Сырда туған қайран ер!

477

Ибрагим Әбибуллаев

Сырда туған қайран ер!

 

Белгілі академик, ғалым, «Халық қаһарманы», ақ халатты абзал жандардың ұстазы саналған Мұхтар Әлиевтің туғанына 90 жыл толмақ. Мамандығы бойынша хирург болған азаматтың туған жері – Сыр бойы екенін кейінгі буын біле бермейді.  Өмірге келген өлкесін ұмытпаған атақты дәрігер аймаққа жиі болмаса да, ара-тұра соғып тұрды. Бір сапарында облыстық медицина орталығында науқастың бауырына «экинакок» отасын жасап, күрделі  операцияның бір сағатта сәтті аяқтағанын есіткенбіз. Сондай-ақ мұсылмандықтың парызымен ниет қылған екі кішкентайды сүндеттеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіпті.

Сөз басында айтып кеткендей, Сыр бойында, дұрысы Жаңақорған жерінде дүниеге келген Мұхтар Әлиев Хирургтердің халықаралық ассоциациясының мүшесі, Пирогов атындағы хирургтер ассоциациясының, Нью-Йорк ғылым академиясының және ГФР медициналық білім беру халықаралық академиясының мүшесі болды. Ол – «Халық қаһарманы» атағынан бөлек, Алматы қаласының құрметті азаматы, «Отан» орденінің иегері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Алғыс хатының иегері, «Платиновый Тарлан» сыйлығының лауреаты. Өз қолымен талай адам өміріне шипа әкелген айтулы дәрігер жайлы қоғам қайраткері, еңбек ардагері Ибрагим Әбибуллаев өз естелігімен бөліскен еді. «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Ибрагим ағамыздың бұл әңгімесінен атақты шипагердің тағы да өзгеше қырын байқауға болады.

 

  • Атақты дәрігермен қай кезде жолығып жүрсіз?

Әлі есімде, 1993 жылы ол кісі 60 жылдық мерейтойын атап өтуге туған жеріне келеді деген хабар естілді. Ол кезде мен Жаңақорған ауданында басшылықта жүрген уақытым еді. Әрине, Сыр топырағынан шығып, жалғыз Қазақстан ғана емес, әлем мамандарын өз біліктілігімен мойындатқан атақты хирургпен кездесуді ұйымдастыру аудан басшылығына жүктелетіні белгілі. Облысты басқарып тұрған Сейілбек Шаухаманов ағамыз хабарласып, нақты тапсырма беріп, Мұхтар ағамыз бен жары Мінавар, жанындағы серіктерін күтіп алу жайында ақылдасқаны есімде. Жаңақорғанға басшы болып барғаныма үшінші жыл еді. Мұндай қадірменді қонақтарды күтуде тәжірибеміз жоқ емес. Сейілбек ағадан хабар келген соң ол кісі жайлы өзімше зерттеу жасадым…

– Демек, алдымен кіндік қаны тамған жері Жаңақорғанға аялдаған ғой.

Иә, Мұхтар ағамыздың туған жері Жаңақорған ауданына қарасты қазіргі Талап ауылы маңында «Юбилейный» деген совхоз болатын. Қазіргі атауы «Кеңес» деп аталады. Бұл «Бесарық» су қоймасы жанында орналасқан елді мекендер. Іргелес жатқан қос ауылдың бірі – мал шаруашылығымен айналысса, екіншісі жеміс-жиек өсіретін.

Мұхаңмен алғаш кездесуіміз осылайша Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған еді. Тоқырау уақыты, халық жағдайы да онша емес. Атақты дәрігер жайлы біледі-ау деген туыстарына хабарласып, сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде кездесу өткізу жайлы іс-шаралар жоспарын жасап үлгердік. Туған елге келген соң алдымен осында жатқан ата-анасының басына барып, Құран оқытып, тәу етсін деген ниетпен сапар басын содан бастамақ болдық. Бірақ бір кедергі бар еді. Мұхтар ағамыздың әкесі жатқан жерді ешкім біле қоймады. Уақыт тықсырып барады, сонда да білетін адамды іздестіре бердік. «Сұрай-сұрай Меккеде барарсың» демекші, анығын білетін бір кісіні ақыры таптық. Біреулер «оны білсе, Аманкелді Жұматаев біледі» дегенді айтты. Ол кезде Әлекең аудандық мәдениет саласын басқаратын. Әлекеңмен сөйлесіп, көп жайға қанықтық.

