«МАҚСАТЫМЫЗ – ЖАҺАНДЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ТҮСІНЕТІН САНАЛЫ ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУ»

236

Болашақ бағдарламасымен Британияда 2 жыл оқып келген Нартай Советханұлы Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Мектеп диреторының орынбасары бізбен сұхбатында Британ елі неліктен білім саласында алдыңғы қатарда тұрғанын, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің шәкірттері не себепті өзге мектептерге қарағанда жоғары нәтиже көрсететінін себебін әңгімелеп берді.

– Әңгімені зияткерлік мектебіндегі еңбек жолыңыздан бастасақ. Сонымен қатар шәкірттеріңіз бен олардың жетістіктері жайлы тоқтала кетсеңіз.

– Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетте математика мамандығын бітіріп, 2006-2008 жылдары Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы Абай атындағы гимназияда 2 жыл мұғалім болдым. 2008-2011 жылдары Семейдегі Төлебай Ыдырысов атындағы №16 мектепте, 2011 жылдың сәуірінен бастап 2021 жылға дейін Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істедім. 2021 жылдың қарашасынан қазірге дейін Түркістандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде директордың ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып келе жатырмын.

Шәкірттерім облыстық, республикалық жарыстардан талай рет орын алды. Облыстық жарыстан орын алған шәкірттерімнің бірі – танымал блогер, экономист Дәулет Мұқаев. Қазір инстаграмда 2 млндай фоллоуері бар @dauletten деген парқшаны жүргізеді. Көп қазақтың баспаналы болуына бағыт берумен айналысып жүр. Сомен бірге  мектепті алтын белгіге бітірді. Айғаным Әсел, Нұрбек Игіліков , Дамир Сәбитұлы , т.б. көптеген оқушылар бар.  Математикаға өте жүйрік осы балалар есімде қалыпты. Шәкірттерімнің осындай жетістіктерге жеткені мен үшін үлкен мақтанышым.

 

–Болашақ бағдарламасымен шетелде оқып келген екенсіз. Сол туралы айта кетсеңіз.

–Назарбаев мектебінде қызмет етіп жүргенде 2 жылдай Британияда оқып келдім. Нақтырақ айтқанда, Британияның оңтүстік-шығысындағы Брайтон қаласында Сассекс атты университеттің Білім департаментінде «Білім жүйесін диагностикалау, басқару және бақылау» мамандығы бойынша тағылымдамадан өттім. Ауылда өскендіктен 5-11сыныпқа дейін ағылшын тілін мүлде оқыған емеспін. Аттестатымда шет тілін оқымаған деп тұр. Университетке түскенде де шет тілінен қиналдым. Намысқа тырысып, бір жағы грантта оқығандықтан стипендиядан айрылмайын деп тырмысып оқып жүрдім. 2011 жылы Назарбаев мектебіне келгенде сол мәселе алдымнан қайтадан шықты. Курстарға бардым, нәтиже шамалы. 2013 жылы IELTS-тан 3,5 деген баға алдым. Ол 2 деген баға ғой. Сол уақытта математика, физика, механика мұғалімдеріне 3,5 деген IELTS-пен Болашаққа түсуге болады деген қаулы шықты. Маған берілген мүмкіндік осы деп, ештеңеге қарамай, сабағымды беріп жүріп, түн ортасына дейін өліп-талып ағылшынды оқып, IELTS тапсырып, Болашаққа түсуге тырыстым.

Біздің қоғамда «Мұғалім оқытпайды. Мұғалім үйретпейді. Мұғалім үйтпейді, бүйтпейді» деген әңгімелер айтылады. Британияда «бала 7-сыныптан бастап өз өміріне өзі жауапты. Өмірі сәтті болса да, сәтсіз болса да өзі кінәлі» деген концепция түбегейлі орныққан. Ал біздің жақта жаман болса мектеп немесе мұғалім кінәлі санадлады. Ондай емес. Бәрі адамның өзіне келіп тіреледі. Сен өзіңнің нәпсіңді, жалқаулығыңды, еріншектігіңді жеңбейінше жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Сол секілді бұл жердегі мектептерге тек қана пара беріп кіру керек деген түсінікті жою керек. Мысалы, біздің мектепте мықты-мықты кадрлар конкурсымыздан өтіп, қазір осы мектепте қызмет атқарып жатыр. Бізге, зияткерлік мектеп тарапына айтылып жатқан қынжылтатын сөздер көп. Бірақ, бұл мектептің мақсаты біреу ғана – 3 тілді меңгерген, жаһандық мәдениетті түсіне алатын, елді, қоғамды, Қазақстанды алға жетелейтін, білімді, зияткер ұрпақты тәрбиелеу.

Зияткерлік мектепте біліммен мыңды жығатын академиялық ортаны қалыптастыру басты мақсатымыз. Біздің мектептің көптеген оқушылары шетелге түседі. Сондықтан болар, көпшілік шетелге маман дайындап жатыр деп ойлауы мүмкін. Бірақ, біздің білім беру бағдарламамыздың ішінде «hydden culiculum» бар. Қазақша айтқанда, «жасырын бағдарлама». Яғни, Отанға, елге, жерге, үлкен кісіге, ата-анаға, айналаңдағы адамдарға, өзге діндегі жандарға, басқа елдегі мәдениетке деген құрмет, адалдық, ашықтық секілді құндылықтардың барлығы «NIS Program»-ға жасырын енгізілген. Сол арқылы балалардың бойына құндылықтар сіңіріліп жатыр. Зияткерлік мектепті бітірген бүкіл оқушы болмаса да, бітірген 100 оқушының 20-сы нағыз құндылықтарды бойына сіңіріп, ертеңгі күні білім-ғылыммен айналысып, технологияны дамытса, бізге соның өзі жеткілікті. Зияткерлік мектептердің құрылғанына 13 жыл ғана болды. «Нәтижесі қайда?» деген сияқты әңгімелер айтады. Қарап тұрсаңыз, біздің ең алғашқы түлектердің өзі 2012 жылдары аяқтады. Сол кезде 17-де болса қазір 27-де. Максимум отызға келіп жатыр. Енді-енді қоғамға, елге, Қазақстанға еңбек сіңіреді деген сөз. Зияткерлік мектепті бітірген мықты-мықты шәкірттеріміз өте көп. Олар міндетті түрде ерте ме, кеш пе, елдің экономикасына, дамуына үлесін қосады деген ойдамыз.

 

–Математиктерден кімдерді үлгі тұтасыз? Ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

–Университетте Қажи Нұрсұлтанұлы есімді профессор дипломдық жетекшім болған. Сол кісіні қатты үлгі тұтамын. Жас кезімізде ол кісінің қадірін білмедік. Кейіннен ойлаймын, сол кезде қадірін білгенімде, дүниеден өткенінше қасынан бір елі ажырамайтын едім. Ол кісі 2011 жылы дүниеден өтіп кетті. Университетте математикалық анализ, алгебра, логика, математика тарихы пәндерінен дәріс беретін. Диссертациясының тақырыбы «Қазақ математикасының тарихы» болды. Көптеген еңбектер жазған. Ол кісі белгілі ғалым, математик Орымбек Ахметбекұлы Жәутіковтің тікелей шәкірті. Өзі өмірден өткенше Жәутіковты қатты құрметтеді. Алматыда педагогикалық инсттитутта Жәутіковтен математика тарихы бойынша аспирантураны оқыған. Сондықтан Қажи Нұрсұлтанұлын қатты құрметтеймін. Семей өңірінен шыққан мықты балаларды Алматыдағы Жәутіков атындағы физика-математика бағытындағы мектепке жіберіп отырған.Кейіннен сол шәкірттерінің барлығы республикаға танымал, Ломоносов олимпиадасының жүлдегер-лері атанған мықты оқушылар болды.

