«ЕР АДАМ ОТБАСЫНЫҢ ТЕК АСЫРАУШЫ БОЛМАУЫ ТИІС»

291

Тағдырдың талайы болар, қоғамда ерекше балалар өсіріп отырған отбасылар аз емес. Отбасылар дейміз-ау, көбіне ерекше бала күтімі мен ауыртпалығы анаға түсіп жатады. Мұндай ауыртпалықты көтеруге шыдамаған әке өзіне жайлы орта іздеп кететіні жасырын емес. Бірақ, баласы үшін шырылдап, басын тауға да, тасқа соғып жүрген әкелер де бар. Шарасыздықтан шыңырауға кетпей, баласының аяқтан тұрып кетуіне барын салып жүрген әке, әріптесіміз — Нұрлан Бектаев. Тұла бойы тұңғышына бір жарым жасында БЦП диагнозы қойылған. Оның ішінде спастикалық диплегия. Ол – аяқ-қолдың сіңірінің тартылуы. Икемге оңайлықпен келмеуі.

– Қызымызға осынау диагноз қойылған соң, емдеу бірден басталмады. Нақты қалай және қанша емделеміз? Бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ еді. Емханалардағы невропатологтарға барсақ, бас қысымына дәрі жазып береді. Қаралатын адам көп болғандықтан, дәрігердің қабылдауы 5-10 минуттан аспайды. Ал, ол уақыт баланы ортаға қосу үшін жеткіліксіз. Жүйке жүйесін емдеу – күрделі мәселе. Ол жерде ауқымды ем-дом тағайындау қажет. Сондықтан кеңес беретін маман іздеп, жекеменшік медициналық орталықтардағы дәрігерлерге де бардық. Ақшамыздың артықтығынан емес, қызымыз үшін сапалы ем іздегендіктен. Ақылы қабылдайтын дәрігерлер әр пациентке кемінде 25-30 минут бөледі. Сол уақытта біраз сұрақтың жауабын табуға болады. Басқа түскен соң, өзіміз де БЦП туралы көп іздендік. Көзіміз жеткені, мұндай диагноз қойылған балаларды, шартты түрде, 3 топқа бөлуге болады. Бір топтағы балалардың денесі қалыпты дамып, жүреді, жүгіре алады. Бірақ, ақыл-есінің дамуында кінәрат болады. Ал, екінші топтағы балалар барлығын түсінеді, әңгімелесе алады, бірақ, жүре алмайды, қолымен анық қимыл жасай алмайды, қоларбада отыруға мәжбүр. Сәл де болса қуантатын жағдай – үшінші топтағы балаларда интеллект сақталады, тек аяқ-қолының қозғалысында аздаған тежелулер болады. Екі жағы біршама теңдеу. Құдайға шүкір деп айтайық, менің қызым осы үшінші топқа жатады, — деп әріптесіміз өткен күнді еске алды.

Нұрланның айтуынша, қызына ем іздеп жүргенде түрлі жағдайдың куәсі болған. Тіптен, әке қамқорлығына мұқтаж баланың қасынан табылудың орнына қара басының қамын ойлап, күресуден гөрі жеңілуді таңдаған жандардың көп екенін тілге тиек етті.

— Көрдіңіз бе, БЦП-ның ауырлығы сондай, біз осы үшінші топқа жатқанымыздың өзіне шүкіршілік айтып отырмыз. Себебі, жаңа айтып өткендей, мұндай балалардың көбісінің жағдайы ауыр. Бұл – тұмау сияқты жазылып кете салатын дерт емес, өте ауқымды диагноз. Оған шалдыққан бала ұзақ уақыт бойы ата-анасының, ересек жандардың қолдауына зәру болады. Өкінішке орай, кейбір әкелер баласына қойылған осы диагнозды естігенде отбасын тастап кетіп жатыр. Ондайды естіп те, көріп те жүрміз. Әрине, барлығы емес, бірақ, бар. Ал анасы баласымен қалады. Осылайша жалғызбасты аналар, жетім балалар көбеюде. Қоғамда жағымсыз құбылыс туындайды. Сол қоғамда біз де бармыз. Басқаны емес, өз жайымды айтсам, қоғамдық орынға, көпшілік ортасына аяғын сылтып басатын қызымызды жетектеп келсек, кейбір ата-аналар дені сау балаларға бірдеңе жұғып кететіндей үрке қарайды. Үрке қарамаса, сынай қарайды. Оларда мың сұрақ, ал бізде – жауап жоқ, — дейді кейіпкеріміз.

Әрбір ерекше баланың ата-анасы перзентіне күтім жасап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, ортаға қосу үшін кейде өмірлік ұстанымы мен қызығушылығын да шетке ысырып, құрбандыққа барып жатады. Әрине, бұл — әкелік қамқорлық, ата-аналық мейірім. Бірақ, бүгінгі қоғам үшін мұның өзі таңсық дүниеге айналғандай.