Аманкелді ағамыздың айтуынша, Жаңақорғанға жетпей «Бөрітескен» деген разьезд болған. Мұхтардың ата-анасы сонда тұрып, әкесі темір жол саласында жұмыс істепті. Естіген құлақта жазық жоқ, Әли ақсақалдың да ажалы сол тепловоздан болған деседі. Қорымы да разьезден 2-3 шақырым жерде жатқан көрінеді. Мұны да Аманкелді ағамыз айтты. Өйткені, ол кісінің әкесінің жайы Әли ақсақалмен қатар жатыр екен.

– Қорымды таба алдыңыздар ма?

Әрине, таптық. Аманкелді ағамыз көрсетті. Барғанымызда көргеніміз – тек қураған жыңғылды айқастыра қойған белгісі бар төмпешік. Онда не құлпытас, не қоршау жоқ еді. Расымен, біз басында сене қоймадық. Өйткені, «кімсің, Әлиев» болып тұрған уақытында, атақты адамның әкесінің елеусіз жерде жатуы мүмкін емес қой деген ой бәрімізде болған еді. Құрығанда белгі болуы керек қой. Бірақ Аманкелді Жұматаев ағамыз сендіріп: «Әкемді осында жерледік, дәл қасында Мұхтардың әкесі Әлиді де жерледі»,– деген соң, сенуге тура келді.

Бұл кезде даңқты хирургтің Жаңақорғанға келуіне екі күн уақыт қалған. Қасында әйелі Мінавар және кіші қызы бары да белгілі болды. Сондай-ақ туысы  саналатын, Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов те жандарында екен. Менің есімде қалғаны, ағамыз ол уақытта Ә.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-медициналық орталықты басқарып отырған кезі болуы мүмкін.

– Расымен, дәрігерлер ұстазының әкесі жатқан мәңгілік жайының тым елеусіз қалғаны қиындау екен…

Шынында сондай болды. Мен қайтадан облыс басшысы Сейілбек ағамызға қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірдім. Облыс әкімі Мұхаңмен ақылдасып, көп ұзамай басын қайта қарайтуға шешім қабылдадық. Облыс басшысы Қызылорда қаласына ақ кірпіш (селикат) жібертуге тапсырма беріп, бір «КАМАЗ» жүк көлігімен ол да көп ұзамай жетті. Өзім де орынбасарыма осы жұмыстың басы-қасында жауапты болуын айтып, елдегі ұста жігіттердің басын қосып, Әли ақсақалдың басын қарайттық. Ақ кірпіштен төрт құлақ там тұрғызып, бейіт басына тазалық жүргіздік. Қорым басына дейін баратын жолды да арнайы техникамен тегістетіп, су шашып, жеңіл көлік жүретіндей жағдай істелді.

–  Қонақтар келем дегенше үлгердіңіздер ме?

Үлгердік. Бас-аяғы 24 сағат ішінде жұмысты бітірдік. Шамалы уақыттан соң белгілі азаматтың Қызылорда қаласынан шыққаны туралы хабар келді. Өзім Жаңақорған мен Шиелі арасындағы шекара тұсында, яғни Сунақ ата ауылы маңында өңірге белгілі азаматтармен бірге күтіп алдым. Ауданның бас имамы, тағы да үлкен ақсақалдарымыз бар, Мұқаңды әкесінің басына осылайша апардық қой.

Одан соң аудан орталығынада мен өз отбасымның басынан атынан қонақасы бердім. Мәдениет үйінде кездесу өткізіп, халық атынан ақ боз ат мінгіздік. Басқа да сый-сияпатын жасап, ел-жұрт батасын төгіп жатты. Жиын соңында өзі де сөз сөйлеп, арнайы баяндама оқығаны бар. Елге көп жылдан бері келмегенін тілге тиек етіп, бала күнінен естелік айтып та берді. Жалпы бір білетін нәрсем, Қазақстан медицинасында атақты дәрігерлердің көбі Сыр өңірінен шыққан. Мұхтар Әлиев осылардың ішіндегі ең бірегейі деп айтуға әбден болатын тұлға деп есептеймін.

– Ағамыз бұл сапарында өзі туған, балалық шағы өткен жеріне де соққан болар…

Аудан орталығындағы кездесуден соң «Талап» елді мекеніне барып, туған жеріне соқтық. Ол жақта Исатай Топышов деген ақсақал бар еді. Ол да осы Мұхаңдардың ет жақын ағасы болатын. Жасы тоқсанның ол жақ, бұл жағына келген қария өте бір шежірелі, салт пен дәстүрге өткен тарихты бұзбай айтатын жақсы адам еді. Оның үстіне аудан ғана емес, облыстағы Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов сынды басшылармен тікелей сөйлесіп, ел жайына бейжай қарап жата алмайтын жан. Мен өзім де сол ақсақалға жиі соғып, ақыл-кеңесін тыңдайтынмын.

Сонымен, біз алдын-ала хабарласып, Исатай қария да қуанып күтіп алып, Мұқаңды інім деп бауырына тартып жатты. Сонда қадірменді Исатай атамыз: «Ибрагим-ау, мына Мұхтаржан елге келді, ағайынды жағалады. Енді сендер інімді туған топырағына неге аунатпайсыңдар?»– деген соң, ондай кәде-қауметін де ұмытпадық. Қарияның есік алдында жоңышқалық жері бар екен. Сонда атақты дәрігерді апарып, жайылған кілем үстіне ары-бері аунату рәсімін жасағанбыз. Мұқаң да «елдің салты солай болса, мен де көндім» дегендей, туған жердің топырағына қуана аунағаны бар.

Мұнан соң есік алдындағы үлкен бау ішіне құрылған киіз үй ішінде қонақасы бердік. Барлық ағайын келіп, қолын алып, құрмет көрсетіп жатты. Мен де сол уақытта облыста жүрген Лена Әбдіқалықова мен Серік Ыдырысов сияқты өнерпаздарымызды алдыртқанмын. Екі өнерпазымыз кезек-кезек әнін айтып, жырын жырлап, өзара айтысып, қонақтарды барынша риза етті. Риза болғанының дәлелі сол, Мұхтар ағамыз қолындағы қымбат сағатын Серік бауырымызға тақса, Мінавар жеңгей мойнындағы алтын алқасын Лена қарындасымызға сыйлады. Сол уақытта бұрынғыдай емес, бізбен шешіле отырып әңгімелесіп, кешке дейін отырды.

– Менің бір түсінбегенім, Жаңақорғандағы «Бөрітескенде» туған Мұхтар Әлиевті қазіргі Түркістан облысына да таңатындар да бар. Сонда өскен дегендей…

Оның рас, Мұқаң Жаңақорғанда туғанмен, бала күнінде отбасысы Отырарға көшкен. Мектепті де сонда оқып бітіріпті. Екінші Отаны – Отырар. Сол уақытта біздің ауданнан соң Отырарға тіке кететін болған еді. Біз шекараға дейін шығарып салып, көрші облыстың белгілі адамдары күтіп алды. Арада біраз уақыт өткен соң туған ауылы – Кеңес елдімекеніне мешіт салып, халыққа автобус, су таситын көлік сыйлады. Мешіт имамының айлығына дейін өз қалтасынан төлеп, сондай бір жақсылық жасап кетті.

Мен 1994 жылы Шиелі ауданын басқаруға тағайындалдым. Бір жылдан соң Мұхтар Әлиев «Халық қаһарманы» атағын алды. Сол жылы елдің атынан барып, құттықтап қайтқаным бар.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбат алған Көпен Әмірбек

«ARA-ақпарат»