ШЫМКЕНТ: ШАҒЫН АУДАНДАРҒА ТАЛШЫҚТЫ ОПТИКАЛЫҚ ИНТЕРНЕТ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

41

Шымкент қаласында шалғай орналасқан тұрғын алаптар мен елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен және жеке инвестор — FISHNET компаниясының қатысуымен Самал-2 және Наурыз шағынаудандары талшықты-оптикалық интернет желісімен толық қамтылды.
Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Наурыз шағынауданының тұрғындарымен кездесіп, орнатылған жоғары жылдамдықты интернеттің сапасын тексерді және жобаның жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді.
Жоспарға сәйкес, Самал-2, Наурыз және Асар-2 шағынаудандары кең жолақты талшықты-оптикалық желіге қосылды. Жобаны іске асырған жауапты компания — FISHNET. 2024 жылдың соңына дейін 20 елді мекен интернетпен қамтылды. Жалпы, Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің басым бөлігі сапалы интернет желісімен қамтамасыз етілді. 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендер толық қамтылатын болады.
FISHNET компаниясының өкілі Нұржан Алматовтың айтуынша, интернет желісін орнату тұрғындар үшін тегін жүргізілді, ал тарифті әр абонент өз қалауына қарай таңдады. Қазіргі уақытта Наурыз шағынауданында 150-ден астам абонент жаңа желіге қосылған.
Айта кетейік, өткен жылы 20 елді мекенге оптикалық желі тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандумдарға қол қойылған болатын. Осы келісімдер аясында 2023–2025 жылдар аралығында қамтылатын елді мекендердің тізімі мен нақты мерзімдері бекітілді.
Аталған жоба Шымкент қаласының цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді интернет қызметін ұсынуға бағытталды. Қала әкімдігі мен инвесторлар бірлесіп, заманауи технологияларды енгізу арқылы цифрландыру үдерісін жүйелі түрде жалғастырды.