Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормасы екі есе ұлғайтылды

83

Түркістан облысының тұрғындарының назарына еліміз бойынша мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормасы екі есе  ұлғайтылғандығын мәлімдейміз. Ал есту қабілеті нашар 4 мың адам үшін ымдау тілі маманының қызмет көрсету уақыты екі есеге өсті. Мүгедектігі бар 55,2 мыңнан астам адамды қазіргі заманғы гаджеттермен қамтамасыз ету үшін оңалтудың техникалық құралдарының тізбесі 32-ден 55-ке дейін кеңейтілді. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер порталын енгізу жұмысы басталды. Портал мүгедектерге оңалту қызметі мен құралдарын жеткізушілерді өз бетінше таңдау мүмкіндігін ұсынады. Мүгедектер кез келген медициналық ұйымда амбулаторлық және стационарлық көмек алуға құқылы.

Ендігі кезекте білім саласындағы мүгедек балаларға жасалатын жеңілдіктер жөнінде айтамыз. Қазақстанда мүгедек балалар басқа балалармен бірдей білім алуға құқылы. Қазіргі таңда балабақшаларда ерекше білім беруге қажеттілігі  бар 27 мыңға жуық бүлдіршін тәрбие алуда. Оның 1000-нан астамы – инклюзивті балалар. Мектептерде ерекше білім беруге қажеттілігі бар 63 мыңнан астам бала оқып жүр. Олардың 27 мыңы инклюзивті форматта оқиды. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 2500-ден астам бала білім алуда. Білім және ғылым министрлігі мүгедек балалар үшін 68 мамандық бойынша арнайы бағдарламалар әзірлемекші. Биыл 20 мамандық бойынша жұмыстар басталып кетті. Мектептер мен колледждерге жан басына қаржыландыру әдістемесіне ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар үшін екі есе төленетін коэффициент қарастырылған. Еліміздің 17 жоғары оқу орнында дефектология мамандығы бойынша бакалавриатқа грант саны 250-ден 400-ге дейін көбейді. Алғаш рет магистратураға 110, докторантураға 30 орын бөлініп отыр. Барлық педагогикалық мамандықтар бойынша инклюзивті білім беру пәні – міндетті. Алғаш рет педагогикалық колледждерде коррекциялық дене шынықтыру мұғалімі мен мектепке дейінгі логопед квалификациялары енгізіліп, осы жылы оқыту басталды. Қазақстанда бұған дейін ондай мамандар болмаған. Техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарында I, II топтағы және бала кезінен мүгедек балаларға бір пайыздық қабылдау квотасы арқылы гранттар қарастырылған. Көру, есту қабілеті бұзылған балалар жоғарғы мемлекеттік шәкіртақы алуға құқылы.