ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ДА ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ ЖӘНЕ ӘЗІРБАЙЖАН ЕЛІ ШЫМКЕНТТІКТЕРГЕ ТӨРІН ҰСЫНДЫ

501

Шымкентте қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері бас қосқан «Жаңа саяси реформалардың перспективалары» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Басқосудағы негізгі мақсат  үкіметтік емес ұйым өкілдері қарапайым халықтың талап-тілегін тыңдап, жауапты органдар тарапына жеткізу. Осы орайда айта кету керек, азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол.

Олардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Атап айтар болсақ, адам құқығын қорғау мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қозғалған тобын қорғау секілді шаралармен айналысады. Жалпы үкіметтік емес ұйымдар айналысатын салалар өте көп.

–   Халық пен биліктің арасында «алтын көпір» рөлін атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жақсартуға, ел дамуына қажет ұсыныстарды талқылауды көздеп отырмыз. Алда бірлесіп атқаратын жобалар көп. Барлығымыздың көздегеніміз – халықтың тұрмысын жақсарту, – дейді Шымкент қалалық Азаматтық Альянс төрағасының орынбасары Жанетте Жазықбаева.

Жиын соңында Конституция күніне және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай бірқатар ардагер әскери қызметкер мерекелік медальмен марапатталды.

ӘЗІРБАЙЖАН ЕЛІ ШЫМКЕНТТІКТЕРГЕ ТӨРІН ҰСЫНДЫ

Бакуде бүгінде  “Шымкент қаласының күндері” өтуде. Оны Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастырса, Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшілігі қолдады.

Биыл Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Айтулы датаға орай Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында «Welcome to Kazakhstan» атты еліміздің өңірлерінің қатысуымен туристік-мәдени күндер өтуде.

Осы мақсатта бір аптаға жоспарланған “Шымкент қаласының күндері” аясында Оңтүстік өңірдің қонақжайлылығын, гастрономиялық тағамдарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен таныту жоспарланған. Шымкент делегациясының құрамында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар бар.

Ерлан Қыдыров екі елдің тарихи-мәдени құндылықтарының ұқсастықтарын сөз етіп, өткен айда ұйымдастырылған Туристік ақпараттық орталықтардың I слетінде Әзірбайжан елі оң көзқарас танытып, белсенді қатысқанын айтып өтті.

Жалпы, келушілер тек қаланың туристік әлеуетін танып қана қоймай, “Сандық” ресторанының ұлттық тағамдарын, Майра Мұхамедқызының опералық әндерін және Бағжан Октябрьдің виолончельмен тартқан әуендерін тыңдап, “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығы ұсынған VR-көзілдірік арқылы виртуалды Шымкентке көз жүгіртті.

Іс-шара мақсаты — қаланың ерекше тұстарын көрсету арқылы Әзірбайжан тұрғындарын Шымкент қаласының туризмін дамытуға шақырып, жалпы туристер легін арттыру.