Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына барып, бөлімшелерді аралады.

Басқарма басшысы қабылдау бөлімінен бастап, емдеу бөлімшелерін аралап шықты. Сонымен қатар, қала бас дәрігері ауруханада ем алып жатқан науқастармен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен мәселелерін тыңдады.
Емдеу сапасын арттыру және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына ерекше назар аударды.
Айта кетейік, қазіргі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Нәтижесінде аурухананың төсектік қоры 420 орынға дейін ұлғайтылды. Емдеу мекемесінде орын тапшылығы жоқ.
Медицина мекемесінде клиникалық-диагностикалық зертхана, бактериологиялық зертхана, провизорлық дәріхана, орталықтандырылған залалсыздандыру бөлімі, физиотерапиялық және сәулелік диагностикалау бөлімдері толыққанды қызмет көрсетуде.














