөлімшесі, терпиялық бөлімше, неврология бөлімшесі, травмотология ортопедия бөлімшесі, нефрологиялық бөлімше, акушерлік ісі және гинекологиялық бөлімшелері жұмыс жасайды.
— Жаңадан салынып жатқан көпсалалы медициналық орталыққа мамандар қайдан тартылады?
— Түркістан қаласында құрылысы жүріп жатқан пайдалануға 2024 жылы берілуі жоспарланған көпсалалы ауруханаға дәрігерлерді Түркістан қалалық орталық аурухананың дәрігерлерін тарту арқылы, сондай-ақ 2022 оқу жылына республикалық бюджет есебінен дәрігерлер даярлауға 72 грант резидентураға бөлінді. Сонымен қатар, 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен де грант бөлу мәселесі жоспарлануда.
— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халық емшілері қаптап кетті. Қазір елдің тұрмыс-тіршілігі төмендеуіне байланысты халық емшілеріне жүгінетіндер көбейді. Сіздің жалпы осы халық еміне көзқарасыңыз қандай?
— Бүгінгі таңда медицина саласы да өте жоғары деңгейде даму үстінде. Әр халық өзінің дәстүрлі дәрігерлеріне де ерекше мән беріп, оны әлемдік медицина ғылымымен ұштастыруға барын салып отыр. Шыны керек қазір шығыс медицинасы деген атау науқасына шипа іздеген көптеген жанды өзіне тартып жүргені мәлім.
Өкінішке орай, біздің азаматтарымыз халық емшілері мен бақсы-балгерлерге сеніп, бірінші кезекте сол халық емшілеріне жүгінетін жағдайлар қазіргі уақытта да кездеседі. Сол себептен ауруын асқындырып алып, дәрігерге кеш қаралып соңында опық жеп жататындары да бар. Ол емшілердің мамандандырылған арнайы дипломы жоқ болғандықтан өз білгенімен емдеп, арғы жағында қандай жағдай болғанын, қандай асқыну болғанын, нәтижесі қалай болғанына мән бермейтінін көріп жүрміз. Көбінесе медицинада қаралған науқастарға қарағанда емшілерге қаралған науқастар көп шағымдана бермейді, яғни емшіні жауапкершілікке тартпайды. Өйткені науқастар оларға өз еркімен барады. Сондай-ақ, ол қаралған емшілердің кәсіби деңгейін анықтайтын құжат болмағандықтан заң алдында жауапкершіліктен де құтылып кетіп жатады. Қазіргі медицинаның дамыған уақытында алғашқы көмекті дәрігерлік білімі бар адамдардан алған жөн.
— Жасыратыны жоқ, елімізде ең тұрмысы төмендер Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы жергілікті тұрғындар. Дәрігерлер туберкулезді тұрмыстық сырқат деп есептейді. Жалпы облысымызда қай ауру түрлерінің көптігі байқалады және оның алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?
— Түркістан облысы бойынша 2022 жылғы 5 айда туберкулез аурушаңдығы — 258 (12,5). Әлеуметтік мәні бар аурулардың ішінде қан айналым жүйесі, онкологиялық аурулары жиі кездеседі. Облыста халық саны көп, тығыз орналасуының әсері болуы мүмкін. Алайда, осы аталған әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу мақсатында медициналық – санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарда ҚР ДСМ 30.10.2022 ж. №174 бұйрығына сәйкес, жыл сайын халықтың нысаналы тобына скринингтік тексерулер жүргізіледі. Скринингтік тексеру аурудың ерте анықталуына және алдын ала емдеуге мүмкіндік береді.
— Бейбіт заманда он екі мүшесі сау бола тұра, сау басына сақина тілеп алатындар арамызда бар. Олар «бармақ басты, көз қыстымен» өздерін мүгедек деп танитын құжаттарды заңсыз жасатып алады. Тұрғындар базар маңындағы көптеген адамдарда осындай құжаттар бар екендігін растайды. Сіздер осы мүгедек жандардың құжаттарын тексеріп, өздерін скринингтік тексеруден өткізіп тұрасыздар ма?
— Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қазандағы № ҚР ДСМ-149/2020 «Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, байқаудың мерзімділігі мен мерзімдерін, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумы мен еселігі қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығы динамикалық бақылауда, жылына екі рет тиісті зерттеуден өтеді. Жалпы мүгедектік топты анықтау Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы «Медициналық –әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары» туралы №44 бұйрығына сәйкес, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті құзіретіне кіреді. Алаяқтық фактілер, жалған құжат дайындау анықталған жағдай бойынша құзырлы органдар айналысады. Сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерінің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес «Медициналық ақпараттық жүйелерді «Мүгедектікті сырттай белгілеу» жобасына қосуды қамтамасыз ету және ағымдағы жылдың соңына дейін сырттай куәландырылған адамдардың үлесін 20 %-ға дейін жеткізуді» тапсырған. Сырттай проактивті куәландыру бүгінгі таңға пилоттық жоба, 12 нозологиямен тиісінше жұмыстар жүргізілуде. Облыс көлеміндегі емдеу алдын алу мекемелеріндегі сырттай проактивті куәландыруға қатысатын медицина қызметкерлері және дәрігерлік консультациялық кеңес төрағалары мен мүшелері онлайн және оффлайн режимде оқытылудан өткізілді.
— Шет елдерде маймыл шешегі тарай бастады. Құдай сақтансаң сақтаймын дейді. Осыдан қалай сақтанамыз? Жалпы облыс тұрғындары ауру сырқаудан аулақ болуы үшін қандай шараларды өздері тұрақты жасап отыруы тиіс?
— Облыста маймыл шешегі тіркелген жағдай жоқ. Түркістан облысының медициналық ұйымдарының басшыларына МСАК ұйымдарында маймыл шешегі пайда болған жағдайда медициналық көмек көрсетуге дайындығын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, 2022 жылғы 1-маусым күні Облыстық клиникалық ауруханасында «Маймыл шешегінің этиологиясы, патогенезі, клиникасы, диагностикасы және емі» тақырыбында медициналық ұйымдардың емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары, инфекционистері мен эпидемиологтарға семинар ұйымдастырылып өткізілді. МСАК дәрігерлері, инфекционисттер, дерматовенерологтар маймыл шешегінің диагностикасы, емі және профилактикасы мәселелері бойынша каскадтық әдіспен оқытылды.
— Марат Орынбасарұлы, сүбелі сұқбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет!