ЖАРНАМА ТІЛІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІНЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮР МЕ?

228

Түркістан қаласы соңғы жылдары туризмді дамытуға басымдық беріп отыр. 2018 жылы Қазақстан Республикасында орын алған маңызды оқиғаның бірі – Түркістанның жеке облыс атануы, Түркістан қаласының облыс орталығы болуы. Көне шаһардың өзгеше мәртебеге ие болуынан барлық түркі халықтары назарын аудартқаны белгілі. Түркістанның облыс ретінде жариялануы Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде бауырлас елдердің басшылары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Түркі халықтары үшін Түркістан қаласының бұрынғы тұғырлы қастерлі орынға қонғанын туыстас елдер өте жылы қабылдады. Қазақ хандығының астанасы болған, тағдырлы шешімдер қабылданып, хандықтың маңызды басқосулары мен шешімді кеңестері өткен шежірелі көне шаһар Қазақстанның туризмін дамыту деңгейіне көтерілді. Қаланың да, облыстың да алдағы уақытта негізгі дамуы осы туризм саласымен үндестікте. Түркістан қаласы әкімшілігі облыс әкімшілігімен бірлікте туризм саласында ірі жобаларды жүзеге асыруда. Түркістан қаласының мәдени, әлеуметтік, экономикалық жағдайын әлемдік деңгейде көтерілуі туризм арқылы болса, туризм саласының дамуы тікелей жарнамамен байланысты.

Әр өңірдің туризмін дамытуда сол мекен үшін маңызды саналатын нысандар болады. Сол нысандарды дұрыс таныта білуде жарнама жасаудың маңызы орасан зор. Сол жарнаманың көмегімен өңірдегі туризмдік маңызы бар нысандар брендке айналады. Сол сияқты Түркістан облысы туризмін дамыту үшін киелі өңірде дүниеге келген Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи мен Әбу Насыр әл-Фарабиді басты назарға алынып отыр. Әлемдік деңгейдегі тұлғалар мемлекеттік теңдесі жоқ символдық капитал ретінде танылуда. Отырарда туып, жетпіске жуық тіл меңгерген әлем білетін әл-Фарабиден басқа отыздан аса әл-Фараби, Сайрамнан шыққан үш Сайрами, Ясыдан шыққан бес Ясауи бар екен.

2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірге келгеніне 1150 жыл толды. Осыған сәйкес, әл-Фарабиге қатысты кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұраларын зерттеп, туындыларын жарыққа шығарып, ұрпаққа таныстырып, ел ішінде, жастар арасында кең көлемде насихатталды.

Қожа Ахмет Ясауиді насихаттау жұмыстары үздіксіз жүріп отырады, өйткені Түркістан қаласы туризмінің бренді — Қожа Ахмет Ясауи, оның кесенесі, айналасына орналасқан «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені. «Керуен-сарай» кешені — Орталық Азияда баламасы жоқ және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін Түркістан өңіріне туристер мен инвестицияларды тартатын үлкен туристік орталық.

«Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешеніне Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталықтары кіреді.

2019 жылы Түркістан қаласында Ясауидің ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар мен тарихшылардың басын қосқан халықаралық конференция өткізілді. Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсірілуде. Білім бәсекелерін өткізу жоспарлануда, арнайы мемлекеттік тапсырма бойынша Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті деген оқу орны ашылды. Жаңа Түркістан қаласында Ясауи мұражайы салынды. Түркістан қаласында Ясауиға деген құрметті жоғарылату, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамыту көзделіп отыр. Түркияда Мәулана Жалаладдин Руми (жылына 2,5 миллион), Қажы Бекташ Уәли (500 мың) сияқты атақты кісілердің жатқан жеріне көптеген мұсылман зиярат жасайды. Осы тұста туристерді киелі жерлерге, ұлттың рухани дамуында өз орны бар әулие-әнбиелердің жатқан жеріне зиярат еткендегі туристердің мақсаты ескерілуі тиіс. Түркістанға келген туристердің мақсаты Қ.А.Ясауи өмірі мен сол кездегі қазақ қоғамы, қазақ топырағындағы мұсылман дінінің өзіндік қыр-сырынан ақпарат алу. Сонымен қоса турист үшін ең маңыздысы саяхат кезіндегі эмоция. Түркістан жеріне келген турист мақсатына жауап бере алмауымыздың өзі Түркістан туризмінің дамуына қауіп бар екендігін көрсетеді. Түркістанды түлету мақсатында жыл сайын Ясауи фестивалі өткізілсе (Мәулана секілді) оның туризм саласына үлкен серпін берер еді. Жыл сайын Мәулана фестиваліне 2,5 млн турист баратынын ескерсек, қазақ елі де сондай мүмкіндіктен құр қалып отыр деп есептеуімізге болады.

