ТҰРАБАЙ МЫРЗАХМЕТОВТЫ ЕЛІ ЕСКЕ АЛДЫ

323

Қасиетті шаһардың басты басылымы – «Түркістан» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне биыл қазан айында 92 жыл толды. Оқырманды рухани дүниелермен сусындатып, күнделiктi жаңалықтарды жедел жеткiзуге тырысатын Түркiстан қалалық «Түркiстан» газетi 92 жылдық тарихты артқа тастады. Сонау 1930 жылғы 4 қазанда «Қызыл Түркiстан» деген атпен iргесi қаланып,1962 жылдан бастап «Коммунистiк еңбек» болып, тәуелсiздiк алғалы «Түркiстан» атауымен жарық көрген газет қала шежіресінің қайнар бұлағы болды. Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Халықтың үнi, құлағы һәм тiлi» бола бiлдi.

Тоқсан екі жыл. Заман таразысына салар болсақ осы уақыт аралығында тарихтың көш керуені қандай соқтықпалы жолдардан өтпеді… 30-ыншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде аш құрсаққа рухани азық болу ниетімен жарық көрген басылым 1937 жылғы нәубет-зобалаңды, 1941- 1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысының зардаптарын, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруді, тың игеруді, бесжылдықтың балғаларын солқылдата соққан социализм кезеңін, тоқырау дәуірін, қайта құруды, бәрі-бәрін халық үнімен үндестіріп, оқырмандарға жеткізді. Әсіресе, қуғын-сүргін мен екінші дүние жүзілік соғыс жылдары ел басына түскен ауыртпалықты бөлісіп, халықты ертеңгі күнге сеніммен қарауға шақырып отырды. Бесжылдықтар белесіндегі еңбек озаттарын дәріптеп, олардың іс-тәжірибелерін насихаттады.

Тәуелсіздік алғалы бері ел тарихы да «Түркістанның» сарғайған беттерінде сайрап тұр. Қаланың тарихын, өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі ұлан-ғайыр, жаңалықтардың жаршысы болды, ел тағдырына араласты. Газет кезінде Түркістан ауданы ғана емес, Созақ, Алғабас, Қызылқұм аудандарына тарап, олардың тыныс-тіршілігін жазғанын да сарғайған газет беттерінен білеміз.

Өткен жұма күні «Қызыл Түркістан», «Коммунистік еңбек» газетін, яғни бүгінгі «Түркістан» қарашаңырағын 30 жылдай басқарған редактор, шорнақтық жазушы, журналист Тұрабай Мырзахметовтің 100-ге толуына орай, шығармашылық ұжым, БАҚ және қаланың зиялы қауым өкілдері лайықты түрде атап өтті.

«Айтолсын» мейрамханасында өткен еске алу кешінде алдымен, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында Тұрабай ағамыздың «Түркістан» газетін басқарған ұзақ жылғы басшылық қызметінен үзінді көрсетілді. Керемет қойылым болды, сөзсіз. Сол уақытта тілші қызметін атқарып жүрген жас маман Балтабай Нұржановтың жұмысқа он бес минутқа кешігіп келгенін көрген редактор Тұрабай Мырзахметов жас маманды жұмысқа кіргізбей жібереді. Енді не істеймін,-деп дел-сал күйде қаққан қазықтай қалшиып тұрған жас маманға жауапты хатшы Жұмекең: «Енді көзіне көрінбе. Баспаханаға бар да бетке түсетін материалыңды жаза бер» дейді.

Мәдениет үйінің қызметкері, актер Шакен Амантұров Тұрабай көкемізді айнытпай салғаны соншалық, оқиға желісін сілтідей тыныштықта көрген кеш қонақтары риза пейілдерін көрсетті.

Қалалық мәдениет үйінің актерлері қойған көрініс шынында біздің де көзімізге ыстық көрінді. Өйткені, Балтабай Нұржанов ағамыз көзі тірісінде «Түркістан» газетінің 75 жылдығына орай басынан өткерген осы жағдайды баяндап, Тұрабай Мырзахметов жайлы естелік жазған болатын. Сол естеліктен алынған көрініс шынайы бейнеленгені жанымызға жақты.