Кезінде қадірін қатты білмедік. Қазір сол кісінің еңбектерін зерттеп, зерделеп жатырмын. Өткенде біздің қазақ тілі кафедрасының мұғалімдері ұстаздарыңыз болса ақпарат беріңіздер, Уикипедияға енгізейік деді. Сол кісінің өмірін, еңбектерін Уикипедияға енгізіп қойдық. Сол тау тұлғаның құрметіне төрт жылдан бері «Қажи Нұрсұлтанұлы атындағы олимпиада және мұғалімдер конференциясын» дәстүрлі түрде өткізіп келе жатырмыз. Қажи Нұрсұлтанұлы атында болу себебі – ол кісі Алаш дегенде ішкен асын жерге қоятын Алашшыл азамат. Бүкіл Алаштың математиктерін зерттеген. Мысалы, Міржақып Дулатұлы ең алғаш қазақ тілінде есеп құралын жазғанын, Сәтбаевтың алгебра оқулығын жазғанын сол кісі айтпаса, біз біле бермейміз. Әлімхан Ермеков туралы көп айтатын. Әлімхан Ермековтің «Ұлы математика курсын» зерттеген. Неге сондай адамның аты аталмасқа? Неге сондай адамды қазақтар үлгі тұтпасқа? Нағыз ғалым, патриот азамат еді. Қажи Нұрсұлтанұлы өмір бойы елім, жерім деп шырылдап өмірден өтті. Қазақтың тілі, ғылымы, білімі үшін көп тер төкті, еңбектер жазды. Осы айдың 7-сі күні Семей қаласындағы Төлеубай Ыдырысұлы Аманов атындағы №16 мектепке мені қонаққа шақырып жатыр. Қажекең сол мектепке Аманов атын беруге тікелей ат салысқан тұлға. Өйткені, Аманов сол Семейдегі N°16 мектепте оқып, алтынға тәмамдаған. Оның үстіне, бүкіл құжаттарын, диссертациясын неше түрлі конференцияда қорғап, сол кісіге лайықты деп мектепке атын бергізді. Алматыда пединсттитутта істеген кезінде қаншама жыл Амановтың ассистенті болып істеген. Біз, қазақтар, Аманов туралы көп біле бермейміз. Ал оны әлем мойындаған. Американың космонавтикасы Аманов кеңістігінің есептері арқылы космосқа ұшқан. Мұны біз білмейміз. Өйткені, өзіміз ғылымды меңгерген ғалымдарымызды бағаламаймыз. Соларды Қажи Нұрсұлтанұлы дәріптеді. Орымбек Жәутіков, Сәдуақас Хасенұлы секілді небір мықты математиктердің еңбектерін жарыққа шығарды. Сондықтан Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында сол кісінің атына 4 жыл бойы пән олимпиадасын ұйымдастырып, өткізіп келеміз. Әрине, мен жалғыз емеспін. Тұтас команда жұмыла кіріседі. Ол олимпиадамыз былтыр халықаралық деңгейге шықты: Ресейден, Моңғолиядан математиктер қатысты. Биыл бұл білім бәйгесіне 5-жыл толып отыр. Адамдар көп нәрсенің қадір-қасиетін біле бермейді. Конференцияны 4-жыл бойы тегін өткізіп келеміз. Комиссия өте мықты. Өте құнды деген материалдарды ғана конференцияда тыңдауға аламыз. Себебі, өте мықты команда құрдық. Сол командамен жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұйыртса, конференцияның авторлық куәлігін алайын деп жатырмыз. Куәлігін алған кезде қор ашсақ деген ойымыз бар. Өйткені, 5-жыл болғандықтан лайықты деңгейде, математик-ғалым, тілтанушы, зерттеуші деген атына лайықты түрде кең көлемде, тағылым алатын дүние өткізгіміз келеді.

