БАДАМ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА АВТОКЛАВТЫ ГАЗАБЛОК ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

16

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында «AERO» автоклавталған газоблок өнімдерін шығаратын зауыттың салтанатты ашылуы өтті. Аталған өндіріс орны аудан экономикасын дамытуға, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, құрылыс саласын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобалардың бірі.

Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, инвесторлар мен кәсіпорын ұжымы қатысты.

Іс-шарада аудан әкімі көпшілікті жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аудан көлемінде өндіріс саласын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. 3 гектар аумақта орналасқан өндіріс орны жылына 85 мың текше метр автоклавталған газоблок өндіруге қауқарлы. Мұнда бастапқы кезеңде 40 тұрақты жұмыс орны ашылса, алдағы уақытта жұмыс орындарын көбейту жоспарлануда. Зауытта заманауи технологиялар қолданылып, табиғи компоненттерден дайындалатын, беріктігі жоғары әрі халықаралық стандарттарға сай өнім шығарылады.

Салтанатты жиын барысында құрметті қонақтар зауыттың лентасын қиып, өндіріс орнының жұмысымен танысты.

«AERO» автоклавты газоблок зауытының іске қосылуы – аудан әкімдігі мен жеке кәсіпкер арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі. Бұл жоба ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықты сапалы әрі қолжетімді құрылыс материалымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді.

Айта кетейік, Ордабасы ауданында соңғы екі жылда 9 өндіріс орны іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған.