МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ АҚТӨБЕ, ШІЛІК АУЫЛ ОКРУГТЕРІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

61
Бүгін аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы Ақтөбе, Шілік ауыл округтеріне барып, ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға «Amanat» партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров, ауыл округтерінің әкімдері мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Есепті жиында Уәлихан Жамалханұлы аудандық мәслихаттың 2024 жылы атқарған жұмыстары мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы баяндады. Халық қалаулылары билік пен бұқара халық арасындағы алтын көпір екенін айтып, көтерілген мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Төраға өз сөзінде өткен жылы ауыл тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылғанын баяндады. Атап айтқанда, тұрғындардың сұранысына сәйкес 2025 жылға Ақтөбе елді мекеніндегі орталықтандырылған ауыз су жүйелері мен Шілік – Ақтөбе бағытындағы 9 шақырым жолды жөндеуге қаржы қаралып, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ауыл округіндегі пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп, қайтарылған жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылымына беру жоспарлануда.
Жиын барысында ауыл тұрғындары А.Өмірзаққызы, М.Пірімқұл, С.Қадырбеков, Қ.Тәшімбетовтер сөз алып, ауылдағы амбулаторияға пеш орнату, электр жарығының қуатын арттыру, ортақ мал жайылымына жер беру секілді мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жайылымдық жер мәселелеріне қатысты сауалдарға үн қатқан ауыл әкімі Исахан Тайгелтір бұл мәселе жақын арада шешілетінін жеткізді. Яғни, пайдаланбай отырған жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алынатындығын сөз етті.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы жиында айтылған өзге де мәселелер өз бақылауында болатынын айтып, қажет болған жағдайда заңдылығына қарай тиісті орындарға депудаттық сауал жолдайтынын атап өтті.
Төрағаның есеп беру жиыны одан әрі Шілік ауылында жалғасын тапты. Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары мәслихат төрағасына бірнеше ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мәселен Ш.Бейімбет, М.Біләлов, Р.Төлебаев, Т.Адырбекова, Е.Балтаевтар елді мекендегі екі арықты бетондау, ауылға жаңа мәдениет үйін салу, интернет желісін жақсарту, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу бойынша сауалдарын қойып, төрағадан қолдау көрсетуін сұрады. Кездесуде айтылған мәселелердің бірқатары сол жерде шешімін тауып жатса, өзге де ауқымы үлкен мәселелерді аудандық мәслихат төрағасы өз бақылауына алып, қажет болған жағдайда тиісті орындарға депутаттық сауал жолдап, қадағалайтынын тілге тиек етті.
Аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы аталған ауыл округтеріндегі есеп беру кездесулері алдында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылармен кездесіп, қаржылай көмек көрсетті. Кездесу барысында ата-аналар қолдау көрсеткені үшін мәслихат төрағасына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.