ТҮРКІСТАН: МУЗЕЙ — ТАРИХ АЙНАСЫ
Музей тарихи- ғылыми деректерді, көне заман ескерткіштері мен олардың үлгі нұсқаларын, өнер туындыларын, мәдени құндылықтармен қатар көптеген мұраларын зерттеп жинақтаушы, сақтаушы болып табылады. Мұраларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып, солардың негізінде жастарға жалпы қоғам мүшелеріне тәлім-тәрбие беретін, ғылыми, мәдени және рухани мекеме ретінде есептеледі.
Музей — музаға арналған орын, грек тілінен аударғанда муза ғибадатханасы деген мағынаны білдіреді. «Музалар» — деп гректерде өнер туындыларын айтады. 18 мамыр — Халықаралық музей күні болып саналады. Атаулы күн 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің бас конференциясында Халықаралық музейлер кеңесін (International Council of Museums- қысқаша ICOM) дүниежүзінің музей ісі мамандары 1946 жылы құрылған болатын. Ұйымның мақсаты -табиғи және мәдени жәдігерлерді сақтай отырып, өткен мен келешекті байланыстыру, халықтар арасында өткен заманның мұраларын танымал ету. Адамзаттың музейден алатын әсері өте зор, өткен заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен. Көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгірту арқылы белгілі бір дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысамыз. Музей өзінің жаратылысы жағынан ғылыми-зерттеу және мәдени — ағарту мекемесі болып табылады.
Тарих беттерін парақтап қарайтын болсақ, Қазақстанда музейлердің пайда болуы мен қалыптасуы 19 ғасырда бастау алған. Бұл кезеңде патша үкіметінің бұғауында болған қазақтың кең байтақ жерін бір жағынан отарлаушылар сүліктей сорып жатса, екінші жағы отарлаушы елдің алдыңғы қатарлы, озық ойлы өкілдері бірі жер аударылып, енді біреулері үкіметтің тапсырысымен осы өлкені зерттеу мақсатында ағылып келіп жатты. Жергілікті өкілдерінің арасынан шыққан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар аз болған жоқ. 19 ғасырда Қазақстан территориясында бірқатар өзгерістер желісі музейлердің де пайда болуына септігін тигізді. Деректерге қарайтын болсақ Қазақстан жерінде алғашқы музейлер Орынборда(1831), Семейде (1833), Жетісуда(1897), ашылған екен. Музей жұмысының негізгі бағыты оның қорлары, дәлірек айтқанда қорда жиналған музейлік заттар арқылы жүзеге асырылады. Музейлік зат дегеніміз — музей қорындағы, белгілі бір тарихи кезеңге тиісті, шынайы өмірден алынған, ұзақ мерзім сақталатын, оның міндеттерін жүзеге асыруда қолданылатын музейлік құны бар зат. Музейлер бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын мен өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар, жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын және мәдениетін танытып отырады.
Музей — ел тарихы, ұлттың көне менталитеті, дүниежүзі мәдениетінің қайнар көзі тоғысатын жер. Өйткені, музей қорларында да орналасқан әрбір мұраның, жәдігерлердің астарында сол жеке мұра тарихы ғана емес, осыған байланысты болатын кез-келген халықтың жүріп өткен ізі, тарихы жатыр. Музей жұмысының басты бағыттарының бірі бұл-ғылыми зерттеу және жинастыру болып табылады. Жәдігерлер жерде қалмасын деген ұранмен, қазіргі таңда музейлерде «Музейге сый акциясы» деп аталатын іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Акцияның мақсаты-ұлттық тарихи мәдени мұраларды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан құнды заттарды кәсіби тұрғыда сақтау. Ата бабаларымызды әйгілейтін мұраларды жоғалтпай сақтап, бала тәрбиесіне пайдалануға, келешек ұрпаққа мұра ретінде қалдыруға музей жұмысының алар орны ерекше.
Музей ол қоғам мен оның дамуына қызмет ететін, халық үшін ашық, коммерциялық емес мекеме, ол білім беру, танымдық және сауықтыру мақсатымен адамның материалдық құндылықтарын сақтайтын, зерттейтін, танымал қылатын және экспонаттайтын мекеме. Музей заты (экспонат) деп ғылыми, көркемдік, тарихи құндылығы бар заттарды атайды, олар музейде сақталады. Музей заттары халықтың мұрасы болып табылады. Жалпы музей экспонаттары -халықтың тарихы мен өнерін қамтитын талай замандарының тірі куәсі. Музей тарих қоймасы, өмір айнасы. Яғни, музей бұрынғы мен қазіргі рухани мәдениетті сақтап, насихаттайтын киелі орын деп есептеледі. Сондықтан музейді өткен мен болашақты жалғастырушы орда деп қарастыруға әбден болады. Музей өткеннің шежіресі, тарихы құндылықтардың ордасы болып қала бермек!