Қала әкімшілігі қаланың көркін ажарландыра түсу үшін жарнама жариялаудың тәртібі мен талабын назарға алады. Осы мәселе бойынша облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 1 қараша отырысында талқылау өтіп, №43/465-ҮІ шешімімен жарнамаға қойылатын талап-тәртіптері ережелері бекітілді. Аталмыш ереже Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Жарнама туралы» Заңының 17-2-бабының 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 мамырдағы №37 жарнама туралы бұйрығына сәйкес жасалған.

Осы ережеде жарнамаға: «Жарнама дегеніміз кез келген құралдар арқылы кез келген нысанда таратуды мақсат еткен белгілі бір адамдарға емес және жеке тұлғаға, тауарларға, тауар белгiлерiне, жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге қызығушылығын қалыптастыруға шақыру немесе қолдауға арналған және оларды өткiзуге ықпал ететін ақпарат»,- деген анықтама беріледі. Байқап отырғанымыздай, бұл ереже мәтіні де алдымен орысша дайындалған. Сондықтан болар бұл ережені бірден түсіне қоюда бірқатар қиындықтар тудырады. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде тағы бір дәйектеме келтірсек: «Әлеуметтік жарнама – арнайы бір топқа арналмаған және коммерциялық емес қайырымдылық сипаттағы қоғамдық пайдалы мақсаттарға қол жеткізуге, әлеуметтік мүддедегі ақпарат». Ереже бастан-аяқ осы түсініксіз стильде құрастырылған, халық қалаулылары қалың ұйқы арасында бас шұлғып қалған кезде бекітіліп кеткен ереже болып тұр шамасы. Сонымен, жарнама жариялаудың ережесі мен талаптарын ұсынуға тиіс ереже өзінің тікелей қызметін атқара алмай тұр.

Осы ережеде жарнама нысаны мен субъектілерін толық ашып көрсетеді. Мысалы, «жарнама таратушы – мүлiктi пайдалануға беретін, оның iшiнде телерадио хабарларын таратудың тexникалық құралдары арқылы және өзге де тәсiлдермен жарнамалық ақпаратты тарататын, жарнаманы орналас-ыратын жеке не заңды тұлға».

Экономикада, жарнама жұмысында дараландыру құралы деген термин бар, ол – тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді), азаматтық айналым қатысушыларын (фирма атауы, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және басқасы) айыру үшін қызмет ететін белгі.

Туризм талаптарына сәйкес көше бойындағы барлық жарнама сыртқы көрнекі жарнама болып есептеледі. Бұл жарналамаларды орналастырған кезде оның көзге көрініп тұруы, эстетикалық сипаты, ешкімнің заңнамалық құқықтарына зиян келтірмейтіндігі ескеріледі. Сыртқы көрнекі жарнама нысандарына жарнаманы тарату және орналастыру үшін пайдаланылатын құрылыс жайлар, экрандар мен электронды таблолар, жарықты конструкциялар және өзге де құралдар жатады.

ҚР-ның аумағындағы жарнама мерзімді баспасөз басылымдарда, интернет-ресурстар, ақпараттық агенттіктерде қазақ және орыс тілдерінде, жарнама берушінің қалауы бойынша таратылады. Жарнама мазмұнының аудармасы негiзгi мағынаны бұрмаламауды есте ұстайды.

Жөнсіз (орынсыз) жарнама дегеніміз ҚР-ның заңнамасына сәйкес келмейтін жарнама, орналастыру талаптарына мазмұн жағынан, уақыты бойынша, орны мен тәсіліне қойылатын талаптарға сай келмейтін жалған, жасырын жарнама. ҚР-ның заңдарына сәйкес жасалуына және сатылуына тыйым салынған тауарлар жарнамаланбайды. Сондай-ақ, ҚР-ның заңнамасына сай тiркелмеген дiни бірлестіктер мен діни білім беру ұйымдары да жарнама нысаны бола алмайды. Электрондық, интернет-казинолар да жарнамаланбайтын нысандарға жатады.