— Кейде бос уақыт бола қалса, өзгелер сияқты тез арада кино көруге немесе саябаққа серуендеуге, мереке күндері көпшілік орындарға жиі бара алмаймыз. Себебі, көпшілік орта – бізге қолайсыз. Ойнап, жүгіріп жүрген балалардың біреуі болмаса біреуі байқамай, қызымды қағып кетуі мүмкін. Ешкім әдейі істемейді, дегенмен, арамызда мүмкіндігі шектеулі жан бар екен деп, ешкім сізге арнайы жағдай жасап бермейді. Осындай жағдайды көре жүріп, мен бос уақытымның барлығын қызыма арнаймын деп шештім. Шештім деймін-ау, мұндай ой саналы түрде, өзінен-өзі қалыптасты. Жұмыс күндері кеш келетіндіктен, демалыс күндерді қызыммен бірге боламын. Бұрындары достармен, таныстармен жиі кездесіп, футбол ойнап тұратынбыз. Бері келе ондай кездесулер азайды. Қызым мені үйде күтіп отырғанда қайдағы көңіл көтеру?! Айына бір рет күні бойы қызыммен бірге қалып, анасын бір сәт көңіл серпілтіп қайтуға жіберуге тырысамыз. Себебі, мен жаман-жақсылы жұмыста жүрген, күндіз көпшілікпен араласып жүрген адаммын. Ал, бала күтімімен үйде отырған келіншегім көрген күйзелісті мен өзім де елестете алмаймын. Қызымды емдеу жолында түрлі ата-аналармен сөйлестім. Сонда байқағаным, ауруханаға жатудан басқа жұмыстың барлығына өзім жүгіретіндіктен, кейбір ата-аналар мені көргенде таң қалады. Сұрастыра келе 3 жыл бұрын біз сияқты ерекше балалардың ата-аналарының әлеуметтік желідегі республикалық чатына қосылдым. Сонда білгенімізбен бөлісіп, сұрақтарға жауапты бірге іздеп отырамыз. Міне, сол чаттағы аналар үшін де әкесінің қызына қамқорлық жасауы, емдеу туралы мәліметті анасы емес, өзі іздеп отырғаны күтпеген жағдай болды. Бұл – біздің қоғам үшін ер азаматтың, әкесінің ерекше балаларға қамқорлық жасап жүргені таңсық деген сөз! Ал бұған біз, ер-азаматтар, алдымен өзіміз кінәліміз! Біз неге тек отбасын асыраушы ғана болуымыз керек? Мойындаймын, қызым дүниеге келгенге дейін менде де сондай көзқарас болды. Жұбайыма келіп, «Міне, ақша. Қалғаны сенің жұмысың» деген сәттерім де болды. Ал, қазіргі көзқарасым мүлде бөлек. Ақшаны табу мен жарату, жалпы отбасылық проблеманың барлығы дерлік менің мойнымда. Ер-азаматтың отбасы алдындағы жауапкершілігі, әйеліне қамқор болуы сол үйдегі әйелдің жұмысын істеу деген сөз емес. Сіз балаларыңыздың тәрбиесімен айналысып, ойнап, уақыт бөліңіз. Ал, ерекше балалары бар отбасындағы қамқорлық, ұят та болса айтайық, баласын тастап кетпеуден басталады! — дейді Нұрлан Бауыржанұлы.

Кейіпкеріміз отбасындағы әкенің тәрбиесі мен қамқорлығы тек ұл бала үшін емес, қыз баланың қалыптасуына да әсер ететінін айтты.

— Ер-азамат отбасында басты адам болуы керек. Бірақ, ол тек ақша табумен шектелмей, жауапкершілікпен де көрініс тапса, балаларымен тығыз байланыс орнатса игі. Себебі, балаға әкесі мен анасының тәрбиесі тең таразыдай, бірдей қажет. Ұл бала әкесінің тәрбиесін көріп өсуі керек десек, қыз баланың өз өмірінде алғаш көріп, байланыста болатын ер адамы – әкесі. Сол әкесіне еркелеп, ақылын естіп, тәрбиесін көріп өскен қыз баласы ертең үлкен өмірге қадам басқанда басқа адамдармен, оның ішінде ер адамдармен қандай байланыс жасау керегін біледі. Әкесінен мақтау естіп, керек кезінде тыйым көріп өскен қыз басқа жігітпен қарым-қатынасын дұрыс реттей алады, — деп өз ойымен бөлісті қамқор әке.

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмас. Әке – ұстаз, әке – асқар тау. Бүгінгі қоғамдағы әке беделін көтеру үшін Нұрлан секілді әкелер көп болуы керек шығар. Абайды тәрбиелеген Құнанбайдай болу керек-ақ. Сонда ғана әкеден озық ұл туар, әкенің қадір-қасиетін көтерер. Мұндайда француздың философ-жазушысы Жан-Жак Руссоның «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол — адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты» деген сөзі ойға оралады.