ТҮРКІСТАНДА НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КЕШ ӨТТІ

208

«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен тұңғыш қазақ дипломаты, көрнекті саяси және қоғам қайраткері, тілші, ғалым, Сауд Арабиясындағы Кеңес Одағының алғашқы елшісі – Нәзір Төреқұловтың 130 жылдығына орай «Алаштың ардақтысы –Нәзір Төреқұлов» атты әдеби танымдық кеш өтті. Аталмыш кешке тарих ғылымдарының докторы, профессор, Нәзіртанушы Хазрет Тұрсын, ҚР Мәдениет қайраткері, ардагер кітапханашы Раушан Сержанова, Нәзір Төреқұлов мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мейрамбек Қиқынбаев, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Райхан Нарикова, Нәзір Төреқұлов музейінің қызметкері Айгүл Исабекова арнайы қатысты.

Танымдық шараны Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы ашып беріп, кештің мақсаты мен маңызына тоқталды. Содан соң музей қызметкері Айгүл Исабекова қазіргі таңда музей жәдігері болып табылатын Нәзір Төреқұлов қолданған бұйымдар мен арнайы жасақталған кітап көрмесін көпшілікке таныстырып өтті. Хазрет Маханұлы өзінің Нәзір Төреқұлов жайлы дайындаған презентациясын кеш қонақтарына көрсетіп, зерттеу барысындағы қызықты әрі маңызды деректерді баяндап берді.

Ал Түркістан қаласының Нәзір Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары тұлға жайлы арнайы көрініс көрсетіп, көркемсөз оқыды. Сондай-ақ кеш барысында «Оңтүстікфильм» мекемесінің бұдан бұрын қайраткердің 130 жылдығына арнайы дайындаған «Тұңғыш дипломат — Нәзір Төреқұлов» атты бейнефильмі көрсетілді. Аталмыш іс-шараға белсенді түрде қатысып, атсалысқан оқушыларға «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекованың арнайы алғыс хаты берілді.