ҚР Конституциясында көрсетілген заң талаптарына сәйкес келмейтін, елдің тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылыққа, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа үндейтін, ҚР-ның мемлекеттiк құпияларын тарататын жарнамаларға тыйым салынады. Сонымен бірге төмендегідей дұрыс емес терминдегі — жөнсiз жарнамаға тыйым салынады:

1) абыройға, іскерлік беделге нұқсан келтіретін, жарнамаланатын тауарларды және т.б. қызметтерді басқа жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларымен, қызметтерімен салыстыратын сөздер, бейнелер;

2) сенімге қиянат жасау, фирмалық атауды, тауар белгісін, фирмалық ораманы, сыртқы безендіруді, суреттерді және өнімді жарнамалауда пайдаланылатын тауардың басқа да коммерциялық белгілерін көшіру арқылы жарнамаланатын өнімге қатысты тұтынушыларды жаңылыстырады;

3) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылуы тауардың сипатына, дайындалу тәсіліне, қасиеттеріне, қолдануға жарамдылығына немесе санына қатысты жаңылыстыруы мүмкін нұсқаулар болған жағдайларда тоқтатылады;

Түркістан аймағында жарнамалау талаптары жазылған құжат тілдері түсініксіз, кісі жаңылатын тілде жазылған. Оған мысал ретінде мына жазбаны келтіруге болады, осы жазбаны орыс тіліне айналдырсақ, орыс тіліндегі нұсқасы түсінікті жазылған, құжат алдымен орыс тілінде дайындалып, электронды аудармасын жасаған: «ҚР-ның заңымен жарнамалауға тыйым салынған тауарлар жарнамасы, егер мұндай жарнама тауар белгісі немесе қызмет көрсету белгісі жарнамалауға тыйым салынған тауардың тауар белгісімен немесе қызмет көрсету белгісімен айырғысыз дәрежеде бірдей немесе ұқсас басқа тауарды жарнамалау түрінде, сондай-ақ осындай тауарды дайындаушыны немесе сатушыны жарнамалау түрінде жүзеге асырылса, жарнама жосықсыз жарнама болып табылады».

Осы тармақшада «…осындай тауарды дайындаушыны немесе сатушыны жарнамалау түрінде жүзеге асырылса, жарнама жосықсыз жарнама болып табылады» сөйлем құрылымы стильдік дұрыс түзілмеген, сондықтан түсініксіз, жосықсыз термині қазақ тілінде қос сөз құрамында мағынасы жоқ сыңары болып табылады: жөн-жосықсыз. Мағынасыз сыңар неге мағыналы сөзге, жарнама терминіне айналған? Тағы бір мысал, «жарнама берушiнiң (жарнама жасаушы, жарнама таратушы) жарнама тұтынушыны қасақана жаңылыстыратын, жарнамалау көмегiмен берiлетiн жарнамасы көрiнеу жалған жарнама болып табылады» деген сөйлемдегі көрiнеу сөзінің де мағынасы жоқ, екі сыңарының да мағынас жоқ қос сөздің бір сыңары: көпе-көрнеу.

Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы жарнамаларда жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, кәсiбiне, әлеуметтiк жағдайына, жасына, жынысына, дiни және саяси нанымына қатысты қорлайтын сөздердi, теңеулердi, бейнелердi пайдалануға жол берілмейді. Жалпыға бірдей қабылдаған iзгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көрiнiстi, дыбыстық ақпаратты қамтитын; ұлттық немесе әлемдiк игiлiк болып табылатын өнер, мәдениет объектiлеріне, тарих ескерткіштерiне, ҚР-ның мемлекеттiк нышандарына, ұлттық валютасына немесе шетел валютасына, дiни нышандарға нұқсан келтiретiн жарнамалар көрсетілмейді.

Жарнаманың қоғамдағы маңызы орасан зор болғандықтан, патриоттық тәрбие беру құралы ретінде де пайдалануға болатынына көз жеткізуге болады. Сыртқы көрнекі жарнамаға жататын маңдайша; жұмыс режимі туралы ақпарат; мәдени, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар афишалары; автожанармай құю станцияларына кірген жерге орналасқан мұнай өнімдерінің түрлері, бағалары, сатушының атауы мен логотипі туралы ақпарат; мәдени құндылықтар, тарихи-мәдени мұра нысандары туралы, тарих пен мәдениет ескерткiштерi туралы ақпарат берген кезде ескерілуі тиіс бірқатар заңнамалық, психологиялық, тәрбиелік, эстетикалық факторлардың барлығы маңызды.

