ТҮРКІСТАН: БАҒА ТУРАЛЫ БАЙЛАМ

235

немесе оны тұрақтандыру мүмкін бе?

Cоңғы кезде елімізде азық-түлік бағалары көтеріліп, бұл халықты алаңдатып отыр. Мемлекет басшысы Үкіметке қысқа мерзім ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасының негізсіз көтерілуін болдырмау туралы маңызды міндет жүктеген болатын. Осыған орай, біз қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қандай қам жасалып жатыр? Осы және өзге де ақпараттарды білмекке тиісті ұйымдарға хабарласқан едік.

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ТИІМДІ ЖҰМСАЛАДЫ

«Түркістан» ӘКК Тұрақтандыру қорының басшысы Лаура Жанасбаева:

2019 жылғы 4 қарашадағы облыс әкімінің №253 қаулысымен азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану механизмдері бекітілді. Осы қағида бойынша, яғни қорға сатып алу-сатуды жүргізу, екінші тетігі айналым схемасы бойынша кәсіпкерлік субьектілеріне қарыз беру арқылы бағаны тұрақтандыруға ықпал жасап келеді. Негізінде, өнімді қорға сатып алған кезде сатып алу тізімі және қойылатын үстеме бағалар арнайы комиссиямен бекітіледі. Облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін комиссия құрамында мемлекеттік органдардан жеке ұйымдардан құралған мүшелері бар. Баға белгіленгеннен кейін оны әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда нүктелеріндегі әлеуметтік бұрыштарда сатуды біздің корпорация ұйымдастырады. Бағаны тұрақтандырудың екінші механизмі кәсіпкерлік субьектілеріне айналымға қарыз беру. Қарызды қай кәсіпкерлік субьектілеріне беруді де комиссия қарап, айқындайды. Қорға 2015 жылы 1млрд 840 млн теңге қаржы бөлінген екен. Содан бері қаржы бөлінбеген. Қор біраз жыл осы қаражатпен жұмыс істеп келген.

Қазіргі таңда Қор айналым схемасы бойынша берілген 640 млн теңге қаражатпен жұмыс істеп жатыр.

Ол қаржыдан «Magnum» ЖШС-не – 200 млн теңге, «Али Сауда» ЖШС – 300 млн теңге, «Ғажайып-П» –70 млн теңге, «Сайрам сүт» ЖШС-не – 70 млн теңге заем берілді. Қалада 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі: «Бәйтерек» «Шапағат», «Дастарқан», «Береке», «Дәулет» сауда маркеттеріндегі әлеуметтік бұрыштарда Қордың өнімдері белгіленген бағада сатылады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар санатына жататын 19 түрлі тауардың бағасы ілініп, тізбесі жасалған. Ол өнімдер нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен бағада сатылады. Оған тұрақты түрде мониторинг жасалып отыр. Қарыз алған «Сайрам сүт» ЖШС бізге 4 өнімін: 2,5% -дық сүт, 2,5 % -дық айран, 5-9% майлылық арасындағы сүзбе және сары майды төмен бағада ұсынып отыр. «Али Сауда» ЖШС-і де әлеуметтік дүкендеріміз бен сауда бұрыштарына тауарларды жеткізіп отырады.

Қазіргі таңда Тұрақтандыру қорында 3756 тоннадай (317 млн теңгенің) өнім көлемі бар. Осы сома есебінен 6300 тоннаның үстінде өнімдер алынды. Яғни, қазіргі таңда барлығын қосқанда Тұрақтандыру қорына 10 мың тоннадан астам 957 млн теңгенің әлеуметтік маңызы бар тауарлар қоры бар.

Жалпы, бағаны нарық, базар белгілейді. Соған қарамастан, біз жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Әкімдікте апта сайын селекторлық мәжіліс өткізіліп 19 түрлі тауар бағасын (оның ішінде 6 өнім таңдалған) бағаны тұрақтандыру бойынша тапсырма берілді. Олар: картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, күнбағыс майы, қарақұмық. Осы 6 өнімнің әр облыс орталығының 6 айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін тауар сатып алуға бізге тапсырма берілді. Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүріп жатыр және мәслихаттың тұрақты бақылауында тұр. Айналым схемасы есебінен тұрақтандыруға берілген қаражат облысты қамтуға жеткіліксіз болғандықтан, белгілі бір есеп жасалды. Осы есеп бойынша 190 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қаласының 1 айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджеттен қаржы сұралды. Біз бұл қаражатты игергенде 2021 жылы қарыз берілген кәсіпкерлік субьектілерінің өнімдерінен бөлек жаппай тұтынатын сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа сияқты тапшы, нарықта тез көтеріліп кететін және маусымға тәуелді тауарлар өндіретін кәсіпкерлік субьектілеріне берілетін болады. Бұл мәселе осы айда мәслихат сессиясында қаралады. Мәселе оң шешімін тапса, қаражат тікелей тауар өндірушіге беріледі.

