«САУРАН ТАЛАНТТАРЫ-2023» ӨНЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

121

Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан жоғары көпсалалы колледжінде «Сауран таланттары — 2023» атты өнер байқауы болып өтті.

Аудандық өнер байқауына аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев арнайы қатысып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.

— Жас шыбықты қай бағытқа қарай исең, сол бағытпен бой түзейді. Өнерлі жастардың танымдық қызығушылығын, сахна мәдениетін, өзін-өзі тану қабілетін қалыптастыру үшін мұндай байқауларды көптеп ұйымдастыруымыз керек. «Ел іші — өнер кеніші» дегендей талантты жастар ауылдан шығады. Біздің мақсат — сол таланттарды шыңдауға жол ашу. Ауданның атын шығарып, биік белестен көріне беріңдер,- деді Серік Өмірханұлы.

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған өнер байқауына 12 ауыл округінен 38 өнерпаз қатысты. Байқау ән және поэзия жанры бойынша өтті.

Әділ қазылардың әділ шешімімен ән жанры бойынша I-орынды Оранғай ауыл округінен қатысқан Аружан Оразбаева иемденсе, Бабайқорғандық Балжан Мұсақанға ІІ-орын бұйырды. Ал III -орынды Жүйнек ауылының тұрғыны Ғиесиддин Рахмиддинов қанжығасына байлады.

Поэзия жанры бойынша І-орын Шекербұлақтық Альвина Тұрабайға бұйырса, Теке ауылының тұрғыны Ақерке Исмайлова ІІ- орынды қанжығасына байлады. Бабайқорғандық тағы бір өнерпаздың бағы жанды. Ол III- орынды иемденген Аяулым Оразмұрат.

— Байқаудың басты мақсаты — жастар саясатын жүзеге асыру. Мәдениеттілік, рухани-адамгершілік, өнерге, білімге деген шығармашылық ізденістерін осындай өнер байқаулары арқылы дамытамыз. Өнер байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады,- дейді ұйымдастырушылар.

«Сауран – ақпарат».