Қажи Нұрсұлтанұлы атындағы ғылыми конференцияның тұрақты үш мақсаты бар: 1. Іс-әрекетті зерттеу; 2. Заманауи методикалар; 3. Өңірлік ғалым-математиктерді насихаттау. Міне, осы 3-тармағының маңызы зор. Ұмытылып бара жатқан ғалымдарымызды, академиктерімізді паш ету. Жай паш етіп қана қоймай, ұрпақ санасына әсер етсе дейміз. Ел тарихына үңілсек соғыста жеңілуіміз, көп қырылуымыздың себебі, ғылым мен техниканы меңгермеуінен. Жауларымызда зеңбіректей отты қару болғанда бізде садақ пен найзадан басқа ештеңе болмады. Әлі күнге дейін сол күйде жүрміз. Қайта-қайта әскери нүктелер жарылып кетіп жатыр. Тәртіп, жүйе жоқ. Кейде біздің дамымауымыздың себебі сол жүйесіздіктен бе деп ойлайсың. Өзім Британияда 2 жыл жүргенде көзім жеткені, біз 1-2 ғасыр артта қалып қойғанбыз. Оны көпшілікке айтып түсіндіре алмайсың. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы тойланып жатыр. Кешегі «Ұлт ұстазы» деген фильмді көрдіңіздер. Олар түрмеде отырса да, қақ шекесіне мылтық тақап тұрса да елі үшін, жері үшін аянбай, еңбек етті. Қазір барлық жағдай жасалып тұрса да, анау жоқ, мынау жоқ деген сылтауды көп айтамыз. Оқы десең кітап жоқ дейміз. Кітаптың барлығы телефонда бар. Үйрен десең қайдан үйренеміз дейді. Оның бәрін ютубтан тегін үйренуге болады. Тіпті, мұғалімсіз сабақ оқи беретін заман туды. Бірақ, соның қадірін біліп жатқан ешкім жоқ. Әсіресе жастар уақыттарын босқа кетіріп жатыр. Контенттеріне қарасаң, ыртың-жытрың, ән, биді ғана көреді. Одан қалса, басқа балалардың жасаған ойындарын ойнайды. «Ойын ойнағанша сол ойынды жаса, бағдарламалау деген сол» деймін шәкірттеріме. Осының салдарынан Байқоңырға да ие бола алмай отырмыз. Байқоңырды Ресей басқарып отыр. Себебі, бізде оны жүргізетін мамандар жоқ. Елімізге мықты кадрлар керек. Зияткерлік мектепті бітіріп жатқан шәкірттеріміз елге қызмет қылады деген ойдамыз. Өзім тәрбиелеген оқушыла-рымның барлығына мүмкіндігінше ұлттық рух, сана, ой еркіндігі мен еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға әрқашан тырысамын.

 

– Біздегі білім беру жүйесіне көңіліңіз тола ма? Өзгерткіңіз келетін немесе дамытуды қажет ететін тұстары бар ма?

