ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК: АЛАШҰБАР ҚОҒАМДА ӨЗ МҮДДЕСІН КҮЙТТЕЙТІНДЕР КӨП…

177

Жазушы, сыншы, Халықыралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, профессор Құлбек Ергөбек «пайғамбар жасы» алпыс үшке келді. Осыған орай «Құлбек Ергөбек және қазіргі түркітану» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Жиын аясында жазушының «Түркістан жинағы» атты жеті томдық еңбегінің тұсаукесері жасалды. Шара қарсаңында қаламгермен аз-кем сыр бөлісудің сәті түскен еді.

 

– Құлбек аға, сіз де айтулы бір белеске келіп қалыпсыз. Артыңызға бұрылсаңыз, сан тарап із сайрап жатыр: журналист-публицист, жазушы-сыншы, ғалым. Осы үштаған, үш жолдың – қайсысы сізге етене? Қайсысы сара жол, қайсысы дара жол?

 

– Алпыс үш жас. Жалпы, алпыстан асқан шығармашылық адамы үшін елтең-селтең, жеңіл-желпең дегеннің бәрі қалуы керек те, тек ой менен күн кешуі керек шығар. Және ойдың барлығы шығармашылыққа жетелеп жатса құба-құп. Әйткенмен, осыған дейін жетістігім қайсы, кемшілігім кәне деген сұрауларға жауап іздеуің де заңдылық-ау. Мейлі, журналист, яки жазушы, ғалым болсын, жетпіс жасқа беттеген сәтте тау қопарып, тас қазамын деуі артық. Шынында да, мен өзің айтқан үш жолды қатар ұстаған екем. Мен тәп-тәуір журналиспін, жақсы сыншымын, ортадан жоғарылау ғалыммын. Осы үш таған, үш жолдың барлығы мен үшін бірдей. Көбірек ден қоятыным – әдебиет сыны болуы керек. Соңғы кезде осы үшеуін түйіп, «Түркология» деген асуға бұрып жүрген жайым бар. Менің алпысқа тарта еңбегімнің жетеуі «Түркістан жинағы» деп аталады. Түркістан дегенде, кең дүниені осы шағын шаһармен шектемеген жөн. Жалпы, түрік дүниесі деген ұғымда қарау керек.  «Түркістан жинағы» түркі халықтарының әдебиетін, тарихын, этнографиясын тұтас қарастыратын кітаптар сериясы. ХІХ ғасырда генерал-губернатор Кауфман деген кісі «Туркестанские сборники» деген атпен 500 томдық үлкен еңбектер шығарыпты. Былай қарағанда, бұл еңбек түрік халықтарын зерттеп-зерделеп, сол халықтарды Ресей боданына бағындырудың бір жолы секілденеді. Десе де, Орталық Азия халықтарының этнографиясы, тұнып тұрған тарихы осы томдықтарда бар. Кауфманның бұл еңбегі ерлікке пара-пар, ғылым үшін баға жетпес құндылық! Неге сол дәуірдегі Кауфман ерлігін, ыждағаттылығын ХХІ ғасырда бізге жасамасқа?! Бұл еңбекті мен осындай оймен жаздым. Былайша айтқанда, бұл Құлбек Ергөбектің «Туркестанский сборнигі»! Жеті кітапқа жеті түркі елінің аса танымал жеті түркітанушы ғалымдары алғысөз жазды. Бүгінгі ғылыми конференцияда Бейсембей Кенжебаев атындағы түркі халықтары мұражайы, Түркі халықтары кітапханасы, Түркі халықтары Өнер галареясымен қатар осы «Түркістан жинағының» да тұсаукесері өтеді.

 

– Бұл белеске едәуір табыспен келдіңіз: елуден аса кітап, мыңнан аса мақала жазыпсыз. Аз ба, көп пе әрине, бағасын оқырман берер. Жалпы, шығармашылық табысыңыздың кілті неде?

 

– Шығармашылық табыс деген кітаптардың аз-көптігімен есептелмейді. Таланттың жеткен биігі – қаламның күш-қуаты алған асуы нәтиже болуы керек. Мәселен, Сәбит Мұқановты «бір өзі – бір кітапхана иесі» деп атаған. 100 том жазып қалдырыпты. Есесіне, Ғабит Мүсіреповтің 5 том еңбекпен қазақ әдебитін төрінен орын алды. Лев Толстой да 100 том жазды. Толстойдың замандасы Всеволод Гаршин деген жазушы болды. Сол Гаршин жалғыз еңбегімен-ақ Гаршин болып қалыпты. Мен Сәбит Мұқанов лабораториясын көп зерттедім. Сол секілді, Бейсенбай Кенжебаевтың тәрбиесін алғанмын. Бұл кісілер, сырттай қарағанда, өте қарапайым адамдар. Бірақ қатаң режим, темірдей тәртіппен жұмыс істеген. Таңертең ерте тұрып түске дейін жазады екен. Бір-екі сағат демалып алып, түннің бір уағына дейін тапжылмай және отырған адамдар. Кісі қанша талантты болғанымен, өзін жазушылық дағдыға бағындырмаса, одан өнімді еңбек шығуы екіталай. Мысалы, атақты Бальзак әйелқұмарлау, жеңілтектеу адам көрінеді. Тіпті, шығармашылық еңбек үстінде де қыздар шақырса жұмыстың бәрін қойып, «серілік» қуып кететін сияқты. Содан, кейін, өзін тежеу жолдарын қарастырады. Мен мына шығармамды жазып отырғанда қыз-қырқынның шақыруына ілесіп кетпейін деп, шашының жартысын алдырып, жартысын қалдырып, өзін сондай «безобразный» формада ұстайтын болған. Жазу үстінде отырғанда әлгіндей шақырулар болғанда бұрынғы дағдымен орнынан ұшып тұрып, киініп, айна алдына келіп қарайды да: «Оу, мсье Бальзак, мына кейпіңмен қыздарға қалай бармақсың? Қой, тоқта! Менің жазуым бәрінен жоғары!» деп өз-өзін тежейді екен. Егер мені біреулер еңбекқор деп санаса, оның шындығы да жоқ емес секілді; өзімді жастайымнан қатаң шығармашылық ырғақта ұстағаным рас. Үйде де жағдай болды, жанымда жайымды айтпай ұғатын жарым болды. Көп нәрсе адамның мінезіне де байланысты…

 

– Алашқа мәшһүр қаламгерсіз, ғалымсыз. Соған қарамастан, бір кездері мемлекеттік қызметке бардыңыз. Сол не үшін қажет болды екен? Жалпы, мемлекеттік қызметтің, яки депутаттықтың қаламгерге пайдасы бар ма?

 

– Кезінде Мұхтар Әуезов екі қоғамдық формацияны көрдім деп мақтанады екен. Ол – кешегі феодализм мен социализм жүйесі ғой. Біз де социализмді өткердік, ептеп коммунизмді де көрдік-ау. Одан соң қалыптаспаған капитализмді бастан кештік. Сөйтіп, нарық қоғамына қадам бастық. Бұл мақтаныш емес, азап шығар. Жазушысың ба, жазумен айналысу керек-ау. Бірақ та, қалыптаспаған алашұбар қоғамда бірыңғай жазумен айналаса алмайды екенсің. Алашұбар қоғамда сен қай жерге керексің, сол жерге кірпіш болып қаланасың (Абайша айтқанда).