Түркістан қаласындағы жарнамаларды саралау барысында олардың орфографиясында кеткен қателіктеріне қарай талданды, әр жарнамада кеткен орфографиялық қателерді грамматикалық қателер, стильдік қателіктер деп жіктеп, олардың себептері, дұрыс жазылу үлгісі көрсетілді.

Қазақ тілінде жарнама мәтіні сөз қолдану мәдениеті сөзді орынды қолдану дегенді білдіреді. Өйткені тіл мәдениеті сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуын зерттейді.

Акад. Р.Сыздықтың ауызша сөйлеу мәдениетінің басты талабы — тілдің фонетикалық заңдылығын сақтап, сөзді дұрыс дыбыстау деп атап өткеніндей, сөз тіркесіндегі сөздерді өзара үндестіріп, ритмикалық ырғағын үйлестіріп айту қазақ тілінің басты орфоэпиялық ерекшелігі екені белгілі. Түркістан қаласы жарнамаларының көпшілігінде сөздер айтылуы бойынша жазылған

Бүгінгі жарнама тілі — жаһандану жүйесімен тікелей байланысты болғанымен, қазақ тілінің қалпын, ұлт мәдениеті мен өркениетінің бір қырын танытатын тілдік сала, ел экономикасының бірден-бір көрсеткіші әрі ұлттың рухани байлығының айнасы. Ұлттық мәдениет, дәстүр, салт-сана құндылықтары жарнама тілінен айқын байқалады. Мына жарнама ұлт менталитеті, халық болмысы дегеннен жұрдай.

Жарнамада қызметтің түр-түрі өте жақсы, түсінікті көрсетілген, әйтсе де қазақ тілі белгілі бір мемлекеттің мемлекеттік тілі болған соң, екі тілде аралас берілмей, тек бір тілде, өзге ұлт өкілі түсінбейді деген қорқыныш болған жағдайда қазақ тілінде таза беріліп, сонан соң орыс тілінде баламасы жазылуы керек. Әрине, екі тілге де ортақ сөздер бар: ксерокопия, плакат, реферат, визитка, баннер, ламинация, егов қызметі; переплёт, реклама сөздерінің қазақ тілінде аудармасы бар – түптеу, жарнама. Көрнекілер емес көрнекіліктер болуы керек. Тыныс белгісіне де байланысты қателер бар: жанатын, жанбайтын әріптер.

Жарнамалаушы да, жарнамаға орналастырушы да, безендіруші де жарнама талабын дұрыс ескермеген, ғимарат маңдайшасына орналастырылған дүкеннің аты КАНАТ қазақ тілінде емес, мақсатты түрде орыс тілінде берілген. Қызметтің түрлерінің аты орыс тілінде беріліп отыр.

Жарнама мәтінінің мазмұнды құрылымын Л.В.Ухова: жарнамалық хабарлама (жарнамалық мәтін не туралы); жарнамалық үндеу (хабар кімге бағытталған) және жарнамалық жолдау (тұтынушының түпкі санасына не енгізіледі). Яғни, жарнамалық хабарламада жарнаманың ақпараттық қызметі жүзеге асады, жарнамалық үндеуде – коммуникативтік, ал жарнамалық жолдауда – суггестивті,- деп үш құрамда талдайды. Кейбір жарнамалар бұл айтылған жарнамалардың құрылымдық ерекшеліктеріне тіпті сай келмейді.

Түркістан қаласындағы орталық базардың айналасындағы сауда орталықтарының кейбірінде жарнамалар талап деңгейіне сай келмейді, орфографиялық жақтан грамматикалық: дыбыстық, мағыналық, тұлғалық әрі талғам тұрғысынан да. Көрсетілген жарнама түрінде тауар атаулары дұрыс жазылмаған дыбыстық қателер бар. Сатып алушының көруіне де қиындық тудырады.

Акад.Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің орфографиялық анықтағышының §68-інде «Қос сөздер, негізінен, дефис арқылы жазылады: бара-бара, жақсылы-жаманды, жап-жақсы, сарт-сұрт». «Азық-түлік» сөзінің анықтағыш сөздікте дәл осылай жазылатыны бетімен көрсетіліп отыр. Түркістан облысындағы жарнамаларының сауатсыздығына тұтынушы тарапынан қарсылық акцияларын облыс көлемінде өткізілді.

