ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ АЛТЫ ЕЛДІМЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛАДЫ

455

Шымкентте жергілікті халықты сапалы көгілдір отынмен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін Тассай, Тұран, Асар-2, Сәуле, Қайнарбұлақ, Солтүстік саяжай, Бозарықта газ құбырларын тарту жұмыстары аяқталып, аталған алты елді мекен халқы табиғи газбен қамтылады. Бұл туралы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков өз саласы бойынша әкімге есеп беруі жиынында баяндады.

Қазір қала әкімдігі тарапынан тағы да 8 елді мекенді толық табиғи газбен қамту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.

Айта кетейік, мегаполисте былтырғы жылы тұрғындарды электр энергиясымен қамту көрсеткіші де едәуір артқан болатын. Қаланы дамытудың жоспары аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы Солтүстік саяжай, Тұран-2, Сәуле, Жаңаталап, Нұртас, Достық, Еңбекші (жаңақұрылыстар), Бозарық елді мекендерінен 66 мыңнан астам тұрғын сапалы электр қуатына қосылды.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Батыс, Қайнарбұлақ, Тұран, Нұрсәт, Түркістан шағынаударындағы 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, жергілікті халық сапалы электр жарығына қол жеткізеді.