ЖАС ҰРПАҚҚА БЕРЕР ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ

276

Түркістан өлкесі ежелден-ақ текті туған тағылымды жандардың мекені. Қазір де қаланың заманауи гүлденіп, көркеюіне байланысты бұл шаһардың атағы өзінің ұлы тұлғаларымен ғана емес, қаланың құдіретті киесі және даланың әсем табиғатымен де ерекшеленуде.

Қазақ ежелден жақсысын ардақтап, жаманын жасырып, ұрпағына үлгі өнеге дарытып келе жатқан халық. Ал, осы үлгі өнегенің бір ұшы ұлы тұлғаларымызды тану мен олардан тағылым-тәрбие алу болып есептеледі. Қаламыздағы жаңадан ашылып, шаңырақ көтергеніне бір жыл да болмаған №28 мектеп-лицейінде мектеп ашылған күннен бастап «Бейсенбілік әңгіме» атты жоба жүріп келеді. Аты айтып тұрғандай бұл жоба әр аптаның бейсенбі күндері осы өңірдің ұлы тұлғаларымен сұхбат жасайды. Шараға мектеп оқушылары және ұстаздары қатысып, тағылымды әңгіме мен танымды мәселелердің куәсі болады. Тағы да атап айтатынымыз бұл жобаға тек қана танымал жандар емес, тасадағы таланттар, есімін ел біле білмейтін ел азаматтары да шақырылып, өз өмірінің үлгі-өнегелерін мектеп оқушылары мен ұстаздарына көрсетіп береді. Жобаның басты мақсаты да, міндеті де міне осы.

«Бейсенбілік әңгіме» жобасының алғашқы ашылуына қазақтың белгілі сатиригі Көпен Әмірбекұлы қатысып, сәт сапар тілеп, тұсауын кескен болатын. Оқушыларға қызықты әңгімелер айтылып, соңында бата беріп, оқушылардың болашақтарына ақ жол тілеген еді. Содан бері бұл тағылымды жоба көптеген қонақтармен кездесу өткізді. Солардың ішінде Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл апайымызбен және филология ғылымдарының кандидаты, доцент, зейнеткер Жанымкүл Камалқызымен өткен керемет сұхбат оқушылар мен оқытушылардың есінде қалды. Аталған кездесудегі әсерлі әңгімелерден оқушылар көздеріне жас алып, кеш қонақтарына өздерінің жүрекжарды тілектері мен алғыстарын айтқан болатын.

Айтып отырған «Бейсенбілік» әңгіме жобамыздың басты мақсаты осындай. Осы жобаны жолға қойып, қос қолдап қолдау білдіріп, әр кездесуге өз көмегін беріп отырған мектеп директоры Нысанқұлова Ләззат Жаналықызының да еңбегін атап айтуға болады. Әрі осы жобаға бел шеше араласып, әр кездесуді өз деңгейінде өткізуге мектептің қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің де еңбегі орасан зор. Мектеп кітапханасында өтетін бұл жобаға мектептің әр мүшесінің өзінің тигізген үлесі бар деп ойлаймыз.

Кездесу барысындағы әрбір талқы, сыр-сұхбат, шешімін тапқан мәселелер мен тағылымды әңгімелер ұрпақ санасына аз да болса әсер етсе, қатысқан оқушы сол шарадан өзіне жақсы ой қабылдап, өнеге тұтса бұл «Бейсенбілік әңгіме» жобасының жеткен жетістігі болып саналмақ. Қаламыздағы барлық оқу орындары мен мектептер осындай жобаларды қолға алса, оқушылар мен ұлы тұлғалар арасында, қоғам арасында байланыс орнайды, әрі ол болашақ ұрпақтың ертеңгі өмір жолына өз септігін тигізеді деп сенеміз.

«Бейсенбілік әңгіме» жобасына ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан «Түркістан» телеарнасы мен қалалық «Түркістан» газетіне де мектеп ұжымы өз алғыстарын білдіреді.