ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ БЕСІГІН ТЕРБЕТКЕН АНАЛАР

148

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде «Тәуелсіздіктің бесігін тербеткен аналар» атты облыстық форум болып өтті. Түркі жұртының үш жүзге жуық анасы жиналған облыстық форум алғаш рет ұйымдастырылды.

Форум барысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерева және Ханбибі Есенқарақызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист Сәуле Мешітбайқызы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, «Қара шаңырақ» әлеуметтік жобасының авторы Шәкен Тұрар спикер болды. Сонымен қатар, Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова модераторлық етіп отырды.

Форумды өткізудегі мақсат — аналардың қоғамға, дәл бүгінгідей өзгерісте ұрпақ, ұлт тәрбиесі үшін аянбай еңбек етуге шақыру. Кешегі алмағайып заманда ер азаматтар аттың қомында ел қорғаса, аналар кірпік қақпай ел  күзетті. Аналардың ұлтты тәрбиелейтінін тағы бір дәлелдей түсу болды.

Сондай-ақ, түрлі отбасылық өзекті мәселелер, әрбір отбасының құндылығы мен қазақ қыздарын отбасылық өмірге тәрбиелеу міндеттері жайында тақырыптар басты назарға алынды. Жиын соңында сөз алған осы форумды ұйымдастырушы, «Аналар» журналының бас редакторы Ажар Момбек барша аналарға алғыс білдірді. Түркістан облысының түкпір-түкпірінен келген ақжаулықты аналарға «Домалақ ана», «Ұмай ана», «Қарашаш ана», Қарқабат ана», «Гауһар ана» атындағы төсбелгілер тағайындалып, арнайы алғыс хаттар-мен марапатталды. Кешке келген аналарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар берілді. Шара концерттық бағдарламаға ұласып, әсем әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Түркістандық өнерпаздарымыз қала қонақтырына керемет көңіл күй сыйлап, ақ жаулықты аналарымыздың ыстық ықыласына бөленді.