Еліне адал қызмет еткен баспасөз саласының майталманы, үздік редактор, қарымды қаламгер, білгір журналисті еске алып, есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен кеште оның көзін көрген замандастары мен шәкірттері, бүгінгі таңда ізін жалғастырып келе жатқан әріптестері сөз сөйлеп, ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы Елтай Бимаханбетұлы, ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрмахан Назаров, ардагер дәрігер Кеңесбек Бөкебаев, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, журналист зерттеуші Сейдолла Садықов, ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, ардагер журналистер Балтакүл Оспанова, Роза Нарымбетова және басқалар сөз алып, Тұрабай Мырзахметовтың өмірі, газетті ұзақ жылдар абыройлы еңбегімен басқарумен қатар өз шенінен талай журналистерді шығарған ұстаздығы мен журналистігі хақында сыр шертті.

«Айтолсын» мейрамханасында өткен еске алу кешіне көзін көрген зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері және Тұрабай Мырзахметов көкеміздің ұл-қыздары қатысты.

Биыл Тұрабай атамыз тірі болса, 100-ге толар еді. Тұрабай Мырзахметов 1922 жылы Түркістан ауданы, Шорнақ ауылында туған. Түркістан педагогикалық училищесін 1941 жылы бітірген. 1941-1947 жылдары Фрунзе ауданы партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, 1947-1954 жылдары «Стахановшы колхозшылар» газетінің редакторы, Мақтаарал ауданы газетінің редакторы, 1954-1955 жылдары «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы, 1956-1958 жылдары КОКП Орталық комитетінің Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды.

Тұрабай Мырзахметов 1958-1959 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, 1959-1962 жылдары «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы, 1962-1985 жылдары ауданаралық «Коммунистік еңбек», «Коммунистік мехнат» газеттерінің редакторы, 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» белгісімен, «Ерекше еңбегі үшін» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Тұрабай Мырзахметовтың «Түркістан» газетінің 2005 жылғы 26 тамыздағы санында жазған материалынан естелігін берсек: «Редакторлық қызметті 1954 жылы қабылдап, 1955 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға түскенше қызмет істедім. Менен кейін аудандық газеттің редакторлығына бұрын редактор болып істеген, республикалық партия мектебін бітірген Абдужаппар Абдусаттаров тағайындалды.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болып істеп жүрген кезімде облыстық партия комитеті 1959 жылдың аяқ шенінде «Қызыл Түркістан» газетіне редактор етіп жіберді. Ол кезде аудандық газет қазақ, өзбек тілдерінде аптасына бес рет төрт бет болып шығатын. 1960 жылдан бастап газет аптасына үш рет шығатын болды. Мұның өзі газеттің оперативті, уақтылы шығуына үлкен ықпал жасады. 1962 жылдан бастап газеттің аты өзгерді. Газет «Қызыл Түркістан» орнына «Коммунистік еңбек» болып шықты», — деп жазылған.

Тұрабай Мырзахметов ұжымды ұйымдастырушы, басқарушы ғана емес, отбасының да ұйытқысы, өнегелі әке ретінде, сегіз баланы өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырды.

Иә, Тұрабай Мырзахметов жергілікті газетті басқарып тұрған шағында қаншама түркістандық журналистерді тәрбиелеп шығарды. Атап айтсақ, «Түркістан» газетінің 1985-1993 жылдар аралығындағы редакторы Әмидулла Көпбаев, 1993-1998 жылдары редактор болған Сырым Дағмырза, 1998-2013 жылдар аралығында редактор болған Балтабай Нұржанов, 2013-2017 жылдар аралығында редактор болған Асан Оспанов, республикаға танымал журналист Тілеуқабыл Мыңжасаров, марқұм Нұралы Дүйсекей сынды журналистердің барлығы дерлік Тұрекеңнің шекпенінен шыққан десек болады.

Тұрабай Мырзахметов басқарған жылдары басылымда Түркістан өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға аталмыш газет зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де, уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлесін қосты.

«Тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дегендей, биылғы жылы 100 жасқа толған Тұрабай Мырзахметовтың есімі алтын әріппен жазылып, Түркістан тарихында қалғаны сөзсіз.

Жиын соңында ұл-қыздарының ұйымдастыруымен ақ дастархан жайылып, марқұмның рухына арнап ас берілді.

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында із қалдырған» деп дана Абай айтқандай, жергілікті «Түркістан» газетін заманның қиын-қыстау кезеңінде 30 жылдай басқарған Тұрабай Мырзахметов ағамызды көзі тірі кезінде көрген — көзкөрген замандастары, ұрпақтар жалғастығы дерлік — бүгінгі таңда осынау басылымда еңбек етіп отырған әріптестері осылай еске алдық.

Біз де өз кезегімізде еске алу кешінің өз дәрежесінде өтуіне атсалысқан қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет пен осы мәдениет үйінің ұжымына айтар алғысымыз мол.

Ләззат САРЫБАЕВА