Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан қаласының әкімі: “ЖҰМЫСТАРҒА ТОҚМЕЙІЛСУГЕ БОЛМАЙДЫ…”

559

Түркістан қаласында соңғы екі жылда 305 шақырымды құрайтын 296 көшеге тас төселді.Оның ішіндегі 56 шақырымды құрайтын 53 көшесінде — коммуникация жүргізіліп қазылуы себепті жүзеге асты.
Мен бұл көрсеткішті өткен жылғы жұмыстарға тоқмейілсу емес, биылғы жұмыс екпінін осы деңгейден түсірмеу межесі деп қабылдаймын.

Алдымызда қаламыздың инфрақұрылым жүйесін дамыту және қала тұрғындарына қолайлы жағдай ұйымдастыру мақсатында сарқынды су жүйесімен жүз пайыз қамтамасыз ету міндеті тұр. Жүйе құбыры белгілі бір тереңдіктен өтетін болғандықтан, жер қазу жұмыстарының жүргізілуі қалыпты жағдай. Әрине, құрылыс жұмыстары жолдың сапасына кері әсерін тигізіп, бірқатар қолайсыздықтар туғызуда. Алайда, бұл қолайсыздықтар уақытша құбылыс екенін атап өткім келеді. Қазіргі таңда біз мердігер мекемелердің әсіресе жолдарды қалпына қайта келтіруін қатаң қадағалауға алдық.

Ескертуге немқұрайлы қараған мердігер мекемелерге талап заң аясында қойылуда. Соңғы екі жылда инфрақұрылым жүйелерінің құрылысын жүргізген жалпы 19 мердігер мекемеге қала әкімдігі тарапынан ескерту жолданып, 154 кемшілік қайта қалпына келтірілген. Соттың шешімімен 5 млн.-нан астам айыппұл өндіріліп, екі мердігер мекеме жосықсыз деп танылды. Бұл шаралар өз кезегінде мердігер мекемелердің де жауапкершілігін арттыруға септігін тигізіп келеді.

Бүгінгі кезекті апталық мәжілісте жол саласы кеңінен талқыланды. Тиісті тапсырмалар берілді. Орындалуының мерзімі белгіленіп, бақылауға алынды.
Әлихан Бөкейханов «Әр нәрсенің амалын біліп, өз орнына жұмсағанда ғана іс көркейеді» дейді. Елдің көркейту – баршамызға ортақ мұрат.
Тек, ерге – қажыр, елге сабыр берсін, қадірлі жерлестер!