Экономикалық тиімді жарнамалық тауарлардың, жарнаманы насихаттайтын бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты туындап отырған бүгінгі таңдағы басты мәселе жарнама тілін зерттеу болып отыр. Жарнамалардың аймақтық таралу ауқымына қарай олардың мәтіндік — тілдік сипаттары да айрықша болмақ. Түркістан қаласы жарнамалары қала экономикасын, туризмді дамытудың басты көзі екенін облыс, қала әкімшілігі басты назарда ұстап, қала жарнамаларының безендірілуі мен жарнама тіліне, оның орфографиясына қатаңдық танытып, мәдени талғамды жоғарылату керектігін ескеруі қажет. ҚР-ның мемлекеттік тілі – қазақ тілі, Қазақстан аумағындағы жарнамалар мемлекеттік тілде болғаны абзал.

Қазақтелеком корпорациясы басшылығы қазақ тілін білмейтіні, іс қазақ тілінде жүрмейтіні осы кішкене ғана есік алдындағы ескертпе жазудан-ақ көрініп тұр. Аты айқайлап тұрған Қазақтелеком мемлекеттің қай мемлекет, тілі қай тілде екенін білмейтіні анық. Орыс тіліндегі «Вход посторонным воспрещен» деген ескертпе жарнама «Тыиым салынған бөтенмен кіруге» деп аударылып тұр. Мұнда тыиым сөзі ереже бойынша тыйым болып жазылады. Орыс тіліндегі служебный вход «Қызметкерлерге кіру» деп берілу керек. Тіпті орфографиялық қате жіберілген: қызыметкер. ФОТО-5

«Түркістан аудандық пошта байланысы торабы» Қазпоштаның маңдайшасына қойылған мекеме атауында фонетикалық қате жіберілген: «Түркістан аудандық пошта байланысы торабы»емес «Түркістан аудандық пошта байланыс торабы» болуы керек. Бүгінгі таңдағы қазақ жарнамаларының орыс тілінде жазылып, содан соң қазақшаға аударылатыны тілдік сана-сезімнің көрінісі. Орыс тілінің үстемдігі. Қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ тілін ана тілі ретінде танитын қазақ ұлтының өкіліне орыс тіліндегі жарнама мәтінінің көшірмесі бірден көрініп тұрады. Бұдан жарнаманың тұтынушылар арасындағы беделінің жойылуына алып келеді. Жарнама тілдік сана-сезім арқылы ықпал ету қасиетінен айырылады.

Қазақ тілінің қоғамдық мәнін түсінбеу осындай жарнамалардан көрінеді: ТОҚТА! Жүргізуші, жолаушы- ларды қөліктен түсіп ал орыс тіліндегі нұсқасы — СТОП! Водитель, высади пассажиров – ешбір қатесіз жазылған.

ТОҚТА! Жүргізуші, жолаушы ларды көліктен түсір болуы керек еді. Осындай қате жазылған жарнамалар тілдің де, қаланың да абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Түркістан облысы Түркістан қаласы туризмінің ұлттық бренді саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі атауының жазылуындағы орфографиялық қателік, әр жерде әртүрлі жазылуы, яғни Ясауи сөзінде екі с әрпімен берілуі сөздің тілдік құрылымын білмеуінде. Ясауи сөзі араб тілінің –и жұрнағымен Ясылық деген мағынаны білдіреді, Ясы сөзінде екі с емес, бір ғана с екенін түсінген дұрыс. Бұл, әрине, орыс графикасы бойынша, латын графикасымен Iasaui болады.

Қазақ тілді жарнамалаушы фирмасының затын сатуда осындай өрескел қате жіберіп, көпшілік назарын өздеріне аударту да бизнестің өзіндік құпиясы ма екен?! Болмаса жарнамалаушы — басқа тілдің өкілі. Бұл жарнаманың дұрысы былай болады: Сүйікті Өзіме! Мемлекеттік тілдегі жарнама – тіл саясаты мен ұлттық мәдениетіміздің көрінісі. Мемлекеттік тілді жарнамада қолдану — бүгінгі күн талабы. Себебі жарнама тауар айналымы үшін ғана емес, сауаттылыққа үндеу, тәлім-тәрбие беру қызметін атқарады.