Жалпы, қаланың 6 айлық қажеттілігінің (онда ең қажетті, әлеуметтік маңызды деген азық-түлік өнімдер) қамтамасыз етуге 20 млрд-тан көп қаржы керек екен. Ондай қаражат бөлінбейді. Сондықтан біз қаржыны тиімді пайдалану үшін 1 айға қарастырып, оны айналым жүйесіне беруді көздеп отырмыз. Яғни, 1,5 млрд теңге қаржы 1 айдың 30 пайыздық қажеттілігін қамтамыз етуге айналым есебіне беріледі. Кәсіпкер бұл ақшаны айналдырып өз бизнесін жүргізуге пайдаланып, есесіне жыл бойы арзан бағада әлеуметтік дүкендеріміз бен бұрыштарымыздың сауда сөрелерін толтырып отырады. Бұл бізге де кәсіпкерге де тиімді. Біз бюджет қаржысын барынша тиімді жұмсауға тырысамыз.

Бағаны тұрақтандыру үшін көп жұмыс керек. Қаладағы 13 дүкен әрине мәселені толық шешпейді. Дүкендердің санын көбейтуіміз керек. Сол үшін жер телімдері бөлініп жатыр. ӘКК теңгерімінде жеке қойма жоқ. Әзірге жеке кәсіпкерден жалға алып отырмыз. Осы мәселені шешу үшін тағы бір жеке кәсіпкерді тартып жатырмыз. Біз оған жер телімін ұсынып отырмыз. Ол өз қаржысымен сауда-логистика орталығын салады. Талапқа сай: бакалеялық, көкөніс қоймалары және наубайханасы болады.Осы кешенді қойма ашылған кезде қордың өнімін де сақтайды, бағаны тұрақтандыруға біршама әсері болады деп ойлаймын».

ШАРУАЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА ТЫРЫСАМЫЗ

Нұрбол Бекмұратов, Облыстық ауылшаруашылығы басқарма басшысының орынбасары,

«Мемлекет басшысы Парламент отырысындағы мәлімдемесінде шаруалардың субсидия алуын жеңілдету, оның ашық болуын және азық түлік қауыпсіздігі мәселесін шешуді тапсырған болатын. Бұл бойынша облыста қазір бірқатар шаралар қолға алынды.

Елімізде субсидияға жауапты орган Ауыл шаруашылығы министрлігі. Жуырда министрлік жанынан арнайы жұмысшы тобы құрылды. Олар субсидияның тиімсіз бағыттарын қысқартып, ашықтығын мейлінше арттыруды қарастыруда. Облыс тарапынан біз де ұсынысымызды жасадық. Тұқым шаруашылығы, пестицид, гербицидке берілетін субсидия түрлерін біріктіре отырып, есесіне гектарына төленетін субсидия көлемін көбейтуге ұсыныс бердік. Яғни, 4 бюджеттік бағдарламаны 1 бюджеттік бағдарламаға біріктіруді ұсынудамыз. Бұл өз кезегінде нарық қажеттілігі мен баға тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында нақты қажет дақылдарды егуге бағытталған жоба болмақ.

Бүгінге дейін шаруалар ауылшаруашылығы техникасын алатын болса, жылыжай салса, қойма салса 17 %-нен несие берілетін де, жергілікті әкімдік оның 10 %  субсидиялайтын. Бұл шаруаларды келісімшарт жасап, банк пен әкімдіктің арасында сабылып, көп қағазбастылықпен шаршатады. Сондықтан, мұны да жеңілдетіп тікелей 7 % бен, техникаға тікелей 4-6 % бен несие алу механизмін енгізуге ұсыныс бердік. Осының барлығы шаруаларымызды қолдауға бағытталған шаралар.

Алдағы 3 жылда азық түлік қауіпсіздігін түбегейлі шешу бойынша шаралар қолға алынды. Облыс бойынша ӘМАТ тізіміндегі 19 түрлі тауардың барлығын өзіміз қамтамасыз етеміз, тек құс еті мен жұмыртқамен ғана облыс жұртшылығын қамти алмаймыз. Құс еті 32, жұмыртқа 41 % болатын. Енді осы бағытта жұмыс жүруде, кем дегенде оны 15 %-ға арттыру бойынша тапсырма аудан әкімдеріне берілді. Құс еті бойынша 4 ірі жоба, құны 2,5 млрд жоба жасалып жыл соңына дейін жүзеге асатын болады.

НАРЫҚ пен ХАЛЫҚ

Азық-түлік бағасына қатысты халықтың пікірі қандай? Тұтынушы құқығы қорғалған ба? Базарға, супермаркеттерге барып тұтынушылармен тілдескен едік.

Балғабек, қала тұрғыны: – Мен біраз жыл астанада тұрып келген едім. Ол жақта супер маркеттен алатынбыз. Өйткені арзан болатын, мұнда арзан өнімді іздеп базар жағалауға мәжбүрміз. Базар аралау уақытыңды алады. «Әлеуметтік дүкен» дегенді естімеппін.