– Ақырындап өзгерістер болып жатыр. Дегенмен де бас шайқайтын тұстары бар. Британияда жүргенімде сол жақтың мектептерін зерттеп, білім беру жүйесінің қалай екенін өзімізше талқыладық. Айтып өтетін тұстары өте көп. Қарапайым мысал, Англияда университетке түсу өте күрделі. Мектепті 1000 бала бітірсе 10 бала ғана түсетін шығар. Бізде грант деген судай тегін. 50 мың бала бітірсе, 50 мыңына да грант бере салады. Тегін нәрсенің қадірі болмайды. Әрине, жағдайы жоқтарға мүмкіндік жасаған жақсы. Өзіміздің де әке-шешеміздің ақылы оқытуға жағдайы болған жоқ. Ол кездері грант аз болатын, қазір көп. Меніңше, колледждердің санын көбейтіп, университетті азайту керек. Себебі, университетке ең-ең деген мықтылары түсу керек. Біздің зияткерлік мектептің де қағидасы сол. Бағдарлама Cambridge-бен кіріктіріліп жасалған. Бас жағын алып, соңғы жақтарының кейбір жерлері дұрыс жасалмаған деп ойлаймын. Мүмкін мен дұрыс түсінбеген шығармын. Бірақ, біздің жүйеміз өте күшті. Өйткені, емтихан өте қатал түрде алынады. Сондықтан, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мықты. Барлық жерде камералар тұр. БЖБ, ТЖБ-ларды өте қатты қадағалаймыз. Бағалауды дұрыс түсіну керек және дұрыс жасау керек. Жай мектептердегі мұғалімдер үлгі ретінде жасалған материалдар базасындағы материалдарды бақылауға ала салады. Бұрын өзім де жай мектепте жұмыс істедім. Олар сол сайттан жүктеп алып, мүлде сабақ оқымайтын. Жауабымен тұрған есепті көшіріп, жаза салады. Солай өзін-өзі алдайды. Кейбір жалқау мұғалімдер соны істегісі келмей, жаңағы сайттан ала салады. Сосын сапаны күшті көрсетіп тұрады. Өзін-өзі алдаған адам ешқашан оңбайтынын сіз де, біз де жақсы білеміз. Зияткерлік мектепте олай емес. Біз үлгі ретінде сол жерге салып қоямыз. Мысалы, мен 9-сыныптың бақылау жұмысына жауапты болсам, өзім істеп, ешкімге көрсетпеймін. Балалар сол болатын күні ғана көреді. Бақылау кезінде кәдімгідей қиналып кететін де балалар болады. Біреуден көшіріп те ала алмайды. Өйткені, бақылау кезінде бәрін бір-бірден отырғызамыз. Жан-жағына бұрылып та қарамайды.

Жай мектептерді жетілдіру үшін мектептің жағдайын жасау керек шығар. Зияткерлік мектептің жайлылығы күшті. «Балаға жаның ашыса, оны аяма» демекші, аямасаң ғана нәтиже болады. Біз оларды аяймыз. Оқушыға ұрыссаң, «неге балама ұрысасың?» деп келетін ата-аналар бар. Өздері ұрыспайды, басқаға да ұрыстырмайды. Мұғалім болғаннан кейін соны адам қылайын, білімді етейін деп ұрысамын. Әйтпесе, арнайы жеке басына жөнсіз ұрысуға ешкімнің құқығы жоқ. Демек, қоғамның мәдени санасын жетілдіру керек.

Жай мектепте емтиханды өз мектебінде, өз мұғалімдері алады. Олар міндетті түрде оқушыларым жаман нәтиже көрсетіп қалмасын деп көмектеседі. Алтын белгісіне де, 3 алатынына да көмектеседі. Осылай сен өзінің әлсіз тұсын жасырады. Демек, ол жерде мұғалім әлсіз болып тұр. Егер мұғалім өзіне сенімді болса ешкімге көмектеспеуі керек. Оқушым 2 алып қалса директор ұрсады деп қорқады. Яғни, айналып келгенде барлығы сенімсіздікке тіреліп тұр. Британияны көрген адам ретінде айтарым, Британияның алда тұруының себебі 10-сыныпты бітірген кезде емтиханды мектеп емес, арнайы емтихан алатын жеке мекемелер алады. Мысалы, Түркістандікін Семейдің емтихан алатын орталығы алады. Ал Түркістандықтар Атыраудікін алады. Сөйтіп, олар ешкімді танымағандықтан ақты ақ деп, қараны қара деп, шынайы бағасын қойып береді, 2 алған оқушыға аттестат емес, 10 жыл бойы мектепті тыңдап шықты деген анықтама береді.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет. Еңбегіңізге табыс тілеймін! Шәкірттеріңіз биік белестерден көріне берсін!

Әңгімелескен:

Гүлжан НИЯЗОВА.