БЕЙСЕН ТӘЖІБАЕВТЫҢ ”ӘЛҚИССА” ӘҢГІМЕСІ..”

449

Түркістан облысы әкімінің су жаңа орынбасары журналист Бейсен Тәжібаевтың “әлқисса” әңгімесі, жүрекжарды тілек айтқан қалың жұртқа рахмет айтудан басталды. Ол бүйдейді:

Қадірлі достар!

Елдік іске тәуекел еткен азамат үшін қоғамның сенімі маңызды. Ыстық ықыластарыңызды, ұсыныс-пікірлеріңізді оқыдым. Ізгі-тілектер үшін баршаңызға шынайы ризалығымды білдіремін.

Аса жауапты қызметті сеніп тапсырған ҚР Президенті әкімшілігі мен Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлына алғыс айтамын. Бұл лауазым маған мол жауапкершілік жүктеп отырғанын сезінемін.

«AMANAT» партиясында 3,5 жылға таяу уақыт жұмыс істеп, саяси ұйым мүшелерімен бірге үлкен өмір мектебінен өттім. Осы аралықта Президент сайлауынан бастап, Праймериз, Мәжіліс, мәслихат депутаттарын, ауыл әкімдерін сайлау, референдум өткізу сынды еліміз үшін ерекше маңызға ие оқиғалардың ортасында жүрдім. Тікелей ұйымдастыруға қатыстым, тәжірибе жинадым. Еңбек жолымда мақсаттарға қол жеткіздім.

Осы тұста ұйымшыл партияның басшылық құрамына, облыстық, аудандық филиалдардағы әріптестеріме ризашылығымды жеткізгім келеді. Түрлі сынақтар мен кезеңдерді ынтымақ пен бірлік арқылы жеңе білдік. Жүйелі жоспарлардың арқасында Түркістан облысы үнемі үздіктердің көш басында болды. Бұл үрдіс жалғасатынына күмән жоқ.

Көне мен жаңаның тоғысқан алаңы, тарихи елорда — Түркістанды түлету әрбірімізге парыз. Түркістан өңірінің идеологиясы тек облыстың ғана емес, тұтас елге және күллі түркі әлемі үшін де айрықша маңызға ие. Аймақтың білім, мәдениет, спорт, туризм, дін және ішкі саясат салаларын ілгерілету, дамыту, жандандыру — басты мақсатымыз болады.

Президент бастаған Жаңа Қазақстанды құру идеясының өміршеңдігіне әрбір мемлекеттік орган жауапты. Соның ішінде ішкі саясат құрылымдары көш басында жүруі тиіс деп санаймын. Мемлекет басшысы саяси реформаның алғышарты ретінде билікке халықты араластыру туралы ашық айтып, мехнизмдерді іске қосты. Соған сай барлық деңгейдегі елді басқару жүйесі сайлау арқылы жүзеге асады.

Тұрғындар әкімдер мен мәслихаттағы, Мәжілістегі өкілдерін тікелей таңдайды. Қазіргі кезде ауыл әкімдерін халық бекітіп жатыр. Жергілікті өзін-өзі басқарудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сай ауылды басқарудың негізгі тетігі толықтай тұрғындарға беріледі. Енді 2023 жылы барлық деңгейдегі депутаттық сайлаулар басталады. 2024 жылы тұтас елде аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтеді. Әрбір кезең тартыспен жүретіні белгілі. Билік тізгіні “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” емес, қоғамға жанашыр, ауыл және аудан халқы қолдаған мемлекетшіл тұлғаларда болуы тиіс.

Екіншіден, бәсекелестіктің түбі сайлаулардан басталатынын ескерсек, елді бөлінуге емес, бірігуге жұмылдыру ішкі саясатымыздың басты тұғырына айналуы қажет. Алтыбақан алауыздық барлық берекені жояды. Азаматтық қоғамды, БАҚ-ты дамыту, барлық күштерді ұлттық идеологиялық ұстындарға ұмтылдыру ішкі саясаттың басымдықтары болары анық.

Білім саласында көптеген проблемалардың қордаланғанын білемін. 938 мектебі, 500 мыңанан асатын оқушысы бар өңірде аталған саланың өзектілігі әрдайым өткір болып келеді. Оған 200 мыңдай баланы қамтыған балабақшалардың жайын қосыңыз. ArtSport деген жап-жақсы бастаманың кейбір жаны ашымайтын кәсіпкерлердің қаржы жымқыру жолына айналдырып жібергені өкінішті. Мұның барлығы терең талдауды, тергеп-тексеруді, нақты шешімді күтіп тұр.

Таланттар мен дарындылар молынан шыққан өңірімізде өнер өкілдерінің, спорт саңлақтарының алтын көші үзілмеуі керек. Облыс орталығының көшуіне орай аталған салаларда жаңа проблемалар шығып отыр. Шын таланттарды табу, қолдау кенжелеп қалды, жүйелілік жүрісінен жаңылды.
700-ден астам мешіті бар өңірде діни ахуалға байланысты да күрделі сұрақтар бар. Жаңа Түркістанды құрудағы тағы бір мақсат — туризмді дамыту десек, онда да ойласып, атқаратын жұмыстар жетіп артылады.

Жастар мәселесі де баршамызды алаңдатады. Олардың ұлттық құндылықтармен сусындап, жаңа технологияларды қатар ұштастырғаны абзал. Өңір жастарының тың идеялары мен жобаларына көңіл бөлгеніміз жөн. “Серпін”, солтүстік өңірлерге көші-қонды жоспарлы жүргізу жаңаша қарқын алады.

Аталған ауқымды бағыттар бойынша тиянақты өзгерістерді іске асыруға қоғамға жанашыр әркімнің қосар үлесі бар. Әділетті Қазақстанның салтанат құруы әрбірімізге байланысты. Осы қиын да, күрделі жолда бірге болайық!

Ісі оң болсын!

ARA-ақпарат