ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫН ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

77

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына іссапарында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Бұл бағыттағы ізденістерді жалғастыруды, тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаны сапалы жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті өнім шығару керектігін айтты. Жергілікті әкімдік пен жауапты басқармаға жобаға қолдау көрсетуді тапсырды.

– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Аудан, ауыл әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы жобаның тиімділігін елге түсіндіріп, өз істерін бастауға қолдау көрсетіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Бүгінде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ — на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21 млрд. теңгені құрайтын 4 060 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 3690 жоба қаралып, жалпы соммасы 17,6 млрд. теңгені құрайтын 2954 жоба мақұлданды. 13,3 млрд. теңге көлеміндегі 2 236 жоба қаржыландырылды.

Ал Сауран ауданында 4 ауылдық округ таңдалған. Ауданда 260 жоба бойынша өтініш түскен. 1108,63 млн. теңге көлемінде 174 жоба мақұлданған.

Облыс аумағында жобаны іске асыру нәтижесінде, 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады және тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.

Өңір басшысы Сауран ауданы, Ескі Иқан елді мекенінде болды. Осында орналасқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде «Сауран сүт» сүт өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны – 400 млн. теңге. Мұнда жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдері шығады деп жоспар-ланған. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкерлер өнімдерін Түркістан және Қызылорда облыс-тарына өткізуді межелеп отыр.

Өңір басшысы Ескі Иқандағы М.Юлдашев атындағы спорт мектебінде болды. Жас спортшылармен кездесіп, үстел теннисін ойнады. Бүгінде аталған спорт мектебі жанынан 200 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Инвестор бұл жобаға 350 млн. теңге жұмсамақ.

Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Авиценна» емханасында болды. Жекеменшік емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқарлы. Медициналық орталық 100 адамды жұмыспен қамтиды. Заманауи орталық соңғы үлгідегі қондырғылармен қамтылған.

Аталған нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды ауылды өркендетуге үлес қосатын инвесторларға қолдау көрсетуді жалғастыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұстарын қолдану керектігін айтты. Аудан әкіміне елді мекендерді дамыту жөнінде тапсырма берді.