 

Түркістан қаласының 1500 жылдығы тойланатын жылы сол кезде қала әкімі Өмірзақ Әметұлы мені орынбасарлық қызметке шақырды. Ол әуелі Көпен Әмірбекті шақырған ғой: «маған бір-ақ жыл орынбасар болып қызмет етіңізші» деп өтініп… Көпен айтыпты: «менің мінезім жақсы емес, үшбұрышты кірпіш секілді, кез келген кетікке қалана бермеймін, Құлбекке айтсаң жөн болар еді» деп. Сонымен, әкім маған қолқа салды. Бармайын десем алда 1500 жылдық дүбірлі той.. Өзі киелі Түркістан… Сонымен, 1999 жылдың күзінде Түркістан қаласы әкімінің руханият мәсе­лелері бойынша орынбасары болып қызметке кірістім. Осылайша менің мемлекеттік қызметтегі мансабым басталып кетті. Келер жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімінің кеңесшісі болдым. Аппарат басшысының орынбасары, бөлім басшысы болып қызмет істедім. Сонымен, табаны күректей бес жылым мемлекеттік қызметке кетті. Бұған өкінем бе, қуанам ба? Өкінемін, әрине! Өкінетінім: шіркін-ай, жазатын небір қуатты шағым «ананы неге өйтпейміз, неге бүйтпейміз» деген айқай-ұйқаймын, идеологиясы қалыптаспаған қоғамда идеолог болып, орынтақта отырумен кетті. Ал, енді қуанатыным: Сапарбаевтай әкімдіктің эталоны іспетті азаматпен қызметтес болуым, соның қамқорлығын көруім, сол кісімен үзеңгілес жүріп мемлекеттік қызмет дегеннің не екенін ұқтым. Халық деген қандай категорияға жататынын білдім. Халық деген, әлбетте, ұлы ұғым! Ал, бірақ сол халықты алдап-арбаудан, пайдаланып кетуден біздің басшылар алдына жан салмайды екен. Арасында бірді-екілі Сапарбаевтай азаматтар болмаса көбі халық үшін жұмыс істемейді. Көбінің жүрегінде халық емес «өзім» деген түсінік қалыптасқан. Мемлекетшілдік мүддеден өз мүдделері жоғары. Бес жыл мемлекет қызмет жүйесінде жүріп осыны ұқтым. Одан осы университетте 1-ші вице-президент (проректор), вице-президент, министрлік өкілі болып он бір жыл қызмет атқардым. Басшылықтағы ұстазым – Бердібек Сапарбаев. Сапарбаевтан алған тағылымым, тәжірибем өмірлік азығым болды десем артық емес. Сапарбаевтай ел мүддесі үшін қызмет ететін әкім сирек. Ол «Отырар» кітапханасы сериясын ашу туралы идеямды қолдады. Өзім жазбағанмен, жазғандарға қолдау көрсетіп, сол тұста облыстағы көп қаламгерлерге септігім тиді. Бекеңнің қолдауымен облыста «Қуғын-сүргін құрбандарының» мұражайын, Отырарда Шәмші Қалдаяқов мұражайын аштық. Түркістанда «Түрік халықтарының кітапханасын» құру туралы идея сол тұста болған, бірақ басқа қызметке ауысып кетуіне байланысты тоқтап қалған-ды…

 

Мен университетте басшы болғанда күні-түні ел үшін қызмет еткен «кіші Сапарбаев» болуға тырыстым. Осы жылдарда да шығармашылықты бірінші орынға қоя алдым деп айта алмаймын.

 

– Әлгі, шығармашылық әдетіңіз бұзылды ғой..

 

– Әрине, бұзылды. Барынша қаламыма адал болуға тырысқаныммен, көп уақытым басқару қызметіне кетті. Жазатын есіл уақытым ысырап болды. Жалпы, жазушысың ба, жазумен айналысқан абзал. Қаламгер қаламынан қуат алып, шығармасы көпке шуақ болып шашылса, маңдай тердің ақталғаны.

 

– «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы». Сіз басы Бейсенбай Кенжебаевтан бастап ұстазға жарыған жансыз. Ал өз жолыңызды жалғар шәкірттеріңіз бар ма?

