ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ  ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРАЛДЫ

216

Түркістан қаласы прокуроры-ның жанындағы құқықбұзушы-лық профилактикасы жөніндегі  ведомствоаралық комиссияның жиналысы өткізілді. Кезекті отырысқа комиссия мүшелері, басқарма және департамент төрағалары, бөлім басшылары, колледж және мектеп директорлары қатысып, Түркістан қаласындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі жұмыстардың жай-күйі қаралды.

Оның ішінде жалпы қылмыстылық және құқық бұзушылық профилактикасының жағдайын талқылап, нақты міндеттемелер белгілеу мәселесі қалалық прокуратураның бастамасымен енгізілді.

Мәжілісте қала  прокурорының орынбасары Күмісхан Танатов баяндама жасап, әрбір қалада және аймақта орын алған қылмыстарға, олардың орын алу себептеріне және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға жеке тоқталды.

Отырыста бұзақылық, есірткінің заңсыз айналымы, алаяқтық, мал ұрлығы, жол-көлік оқиғалары және кәмелетке толмағандардың мәселесі кеңінен талқыланып, полиция бөлімінің және әкімдікке қарасты жауапты құрылымдардың есептері тыңдалды.

Күн тәртібіндегі басқа да мәселелер бойынша Түркістан қаласының полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Шералы Әділханұлы,  қала әкімінің орынбасары  Талғат Байжанұлы, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы жылдық және айлық есептен хабарлама жасады. Аталған тұлғалар құқық бұзушылық профилактикасы бағытында құзыреттілік шегінде атқарылған жұмыстарды баяндап, ұсыныстарын білдірді.

Отырыста қаралған мәселелер және олар бойынша туындаған ұсыныс-пікірлер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Жиында қала прокуроры Түркістан қаласының әкімімен 27.01.2020 жылы бекітілген «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасының іс-шаралар жоспары толық орындалмағанын сынға алып, қала әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмыстары күшейту қажеттігіне назар аударды.

Жиын соңында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков құқық бұзушылық профилактикасы, оның ішінде бұзақылық, есірткінің заңсыз айналымы, алаяқтық, мал ұрлығы қылмыстарының және жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ жастар тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталып, атқарылуы қажет жұмыстар бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.