ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ САЗГЕРІ

101

Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ақжайық» музыка мектебінде композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджановтың 75 жылдығына орай «Түркі әлемінің сазгері» атты кеш өтті. Биыл Төлеген Мұхамеджанов мерейлі 75 жасқа толды.

«Бисұлтан би» ансамблінің «Ерке сылқым» биімен басталған кеште талантты режиссер Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» фильмінен көрініс қойылды. Тоқсаныншы жылдары талғампаз көрерменнің жүрек төрінен орын алып, шынайы махаббаттың көрінісін бейнелеген «Махаббат бекеті» композициясының авторы Төлеген Мұхамеджанов болатын. Төлеген Мұхамеджанұлы тек махаббат әнін жазатын композитор болып қана қалған жоқ, ол симфония, опера, камералық шығармалар жазып, қазақ өнерінің классикалық үлгісін дамыта білді.

Қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев құттықтау сөз сөйлеп, өнер иесінің шығармашылық кешін өткізіп отырған қалалық мәдениет үйінің ұжымына алғысын жеткізді.

Сондай-ақ, кеш барысында филология ғылымдарының кандидаты, доцент, облыстық Әжелер алқасының төрайымы Балтагүл Оспанова, ҚР Білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбек сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.

Сонымен қатар, сазгер, республикалық, облыстық сазгерлер байқауының жүлдегері Болат Мұсабеков, ҚР Мәдениет қайраткері, өнертану доценті, әнші, сазгер Сауран Елеуов, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор, сазгер Бекжігіт Сердәлі, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, әнші Қаламқас Өтеуова, сазгер, әнші Шерхан Әлібековтер құттықтау сөз сөйлеп, әріптес өнер иесіне шығармашылық табыстар тіледі.

Айтыскер ақын Тұрар Тлеулиев Төлеген Мұхамеджановқа арнаған арнау өлеңін домбырада шырқады.

Композитордың шығармашылығына арналған кеште қалалық мәдениет үйінің әншілері Төлеген Мұхамеджановтың «Мен сенімен кездестім», «Құс жолы», «Аяулым», «Қимай сені барамын», «Мен деп ойла», «Іңкәрім ай» және т. б. әндерін құйқылжыта шырқады.

Ендеше, біз де ұлттық музыка өнерінде айшықты қолтаңбасы бар белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджановқа шығармашылық табыстар тілейміз.

 

Ләззат САРЫБАЕВА.