 

– Мен, шынында да, ұстазға жарыған адаммын. Бейсекең кабинетіне шақырып алып: «Қарағым, не жазасың? Қолыңнан не жазу келеді?» деп сұрағаны бар. Бозбала шағымнан (1-курста) қолымнан жетелеп, үйіне алып барып, ашқұрсақ студентке сорпа-суан ұсынып, тапсырма беріп, тапжылтпай отырғызып әдебиетке баулыды. Жазуға бағыттады. Ұстаз дегеннен көрі әкелік қамқорлыққа келеді. Алланың берген бұдан артық бағы жоқ шығар. Ақыры аяғында кемпірі дүниеден өткен соң бізді қолына алды. Бейсекең иманды әке, мен ибалы бала болдым. Батасын алдық. Мен туралы қаншама пікірлер қалдырған күнделіктерінде. Тоғыз жылдай бір шаңырақ астында өмір сүрдік. Өз әкеміздей қадірлеп, ақ жауып, арулап шығарып салдық. «Қарияға өз әкесіндей қарады, жылқы сойып шығарып салды» дегізген, жақсы атаққа жеткізген жарым Баянға осы ретте дән ризамын…

 

Ұстаз демекші, өткенде «Айтуға оңай» хабарына шақырды. Әңгіме арқауы – ұстаз бен шәкірт. Жанымдағы екі әріптесім: «анау да менің шәкіртім, мынау да» деп бөсе жөнелді. Менің бетімнің оты шықты. Біздің ұстазымыз Бейсенбай Кенжебаев (қырық жыл ұстаздық етіп, сан мың маман тәрбиелеген) «мен сіздің шәкіртіңізбін» деп бейіл білдіргендер болмаса бәрін бірдей шәкіртім дей бермейтін. Керісінше, Белгібай Шалабаев деген ұстазым болды, дәріс берген студенттердің бәрін шәкіртім деп санайтын. Былай қарағанда, екеуінікі де теріс емес. Бірақ мен Бейсенбай Кенжебаев рухындағы ұстазбын. Бейсекең шәкірттерін баласынан артық көретін. Мені кім шәкіртім дейді со кісіге шәкіртпін, мені кім ұстазым дейді сол адамға ұстаз болуға бейілдімін. Бұл менің өмірлік ұстанымыма байланыс­ты, екінші жағы, әдеби ортадан ертерек «провинцияға» ойысып кеткен адаммын. Жалпы, мені ұстаз тұтатын азаматтар бар. Олар мен туралы жазып та жүр. Мен сол азаматтарды қадірлеймін, жанымдай жақсы көремін. Ұстаз бен шәкірт деген де үндестік. Бұл ішкі үндестік мінездің, көзқарастардың үйлесіміне алып барады…

…Бірде бір әдемі аққұба қыз бала келді де: «Аға, мен сіздің шәкіртіңізбін» деп өзін таныс­тырды. Мен онша шырамыта қоймадым да: «Қалқам, саған сабақ бердім бе?» деп сұрағанымда өзінің бір «приключениесін» айтып берді. Осында журналистік білім алып, Алматыға барыпты, жұмыс іздеп… Біраз редакцияларды жағалайды. «Түркістанда жартымды журналист тәрбиелейтін адам жоқ. ҚазМУ бітірген журналистердің өзі көңілден шықпайды кейінгі кезде» дейтін көрінеді. Көп редакцияның табалдырығын тоздырады, еститіні осы жалғыз сөз. «Содан тауым шағылып, төзімі таусылып бір есікке келгенде жөн сұраған бір азамат: «Кімдерден дәріс алдың?» депті. Бұл: «Құлбек Ергөбек» дейді. – «Ол кісі сабақ берсе, сенен журналист шығады. Жарайды, онда сені қызметке қабылдаймыз» депті. Міне… Осы әңгімеге мен недәуір семірдім (қартаяйын дедік пе, қайдам!). Орысша айтқанда, өте «приятно» болды. Содан бері Жадыра Нармахановамен шығармашылық байланыстамыз. Қазір «Ұлан» газетінің бас редакторы. Өзі бір талапты, жақсы бала, айналайын. Өз перзентімдей. Жадыра екеумізді жақын еткен әлгі ұстаз бен шәкірт арасындағы – үйлесім!

 

– Әңгімеңізге рахмет! Тойыңыз тойға ұлассын!

 

Сұхбаттасқан: Әтіргүл ТӘШІМ

 

Түркістан қаласы