ТҮРКІСТАНДА ТАНЫМАЛ БРЕНДТЕРДЕН КЕМ ТҮСПЕЙТІН ӨНІМДЕР БАР

145

Түркістан қалалық мәслихат депутаттары соңғы уақытта отандық өнім шығаратын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді насихаттап, қолдау көрсету мақсатында шаһардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысымен танысып жүр. Атап айтсақ, апта басынан бері жалғасып жатқан кездесулердің келесі күнінде қалалық мәслихат хатшысы М.Таңғатаров, қалалық мәслихат депутаты С.Ханділлаев бастаған депутаттар және «Түркістан» қалалық газетінің директоры М.Дәулетов шаһардағы өндіріс орындарын аралап, шеберліктен айтулы кәсіп иесіне айналған және өнімдері осы өңірде үлкен сұранысқа ие болып үлгерген азаматтардың жұмысымен танысуда.

Сапасы да, бағасы да түркістандықтарға қолжетімді өнімдер тек қаламызды ғана емес, Қазақстанның бірнеше облыстарын қамтамасыз етіп жатыр.  Толығырақ айтсақ, Баһадүр есімді кәсіпкер 2018 жылдан бері есік жасап шығарумен айналысады. 18 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер қажетті шикізаттарды шетелден алдыртып келеді. Айтуынша, сәнді де сапалы есіктерді Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Тараз облыстарына тасымалдап келеді. Ал Саидбек есімді азамат бес жылдан бері үйдің ішіне арналған ағаш есіктер шығарып келе жатыр. Арнайы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген жұмыс орнымен танысу барысында түркістандықтардың аталған өнімдерге сұранысы жоғары екенін байқадық.  Келесі кәсіпкер есіктер мен үй жиһаздарына арналған өрнекті әйнектер жасауды қолға алған. Айта кетерлігі, шикізатты Қытайдан алдырғанмен, барлық жұмыс Ұлықбек бастаған жігіттердің өз қолымен әзірленеді. Сондай-ақ, еврожөндеуге қажетті үй қабырғаларының ернеуіне арналған гипс тақталар өндіруді қолға алып келеді.

Қазіргі таңда Түркістанда аяқжолға арналған тас төсеуіштер өндіру дамып келеді. Осы кездесуде қалалық мәслихат депутаттары аталған кәсіпті дамытқан азаматтың жұмыс орынымен танысып, бірнеше жеңілдіктер туралы толық ақпарат берді.

Байқауымызша, төрт кәсіпкердің иелігіндегі өндіріс орындарының әрқайсысында кемі 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, кездескен азаматтардың барлығы дерлік өндірістерін ұлғайтуға ниетті.

Алдағы уақытта Түркістанда өндіріліп жатқан сапалы әрі қолжетімді бағадағы өнімдерді жергілікті «Түркістан» қалалық газетінде кеңірек баяндалып, жарияланбақ. Шетелдік танымал брендтен сапасы бір мысқал кем түспейтін түркістандық шеберлердің қолынан шыққан дүниелер мемлекет тарапынан қолдау табатынына сенім мол!

Дәурен ТІЛЕУХАН.