ТҮРКІСТАНДА КҮШ АТАСЫНЫҢ КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

197

Түркістан қаласында тарихшылар мен зиялылар бас қосқан жиын өтті.  Қазақтың атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі үш тілде баяндалған «Күш атасы – Қажымұқан» кітабының таныстырылымын Түркістан облысы Жазушылар Одағының төрағасы Айдар Сейдазым ашып, жүргізді. Бұл кітаптың бастамашысы — Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған марқұм Қосман Қайыртайұлы еді. Идеяны Нұрбол Тұрашбеков қолға алып, аманатты аяғына жеткізді.

Конференцияны ашқан Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы:

— Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы — кейінгі ұрпаққа үлгі. Біз осындай тарихи тұлғаларымыздың ғұмырын насихаттау арқылы кейінгі ұрпақты дұрыс жолға бағыттауымыз керек. Бүгінгі жиынымыздың негізгі мақсаты да осы, — деп атап өтті.

Палуан өмірін терең зерттеп жүрген отырарлық Бекжан Бейсенбай тың деректермен бөлісті. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі Нұрлан Айдарханұлы, шөбересі Меруерт Ескермес сөз алып, конференцияның мәніне тоқталды. Сонымен қатар, кітаптың қашан да рухани мұра ретінде сақталып, тарихты қалыптастыруда алатын орны туралы пікірлерін білдірді. Журналист Әсет Әссанди кітаптың аудармасын әлі де жетілдіру бойынша ұсыныстар айтты.

Шара аясында ақын-сазгер Құрманәлі Жылқыбайдың Қажымұқанға арнаған әні шырқалып, жиынға қатысушылардың көңілін серпілтті. Нұрбол Әбдісаттарұлы ұлыларды ұлықтау шаралары киелі Түркістанда тұрақты  жалғасатынын айтып, жиынға қатысушыларға алғысын білдірді.