ПРЕЗИДЕНТ АЙТҚАН ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ ҚАҒИДАТЫ ҚАЛЫПТАСАДЫ

207

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесін жасады. Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды.

Сонымен қатар, мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтетін хабарлап, кандидаттар мен саяси партияларға тыңғылықты дайындалуына біршама уақыт берілгенін ескертті. Бұл кезекті сайлау әділ әрі ашық бәсекеге жол ашып, мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатынын атап өтті. Сондай-ақ, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша және депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, қалған 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтетінін жариялады. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс беретіні айтылды. Осылайша мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталып, сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалып, өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келетініне сенімділік тумақ.

Сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізіліп, партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайып отыр. Сонымен бірге, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдер мен жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлінді. Бұл — саяси бәсекені күшейтіп, жаңа буынының қалыптасуына жол ашады. Президент Қ.К.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты осылай қалыптаспақ.

Мен де барша отандастарымды 19 наурызда өтетін азаматтық жауапкершілікпен мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене араласуға шақырамын.

Полатбек ТЛЕНОВ,
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ң Келес аудандық филиалының басшысы