Сондықтан бүгінгі таңда Сүйікті Өзіме! деген сияқты жарнамалар тілдің жарнамажасам саласын ойландыратын мәселе. Мемлекеттік тілдегі жарнама – ел экономикасы мен халық саясатын, ұлт ментали-теті мен мәдениетін өркендету екенін ұмытпауымыз керек.

Жарнаманың талабы -мәтіндегі сөздердің аздығы, сөйлемнің ықшамдығы. Осы талап мына жарнамада орындалып тұр, әйтсе де, ОСЫ ЖЕРДЕ деген көпшілік назарын аударушы, шақыру қызметтерін атқарып тұрған тіркес Ең ЖОҒАРЫ бағалау, Ең ТӨМЕНГІ пайыздар деген қатарлардан кейін ОСЫ ЖЕРДЕ қойылса, әрі мағыналық, әрі стильдік дұрыс болар еді.

Түркістан қаласындағы жарнамалардың көпшілігіне тән кемшілік — жалпыға түсінікті тілде жазылмауында. Сондай жарнамалардың бірі осы суреттегі жарнама. Мұндағы сөйлемді түсініп, түсіндіріп көрелік: АРНАУЛЫ КҮТУГЕ ДЕГЕН ЖАБЫҚ өзінің кешірімдерін үшін жеткіз-ыңғайсыздықты әкелеміз,- жоқ, мүмкін емес екен. Көпшілік қалай түсінеді екен…

Дүкеннің жарнама орнына айналған бұл есікте қызметтің түр-түрі көрсетілген: «При выдаче микрокредитов – мы соблюдаем установленный предел и не превышаем начисление ГЭСВ»; «Денги маркет 3 бөлімшесі ул.Сайрам №8 Шауілдір таксистер тұрағы жанында»; Төмен бағада смартфондарды бизден сатып ал»; «Рефирансируй золото с других ломбардов у нас под выгодным и оценку!» делінген бір жарнамада екі тіл аралас берілген.

Жүргізілген зерттеу жоба Түркістан қаласындағы жарнама мәтінінің құрылымдық және функционалдық ерекшеліктеріне, орфографиясына арналады.

Зерттеу жобасының нәтижесі бойынша төмендегіше тұжырымдар жасалынды.

