ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ЕРКЕБҰЛАН ҚАЙНАЗАРОВ «АЛТЫН ДОМБЫРА – 2022» ИЕГЕРІ АТАНДЫ

253

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы анықталды. Түркістан төрінде өткен аламан айтыста әділ қазылар шешімімен Түркістан өңірінің тумасы Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыраның» иегері атанды.

Жеңімпазға «Алтын домбыра» мен 3 млн. теңге тапсырылды. Аты аңызға айналған өнер қайраткері Асанәлі Әшімов пен ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Алтын домбыраны» Еркебұлан Қайназаровқа салтанатты түрде тапсырды. Қазылар алқасының мүшелері жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарды марапаттады.

Танымал ақын Рүстем Қайыртайұлы (Алматы) жүлделі І орынды (2 млн.теңге), Біржан Байтуов пен Шұғайып Сезімхан ІІ орынды (1 млн.) ,Талғат Мықи (БҚО) мен Хазірет Бердіхан (Алматы) және Мөлдір Айтбай (Қызылорда) ІІІ орынды (750 мың) иеленді. Алтын домбыраның 500 мың теңгелік арнайы жүлдесі Нұрлан Есенқұловқа (Түркістан), Арғынбек Қалбаевқа (Маңғыстау) және Қалижан Білдәшевке (Шымкент) бұйырды. Өзге де қатысушы айтыскер ақындарға 300 мың теңге табысталды. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның шешімімен Біржан Байтуов пен Рүстем Қайыртайұлы «Айтыстың ақтаңгері» атанды.

Доданың қорытынды кешінде Нұрғиса Мұратұлы бірқатар ақындарға, атап айтқанда Шалқарбай Ізбасаровқа, Хазірет Бердіханға, Шынберген Сүлейменовке, Қалижан Білдәшовке, Тұрар Тілеулиевке, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

– Биыл 11-ші рет өтіп жатқан «Алтын домбыра» айтысы қасиетті Түркістанда өтіп жатыр. Оның себебі «Алтын домбыра» айтысының заңдылығына сәйкес, қай облыстың немесе қаланың ақыны жеңімпаз болса, келесі жылы сол өңірде өту бекітілген. Былтыр Түркістан облысының белгілі ақыны Бекарыс Шойбеков иеленуіне байланысты «Алтын домбыраны» шаһардағы «Ұлы Дала Елі» орталығында бір жыл бойы көрермендер тамашалай алды, – деді вице-министр Нұрғиса Мұратұлы.

Ал өнер майталманы Асанәлі Әшімов өз сөзінде «Түркістан – ер түріктің бесігі» деп Мағжан Жұмабаев жырлаған ұлы, тарихи қалада «Алтын домбыраны» өткізейік деген шешім қабылданды. Онысы дұрыс. Атағы мен абыройы бар ақындардың жақсылары келіп, халыққа осында өнер көрсетті. Биыл Еркебұлан бас жүлдеге ие болды. Құтты болсын. Түркістан халқының әл-ауқаты түзеліп, мәдениеті көтерілсін деп тілеймін. Ел аман болсын!» деп тілегін білдірді.

Еркебұлан Қайназаров ұсынысымен биыл да «Алтын домбыра» Түркістан қаласында қалады. Айтыс сүйер қауым алдағы уақытта «Ұлы дала елі» орталығы экспозициясынан тамашалай алады.

– «Алтын домбырада» тек жеңімпаз болу емес, абыроймен өнер көрсетуден артығы жоқ. Сондықтан бірнеше жыл бойы осы айтысқа қатысып келеміз. Туған жерге келгенде бұйырғанына қуаныштымын. Көрермендерге, жанкүйерлерге, түркістан жұртына жалпы баршаға алғысым шексіз, – деді жеңімпаз.

Биылғы айтыс ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып отыр. Жыр додасына еліміздің әр өңірінде жыл бойы өткен айтыстарда жеңімпазы атанған 18 танымал ақын бақ сынады. Екі күнге жоспарланған аламан айтыста айтылған шумақтар халықтың көңілінен шықты.

Айтыстың ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, үздік ақындарға сәттілік тіледі. Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізіп, айтыс сүйер қауымның Жүрсінін жоқтатпады.

Алғашқы күні 9 жұп өнер көрсетіп, әділ қазылардың бағасына ие болды. Айтыстың екінші күнінде жартылай финалға өткен 10 ақын көрерменге нағыз айтыстың үлгісін көрсете білді. Тартысты доданың ақтық финалына Біржан Байтуов пен Рүстем Қайыртайұлы және Еркебұлан Қайназаров пен Шұғайып Сезімхан жолдама алды.

Айтулы шараға көрнекті өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Халық артисі, «Отан», «Құрмет», «Қазақстанның Еңбек Ері» ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов (төраға), ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, ҚР Президентінің әдебиет саласындағы президенттік стипендиясының иегері, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, «Құрмет» орденінің иегері Нұржан Светқали, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, Қадыр Мырза Әли атындағы «Мәдениет және өнер» орталығының директоры Бауыржан Қалиолла, айтыскер акын, ҚР Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков төрелік етті.

Айта кетейік, жыр додасының негізгі мақсаты қазақ айтыс өнерін, соның аясында өңір музейлерін, сонымен қатар салт-дәстүрлерді кеңінен насихаттау болып саналады. Республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысы 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.