КИЕЛІ ШАҺАРДА ҚАЙЫРШЫЛАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

245

Соңғы мәліметтерге қарағанда Түркістан қаласының аумағы 22,4 мың гектарды қамтиды. Биылғы жылдың тамыз айында халық саны 194774 адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6% артқандығы байқалды. Былтыр қала халқы 187998 болды. Яғни, бір жылдың өзінде 7776 адамға артқан. Қаладағы қазақтар саны – 72,1% құраса, өзбектер – 25,6% қалғаны өзге ұлт өкілдері.

Мұсылман халықтары қала жағдайында болса да, мүмкіндігі болса, көп балалы болуға тырысады. Бұл бір жағынан еліміздегі демографиялық ахуалдың көтерілуіне әсер етіп, болашақ ұрпақтың киелі шаһардың дамуына сүбелі үлес қосуына әкеледі. Алайда, біз осы қаланың қарыштап дамуына, қала тұрғындарының өз дәрежесінде тұрмыстық, әлеуметтік жағдайына шын мәнінде назар аударып отырмыз ба деген мәселеге шынайы түрде тоқталғанды жөн көрдік. Жақында Қазақстанның статистикалық орталығы ел тұрғындарының орташа жалақысы 299 мың теңге деп айды аспанға шығарды. Біздің сараптауымызша, түркістандықтардың орташа жалақысы 100 мың теңгеден аспайды. Бұл жерде қала әкімдігі мен тиісті бөлім басшылары қол қусырып қарап отыр деуге болмайды. Басқа қалаларға қарағанда Түркістанда барлық салада ілгерілеу байқалады.

Әсіресе, халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі атқарылуда. Ұлттық жобаның «Еңбек» бағыты бойынша 6912 адам жұмыспен қамтылды. Аз қамтылған азаматтарға 3727 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Халықты жұмыспен қамту, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі атқарылуда. Атаулы көмек алатын отбасыларға, 3927 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет берілді.

Түркістан қаласында 4 ҰОС ардагеріне 1 миллион теңгеден және 409 тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден қаржылай көмек төленді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда. Биылғы жылы тоғыз айында 3716 астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 380 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 400 сурдо – тифлотехникалық құралдармен қамтылды. 285 адамға қол арба әперілді. 304 адамға жеке көмекшілер қызметі бекітілді. 541 адамға шипажайға жолдамалар берілді. 198 адам инватакси қызметімен, 13 адам әлеуметтік такси қызметімен қамтылды.

Бұл қала әкімінің есебінде аталған көрсеткіштер. Алайда, қаланы жаяу аралап көретін болсаңыз базар маңында қайыршылар мен тіленшілер тым көбейген. Әсіресе, үлкен көшелердегі автокөліктердің кептеліп қалатын тұстарында алақан жаюшылар қаптап барады. Бұған өткен жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай амнистия жасалып, абақтыдан шыққандар да қосылған сыңайлы. Бұқаралық ақпарат құралдары көршілес екі мемлекет арасындағы соғыстан баспаналап келгендердердің шамадан тыс көбейіп бара жатқандығын айтып шулауда. Мәселен, Украйнадағы соғыс жағдайына байланысты 8,8 миллион украиналық Еуропаны паналаған. Біздің қаламызға Украина мен Ресейден және басқа жақтан келгендердің саны белгісіз. Әсіресе, киелі қаланы қаңғыбастар мен қайыршылардан құтқаратын кез келді. Олар жертөлелерді паналаса, онда өрт қауіспіздігінің алдын алуды ойластырған жөн. Бұл мәселеге Түркістан қаласының көші –қон полициясы тарапынан қатаң қадағалау, рейдтік шаралар өткізуі керек екендігі даусыз. Себебі, терезе ашық болса, таза ауамен бірге шаң-тозаң да кіретіндігін ескерейік.