  1. Түркістан қаласының нарық экономикасында жарнама әлеуметтік өміріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айнала бастады. Сонымен қатар, оның саясат, экономика, психология, мәдениет, идеология лингвистика секілді түрлі білім салаларындағы қызметі де артып, назарын өзіне аудартуда. Жарнаманың адам қызметінің барлық салаларына енгендігін байқап отырмыз. Ол қоғам сұраныстары мен оның көңіл-күйімен үндеседі.
  2. Жарнаманың тиімділігі жарнама мəтінінің тілдік рəсімделуіне байланысты. Жарнама мəтінін құрғанда ең маңызды сұрақ мəтінде пайдаланылатын тілдік құралдардың жете іріктелуінде.
  3. Жарнама насихаты аясында жарнамалық мəтін тілінің ерекшеліктері социолингвистика, прагматика, стилистика, коммуникация теориясы шеңберінде анықталды. Осы ғылымдарды тілге деген мүдделілік, оның коммуникативтік-функционалдық мүмкіндіктеріне, ақпарат алушыға ықпал ету қабілетіне мүдделілігі біріктіреді. Лингвистика жарнама мəтінінің тілдік ерекшеліктері мен орфографиясына қызмет етті.
  4. Түркістан қаласындағы жарнамалар талаптарында жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, кәсiбiне, әлеуметтiк жағдайына, жасына, жынысына, дiни және саяси нанымына қатысты қорлайтын сөздердi, теңеулердi, бейнелердi пайдалануға жол берілмейді делінген, әйтсе де жобада көрсетілген жоба деректерінен бұл талаптарға сай келмейтіні анықталды, талданды.
  5. Түркістан қаласындағы сыртқы көрнекі жарнамаларда жалпыға бірдей қабылдаған iзгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көрiнiстiк, дыбыстық ақпаратты қамтитын; ұлттық немесе әлемдiк игiлiк болып табылатын өнер, мәдениет объектiлеріне, тарих ескерткіштерiне, ҚР-ның мемлекеттiк нышандарына, ұлттық валютасына немесе шетел валютасына, дiни нышандарға нұқсан келтiретiн жарнамалар көрсетілмейтіні күнделікті зерттеу, талдау әдістері бойынша нақтыланды.
  6. Жарнаманың қоғамдық маңыздылығы патриоттық тәрбие беруде екендігіне көз жеткізілді: Сыртқы көрнекі жарнамаға жататын маңдайша; жұмыс режимі туралы ақпарат; мәдени, спорттық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар афишалары; автожанармай құю станцияларына кірген жерге орналасқан мұнай өнімдерінің түрлері, бағалары, сатушының атауы мен логотипі туралы ақпарат; мәдени құндылықтар, тарихи-мәдени мұра нысандары туралы, тарих пен мәдениет ескерткiштерi туралы ақпарат т.т. берген кезде ескерілуі тиіс бірқатар заңнамалық, психологиялық, тәрбиелік, эстетикалық факторлардың барлығы маңызды.
  7. Түркістан қаласындағы жарнамаларды саралау барысында олардың орфографиясында ережеге сай келмейтін тұстары көп екендігі анықталды. Ондай орфографиялық қателер талданды, әр жарнамада кеткен орфографиялық, стильдік қателіктер көрсетілді:
  8. Жарнама тілінен ұлттың рухани мәдениеті мен сөйлеу әдебі, халық менталитеті көрініс береді, әртүрлі мәдениеті бар, салт-дәстүрі бар халықтардың арасында тауарды жарнамалаған уақытта, сол халықтың ұлттық психологиясын, ұлттық менталитетін, әрбір ұлттың өзінде қалыптасқан салт-дәстүрін ескеру қажеттігі Түркістан қаласы жарнама мәтіндері орфографиясынан ескерілмеген.
  9. Қазақ жарнамалары тілден аударылған немесе көшірілген, сондықтан олар Қазақстандағы тұтынушының танымдық, қызығушылық, назар аударушылық ықпалын төмендетеніні анықталды. Қазақ тілінде жарнама мәтіні сөз қолдану мәдениеті сөзді орынды қолдану дегенді білдіреді.
  10. Акад. Р.Сыздықтың ауызша сөйлеу мәдениетінің басты талабы — тілдің фонетикалық заңдылығын сақтап, сөзді дұрыс дыбыстау екендігін дұрыс көрсетеді, сөз тіркесіндегі сөздерді өзара үндестіріп, ритмикалық ырғағын үйлестіріп айту қазақ тілінің басты орфоэпиялық ерекшелігі екені белгілі. Бірақ Түркістан қаласы жарнамаларының мәтіндерінің көпшілігінде сөздер айтылуы бойынша жазылған.
  11. Бүгінгі жарнама тілі — жаһандану жүйесімен тікелей байланысты болғанымен, қазақ тілінің қалпын, ұлт мәдениеті мен өркениетінің бір қырын танытатын тілдік сала, ел экономикасының бірден-бір көрсеткіші әрі ұлттың рухани байлығының айнасы. Ұлттық мәдениет, дәстүр, салт-сана құндылықтары жарнама тілінен айқын байқалады. Түркістан қаласы жарнамаларының мәтіндері ұлт менталитеті, халық болмысы дегенді назарда ұстай бермейтіндігі, қалалық, облыстық әкімшіліктері тарапынан бақылаудың жоқтығы байқалды.
  12. Түркістан қаласындағы орталық базардың айналасындағы сауда орталықтарының кейбірінде жарнамалар орфографиялық жақтан, әрі талғам тұрғысынан да талап деңгейіне сай келмейтіні анықталды.
  13. Экономикалық тиімді жарнамалық тауарлардың, жарнаманы насихаттайтын бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты туындап отырған бүгінгі таңдағы басты мәселе жарнама тілін зерттеу болып отыр. Жарнамалардың аймақтық таралу ауқымына қарай олардың мәтіндік — тілдік сипаттары да айрықша болмақ. Түркістан қаласы жарнамалары қала экономикасын, туризмді дамытудың басты көзі екенін облыс, қала әкімшілігі басты назарда ұстап, қала жарнамаларының безендірілуі мен жарнама тіліне, оның орфографиясына қатаңдық танытып, мәдени талғамды жоғарылату керектігін ескеруі қажет.

Нағима ҚОШАНОВА