Қ. Нұрхатқызы; қала тұрғыны: – Азық түлік бағасы қалыпты деп ойлаймын. Күздің соңғы айларында біршама көтерілген еді. Қазір тұрақтады. Басқа жақтармен салыстырғанда бізде арзан.

Шерхан, қала тұрғыны: – Әлеуметтік дүкен дегенді білмеймін. Арзан азық-түлік көтерме сауда нүктелерінде ғой. Картоп-пияз, сәбізді «Магнумнан» аламыз. Өйткені ол жерде арзан әрі сапалы. Кейде «Шапағаттан» аламыз. Сосын «Кәусар» супермаркеті арзандау ұстайды бағаны, «Алма» супермаркетінде қымбаттау. Жалпы, базарда ғой азықтың арзаны, бірақ оған баруға ұдайы уақыт бола бермейді.

А.Кеңесұлы, қала тұрғыны: – Азық-түлікті көбіне «Жан» супермаркетінен аламын. Сосын «Магнумнан» аламыз. Себебі онда арзан әрі сапалы. «Әлеуметік дүкенді» білемін. Осыдан екі жыл бұрын «Жеңіс» саябағы жанындағы және «Азиз» базарының жанында сауда нүктелері болды. Солардың бірінен 1 пакет (3-4 кило көлемінде) пияз алған едім. Үйге келіп қарасам, сол күйі жарамсыз болды.Тастауға мәжбүр болдық. Содан кейін ол дүкендерге бас сұққан емеспін.

Рәзия, «Отырар» мөлтекауданы тұрғыны: – «Әлеуметтік дүкеннің тұрақты тұтынушысымын. Белгіленген азық-түлік өнімдері бар бұл дүкенде. Базардан арзан. Нанды, картоп-пияз, жұмыртқаны осы жерден аламын. Сапасы бағасына қарай ғой, енді. Басқасын «Молшылықтан» аламыз. Базарды ұзақсынатын болдық қой, бүгінде.

Түйін

Қаладағы 13 әлеуметтік дүкенде тізімдегі 18 (сиыр етінен басқа) түрлі өнім нарықтан төмен бағада сатылып жатыр. Картоп-сәбіз –100 теңге, пияз –70, қырыққабат –110, жұмыртқа – 34, нанның бөлкесі 70 теңгеден.ақ. Бірінші дүкеннен картоп алуға ниеттеніп едік қорап түбінде аз қалған картоп солғындау көрінді.Сатушы жігіт: «дүйсенбі келсеңізші, сол күні жаңа түсім болады», деді. Екінші дүкенге келсек картоп қабымен тұр екен. «Қанша алуға болады», деп едік «әр адам 5 килодан ала алады» деді сатушы. Жөн екен деп қалтаны қолымызға алдық. Алайда, бір қаптан 1,5 килоны әзер теріп алдық. Шірімесе де, үйге жеткен соң тез бүлінетін «отходы» көптеу картоп екен. Қапты одан әрі аударыстырып, теруге «зауқымыз» соқпады. Сәбіз де біркелкі емес, пиязы да реңсіздеу. Ұнның қабын 7,5 мыңға алыңыз деді, базарда 9000 теңге. Дүкендерде Қор тарапынан ұсынылған 19 түрлі тауардан басқа да өнімдермен сөресін жайнатып отыр. Сатушы күніне 100-150 бөлке нан, аптасына 5-6 қап картоп-пияз өтетінін, макарон, жұмыртқа, өсімдік майын тиісінше сатылып жатқанын айтты. «Сайрам сүттің» 2,5% -дық сүт-айранын сұрап едік. «Көп алмайды оны, жай өтеді. Жалпы, әлеуметтік тауарлардан бізге пайда жоқ, дүкенін пайдаланып отырғандықтан сатып береміз», деді. Әрине, сол бағада майлы қолдың сүті тұрғанда оны қайтсін, тұтынушы. Өтпейтін тауарын ұсынып отырғаны ма, қалай сонда? «Сайрам сүт» шын жомарт болса, 15-20 %-дық дәмді қаймақтарын неге арзан бағада ұсынбасқа тұтынушыға? Әзірге қалада дүкендер саны аз. Ондағы тауар тауыққа тары шашқандай немесе теңізге тамшыдай деуге келеді.

Жуырда қала әкімдігіндегі жиыннан тағы да 20 әлеуметтік дүкен ашылатынын естіп, қуанып қалдық. Алайда, бұл да бағаны тұрақтандыруда толық шешім болмауы кәдік. Бәлкім, «Эко базар» жұмысын жандандырып, өндірушіден тікелей ұсынылатын жәрмеңкелерді жиі өткізу керек пе? Көңілдегі көрікті ойды базардағы баға бұзар. Иә, бағаны базар белгілейтіні анық…

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист.